- Advertisement -

ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСПЕН ҚАБЫЛДАДЫҚ

67

- Advertisement -

Азаттықты алғанымызға 25 жыл толды. Ұлық мерекені бүкіл еліміз өз деңгейінде атап өтті. Қасиетті жұмамен тұспа-тұс келген мерейтой қарсаңында Астананың төрінде дәстүрлі салтанатты жиын өткені белгілі. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қалың елді қасиетті мерекемен құттықтап, «Бұл күн өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн» деп атап көрсетті. Еліміздің егемендік алған күнінен бастап осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерді саралап, болашақ жоспарларымен бөліскен Мемлекет басшысы сонымен қатар, қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңнің оңай болмасын да меңзеді. Елдік танытудың, жұмыла еңбектенудің өте-мөте қажеттігін алға тартты.

Иә, Президентіміздің бұл күнгі «Тәуелсіздік толғауын» зиялы қауым өкілдері, жалпы қоғам ыстық ықыласпен қабылдады. Әсіресе, Мемлекет басшысының өткен қиын-қыстау кезеңдердегі сәттерді еске алып, социалистік идеологиядан арылу керектігін, біртұтас мемлекет, тәуелсіз, егемен ел қалыптастырудағы атқарылған еңбектер туралы айтқаны үлкен-кішіге айрықша ой салып, әсіресе, жастар арасында үлкен серпіліс туындатты.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Тұғыры мығым, мәртебесі биік тәуелсіз Қазақстанды біз бәріміз бірге жасадық. Бүкіл қазақстандықтар болып, әрине, оның ішінде сіздер де барсыздар. Мен бүгінгі мерейлі сәтте ел дамуына үлесін қосқан әр отандасыма айрықша ықыласымды білдіремін. Киелі осы ұлы мемлекет құруда, елді біріктіруге жасаған жұмыс шаруамызда Алатаудың баурайындағы азаттықтың алтын бесігі Алматы бар. Жағасын қарт Каспий толқындары сүйген мұнайлы өлке атыраулық және маңғыстаулық ағайын. Кеншілер мекені қарағандылықтар, байтақ даланың қос жұлдызы сұлу Көкше мен Баянауыл өңірлерінің және шұрайлы Шымкенттің тұрғындары толассыз тер төкті. Жер жәннаты жетісулықтар мен батысқазақстандық бауырлар, асты мен үсті байлыққа толы кенді Алтай өңірі, талай тарихтың куәсі Жамбыл тұрғындары ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сіздердің әрқайсыларыңыздың еңбектеріңіз тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында маған ересен күш-қуат берді», – деген сөздері баршаны егемендікті еңселі ету жолында одан әрі еселі еңбек етуге жігерлендіре түсті.
Осылайша елдік мәселелер көтерілген «Тәуелсіздік толғауы» халықтың қолдауына ие болуда.

Рәш ШӘМЕТҰЛЫ,
ауданның Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support