- Advertisement -

Арман алға жетеледі

112

- Advertisement -

Ширек ғасырда әлемге танылған Тәуелсіз Қазақстанның өрлеу-өркендеу жолы барша қазақстандықтардың көз алдында. Осы жылдар ішінде еліміз небір қиын кезеңдерден өтті. Соның бәрінен ең ауыр тигені – тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі еді.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған жылы мен №3 Қарымбай Қошмамбетов орта мектебінде еңбек жолымды бастаған болатынмын. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметті атқарғаныма биылғы қыркүйек айында 25 жыл толды. Жұбайым екеуміз 1991 жылы біріміз Алматы зооветеринариялық институтты, біріміз Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, жолдасымның туған жері Билікөл қой совхозына келіп, еңбекке араласқан кезіміз. Күйеуім алғаш совхозға қатардағы мал дәрігері, Жуалы аудандық аумақтық инспекциясында бас маман, Билікөл, Тоғызтарау ауылдық округінің мемлекеттік ветеринариялық-санитары болып табаны күректей 14 жыл еңбек етті. Міне, 25 жылдан бері мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп келеді.
Әлі есімде, мектеп директоры С.Слямханов мені жылы қарсы алды. Ол білікті басшы ғана емес, жас мамандарға үйретер тәлімі көп тәжірибелі ұстаз еді. Марқұм Земфира Слямханова апай да, музыка пәнінің мұғалімі Әуесхан Әлімбетов те әдістемелік көмек беруден шаршамайтын. Кейін талай рет аудандық ұстаздар фестивалінде жүлделі орындарды иеленгенім де осындай тәлімгерлерімнің арқасы. Міне, енді, бүгінде өзім де 25 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі мұғалім болдым.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықты еңсеру тәуелсіз елімізге оңайға соққан жоқ. Ұстаздар үшін де бұл ауыр кезең болды. Экономикалық байланыстардың үзілуі онсыз да тұралап қалған ел экономикасына ауыр тиді. Бірнеше ай жалақы алмай жұмыс істедік. Өзі аяққа жаңадан тұрып келе жатқан мемлекеттің білім саласына бөлген қаржысы да жеткіліксіз еді. 1993-1994 жылдары қысы қатты болды, қар қалың жауған. Жағатын көміріміздің сапасы нашар болып, мектепке әр сыныпқа буржуйка пештер қойылып, оқушыларды кезегімен тамызық ағаш әкелуге кезекшілікке қоятынбыз. Мұғалімдерге жалақы орнына ұн, май, картоп берілетін. Сонда да біз ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарайтынбыз. Тәуелсіз еліміздің жастарына білім беруден еш шаршамадық. Қиындыққа қасқая қарсы тұра білдік. Бұл кезеңдегі қиындықтар бүкіл әлемдік тәжірибеде бар құбылыс, сондықтан да дағдарыстарды айналып өту мүмкін емес еді. Елбасымыз әр жылғы Жолдауларында елді сабырға шақырып, қиыншылықты жеңетінімізді, елдің болашақта жағдайы түзелетінін, әр жыл сайын еңбекақымыздың көтерілетінін айтып, сенімімізді нығайтты. Ұстаздар Мемлекет басшысының саясатын үнемі қолдап, жасөспірім бойына рухани адамгершілік құндылықтарын дарытып, саналы білім беру жолында аянбай еңбек етті.
Бүгінде мектепте педагог-психолог қызметін атқарамын. Еңбегім де елеусіз емес. Облыстық білім басқармасының басшысы қолынан «Білім беруге қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасымен, «Үздік психолог» аталымы бойынша аудан әкімінің Грамотасымен марапатталдым. Жолдасым екеуміз 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, қатарға қостық.
Тұңғышымыз Дархан – Тәуелсіздіктің құрдасы. Қазір облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасында бөлім басшысы қызметін атқаруда.Тәуелсіздіктің құрдастары, яғни 1991 жылы туылған балалар бүгінде Елбасымыздың дана саясатын, идеясын, ұсыныстарын халыққа жеткізіп, жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда.
Қызым Әйгерім Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қызыл дипломмен бітірді. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің магистранты. Кіші қызым мен ұлым мектепте үздік оқушы. Тәуелсіз елімізбен бірге біздің отбасымыз да өсіп-өркендеуде. Біз Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры биік болуы үшін еңбек етуден шаршамаймыз.

Жанар Әкішева,
№3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы

орта мектептің
педагог-психологі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support