- Advertisement -

Жыл үздіктері марапатталды

74

- Advertisement -

  Кеше облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен «Достық» үйінде жыл қорытындысы бойынша «Үлкен ел – үлкен отбасы» фестивалі болып өтті. Оған ҚХА мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шын мәнінде де елімізде, оның ішінде өңірімізде де Ассамблея қазақстандықтардың мызғымас бірлігі мен ынтымағын сақтап, нығайту мәселесінде бірегей қоғамдық институт ретінде қалыптасып, даму үстінде. Өңірімізде 80-ге жуық ұлттың өкілдері көптеген игілікті іс-шараларды ұйымшылдық пен тату келісім жағдайында бірлесе жүзеге асыруда. Биылғы мерекелі жылы облыста осы тұрғыда 500-дей мәдени-көпшілік шараларының өткізілуі, 12 әлеуметтік жобаның жүзеге асырылуы соның бір нақты айғағындай. Қысқасы, облыстық ассамблея да, оның құрамындағы этномәдени бірлестіктер де биыл жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Мұның барлығы да Елбасының бастамасымен ТМД елдерінде еш теңдесі, баламасы жоқ осынау қоғамдық институттың құрылуының жемісі екені анық. «Қазақстан» әні орындалуымен ашылған фестивальде облыстық ассамблея жанынан құрылып, жұмыс жасап жатқан аналар мен ақсақалдар кеңестерінің төрағалары Мемлекет басшысы Н. Назарбаевқа шынайы алғыстарын жеткізді.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М. Қожаева жиналған қауымды күні кеше ғана аталып өтілген Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, биыл облыс орталығынан өркениеттілік талаптарына жауап берерлік заманауи келбет-айшыққа ие, жаңа «Достық» үйі ғимаратына қол жеткізілгендігін де атап өтті. «Ең бастысы, өз үйіміз бар, ендігі жерде бірлік пен ынтымақты сақтап, нығайтуға байланысты іс-шараларымыздың барлығы да осы шаңырағымыз аясынан бастау алып, ортақ істі жұмыла еңсеретін боламыз» деді ол.
Бұдан әрі іс-шара жыл үздіктері мен белсенділерін марапаттау рәсіміне ұласты. Ел бірлігі мен қоғамдық келісімді, рухани мәдениетті нығайтудағы ерекше еңбектері үшін украин этномәдени бірлестігінің мүшесі С.Зуенок ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен, басқа да бірқатар этномәдени бірлестіктер белсенділері Е.Исаченко, Д.Суахунов, Р.Кан ҚХА-ның «Бірлік» алтын медалімен, «Тараз-су» мекемесінің қызметкері Л.Клименко «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Белсенділердің бірқатарына «Қоғамдық жұмысқа адалдық», «Қайырымды жан – 2016», «Республикалық сайыстар, жобалар, фестивальдер жеңімпаздары», «ҚХА өңірлік әріптестері», «Мықтылардың мықтысы» аталымдары бойынша ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаздар өз кезегінде еліміздің одан әрі де гүлденіп, көркейе беруіне үлестерін қосатындықтарын жеткізіп, жергілікті өнерпаздардың ән-күйімен, биімен өрнектелген кеш айрықша әсерлі болды.

Баймаханбет Ахмет,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support