- Advertisement -

Кубок Алматы балуандарына бұйырды

91

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, облыс әкімдігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен ұлт зиялысы, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай қазақ күресінен федерация кубогі сарапқа салынды.
Еліміздегі таңдаулы спорт кешендерінің бірі саналатын «Тараз-Арена» спорт сарайында бәсірелі дода екінші жыл қатарынан өтті. Айтулы аламанға еліміздің тоғыз облысының командалары қатысып, сегіз салмақ дәрежесі бойынша өзара кім мықтыны анықтады. Кубоктік додаға тұла бойында бұла күші бұтылдаған, жауырыны қақпақтай, өрдеш төс, білеу дене жігіттер қатысты.
Доданың ашылу салтанатында Қазақ күресі федерациясының құрметті қайраткері Диханбай Биткөзов, федерацияның бірінші вице-президенті Сәрсен Құранбек, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Федерация кубогінің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады.
Жеребе тарту рәсімінен соң дода басталып кетті. Алдымен бозкілемге Талдықорған қаласынан келген «Сапа Арена» командасы мен Астанадан ат арытып жеткен «Елорда батырлары» командасы беттеді. Бұл сында астаналық команда жігіттері қарсыластарынан 5:3 есебімен басымдық танытты. Бұдан соң бозкілемде Семей медициналық университетінің командасы мен қарағандылық «Зак Кар» командасының балуандары күш сынасты. Осы кездесудің басты белдесуі 100 келі салмақ дәрежесіндегі Мұхит Тұрсынов пен Асыл Бәрменовтің арасында өтті. 2014 жылғы «Қазақстан барысы» жобасының ақтық сынында айқасқан қос мықты арасындағы тартыс тағдыры сол жолы белдесуде шешілген болатын. «Тараз-Аренада» да қос мықты жеңімпазды негізгі уақытта анықтай алмады. Бір бірден бүк ұпайын алған екі балуан тағы да белдесуге жүгінді. Физикалық тұрғыдан әлеуеті басым Тұрсыновты кілем сыртына шығарып тастау мүмкін еместігін сезген Барменов қарсыласын бойынан асыра лақтырамын деп, өз әдісіне өзі түсіп қалды. Олимпиадалық жүйе бойынша өткен додада қарағандылық Ержан Шынкеев түйе балуандар сынында қарсыласынан басым түскеніне қарамастан, Орталық Қазақстаннан келген команда шығыстық балуандарға 3:5 есебімен есе жіберді.
Келесі кезекте жамбылдық балуандар бозкілемге шықты. Қарсыластарымыз Алматы облысынан келген «Алакөл» қазақ күресі клубы. Жерлестеріміз алғашқы белдесуді сәтті бастады. 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан Кеулімжай екі рет қарсыласын бүк түсіріп, кейіннен жамбасқа тастады. Айқын басымдылық көрсете білген Абылайхан мерзімінен бұрын жеңіс тойын тойлап, қоржынымызға алғашқы ұпайды салды. 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Аян Қышуақов Абылайханның жеңісті жорығын жалғастырады деп сенгенбіз. Алайда алматылық Ерлан Рамазанов біздің балуанды таза жеңіп, таразы басын теңестірді. 66 келі салмақта күрескен Бақтан Ғарифолла да Әбілқайыр Мәуленнен жеңіліп қалды. Есеп 1:2-ге жетсе де «Тараз-Аренаға» жиналған жұртшылық қиқуын доғарған жоқ. Дәулет Пахриденов, Дәулетхан Жақып, Айбол Айтбек бастаған сайыпқырандарға сенім артты. 74 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен үкілі үмітіміз Ринат Махмұдов, 80 келіде белдескен Дәулет Пахриденов, 90 келі салмақта жарыс жолына шыққан Дәулетхан Жақып, 100 келі салмақтағы саңлағымыз Айбол Айтбек өздерінің шын мықты екендіктеріне шүбә келтірген жоқ. Әсіресе Нұржан Тоқтасыновпен белдескен Дәулетхан Жақып, Мадияр Сәкенғалиевпен күрескен Айбол Айтбектер керемет тәсілдер қолданып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Аса ауыр салмақтағы Жасұлан Әбішевтің жеңісі қорытынды есепті тіркеді. Жерлестеріміз 6:2 есебімен жеңіске қол жеткізді.
Төртінші болып Шығысқазақстанның тағы бір командасы бозкілемде күш сынасты. Тарбағатай ұжымы Алматы қаласының өрендерімен топқа түсті. Алматылықтар 5:3 есебімен басым түсті. Десе де, бұл шайқастың шешуші белдесуі жанкүйерлердің көкейінде біраз сұрақ қалдырды. Аса ауыр салмақтағы алматылық балуан Дәурен Нұралинов тарбағатайлық Айбек Нұғымаровқа қарағанда ширақ көрінді. Қос батыр жеңімпазды белдесуде анықтады. Нұғымаров әдіс жасай берген сәтте қарсыласының аяғын орап үлгеріп, қарсы шабуыл ұйымдастырған Нұралиновке қол соққанбыз. Нұғымаров таза жеңілгендей де көрінді. Тіпті, қасымызда отырған мамандар да солай дескен. Алайда, бозкілемдегі төрешілер алматылық балуан тарапынан ереже бұзылғанын байқады ма, ол жағын білмедік. Әйтеуір, осыған дейін кімнің қалай жеңгенін хабарлап отырған төрешілер осы жолы жеңісті үнсіз Нұғымаровқа ұстатты. Бәлкім біз түсінбеген бір қателік Нұралиновтен де кеткен шығар. Кім білсін… Алғашқы айналым соңында «Елорда батырлары» (Астана) Қайырбаев атындағы ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша спорт клубы командасымен (Павлодар) кездесіп, қарсыластарын 8:0 есебімен ойсырата ұтты.
Жартылай финалдық сында «Елорда батырларын» ұтқан Семей медициналық университетінің командасы ақтық сынға жолдама алды. Екінші жартылай финалда жерлестеріміз Алматы қаласының балуандарымен белдесті. Өкінішке қарай алғашқы төрт салмақтағы өрендеріміз қарсыластарына есе жіберді. 74 келіде Ринат Махмұдовтың орнына шыққан Әлімхан Орынбаевтың Елдос Жұмахановқа әлі келмеді. Есеп 0:4 болған сәтте 80 келі салмақ дәрежесіндегі Дәулет Пахриденов Әлфараби Бекқұлұлын жартылай жеңіс ұпайымен жеңсе, 90 келідегі Дәулетхан Жақып Саят Шәмшиевтен жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды. Қарсыласын ұршықтай иіріп, таза жеңіске жеткен Дәулетханға жұртшылық риза болысты. 100 келі салмақта белдескен Айбол Айтбек те жанкештілік танытты. Соңғы күшін сарқа жұмсаған ол Виктор Демяньенкодан мықты екенін дәлелдеді. Қарсыласын қуып жүріп, әдіс жасаған Айболға жанкүйерлер тікесінен тік тұрып қол соқты. Есеп 3:4 болған сәтте үміт оты маздаған еді. Алайда аса ауыр салмақта жарыс жолына шыққан Жасұлан Әбішев Дәурен Нұралиновке есе жіберіп, командамыз 3:5 есебімен ұтылды. Десе де, үшінші орын үшін өткен айқаста жерлестеріміз «Елорда батырлары» командасын айқын жеңіп, мерейімізді тасытты. Ал ақтық бәсеке өте тартысты жағдайда өтті. Семей медициналық университеті командасына 1:4 есебімен жол беріп жатқан алматылықтар таразы басын теңестіріп кетті. Тіпті, «100 келі салмақтағы Мұхит Тұрсынов шығыстықтарға кубокті әпереді» деген болжамдар қатеге айналды. Алматылық Виктор Демяньенко Тұрсыновты екі мәрте іштен шалып, бүк ұпайын иеленді. Соңыра тағы бір мәрте әдіс жасап, өзінің мықтылығына шүбә келтірмеді. Витя Айбол Айтбекке ұтылған соң ширыққан сияқты көрінді. Ауыр салмақтағы алматылық Дәурен Нұралиновтың жеңісінен соң есеп теңесіп, төрешілер жеңістер сапасы бойынша басым түскен Алматы қаласының командасын жеңімпаз деп таныды.
Жарыс соңында үшінші орын иеленген жамбылдықтарға 4 миллион теңгенің сертификаты мен қола жүлде табысталса, екінші орын алған Семей медициналық университетінің балуандары 6 миллионға иелік етті. Алтын жүлдені қанжығаларына байлаған Алматы қаласының командасы 10 миллион теңгенің сертификатын, ауыспалы кубокті иеленді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support