- Advertisement -

Көп бала – көсегемізді көгертті

95

- Advertisement -

Еліміздің басты мерекесі қарсаңында көзайым қуанышқа кенеліп отырмыз. Countrymeters.info сайтының мәлімдеуінше, Қазақстан халқының саны бүгінгі таңда 18 миллион 22 мың 500 адамға жеткен! Ал былтырғы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 17 769 475 адамды құраған еді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында алдымызға 2020 жылы халықтың санын 20 миллионға жеткізу керек деген меже қойғаны белгілі. Бүгінгі таңда озық 30 елдің қатарына кіру үшін де халық саны ел дамуының көрсеткіші, ұлттың бәсекелестігін арттыратын ең маңызды фактор саналады. Бұл тұрғыда табыссыз да емеспіз. 1992-2016 жылдар аралығында Қазақстанда 7 373 671 нәресте дүниеге келіпті!
Статистикалық мәліметтерге сайсақ, елімізде 1991 жылы 353 174 бала туылған. Ал 1992 жылдың қаңтары мен 2016 жылдың наурызы аралығында елімізде 3 597 820 қыз бала және 3 775 851 ер бала өмір есігін ашқан. Оның ішінде біздің облысымызда – 556 168 нәресте дүниеге келген екен. 1992-2002 жылдар аралығында бала туу көрсеткіші жыл сайын шамамен 6 пайызға кеміп отырса, 2002 жылдан бастап, керісінше, 5 пайызға өсіп отырыпты. Тәуелсіздік жылдары ішінде туу көрсеткішінің жоғарылауы 2014 жылы тіркелген.
Бүгінде 1 миллион 115 мыңның үстінде халқы бар біздің облыста да халықтың өсу үрдісі байқалуда. Әсіресе, бала туу көрсеткіші есебінен. Облыста жалпы туу коэффиециенті әрбір мың адамға шаққанда 1991 жылы 23,7, ал былтыр 25, 7 болған. Бұл ретте жоғарыда айтқанымыздай, 1991 жылы еліміздегі халық саны 1 миллион 59 мыңдық межеден сыртқа көшудің салдарынан жылма-жыл кеми келіп, тек 2002 жылдан кейін ғана қайта өсіп, теңескенін, соңғы үш-төрт жылда арта түскенін ескеру ләзім. Тұрғындар саны бойынша біздің облысымыз республикада Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан кейінгі алтыншы орында тұр. Облыстағы қалалық жерлердегі халық саны – 451 мың, ауылдық жерлерде – 663,3 мыңнан астам адамды құрайды. Ұлттық құрамы да әрқалай, 80-ге жуық этностың өкілдері жарасымды тірлік етуде.
Тараз қаласында жалпы аумағы 36 мың шаршы метрді құрайтын, өркениеттік үлгідегі 200 орындық облыстық перинаталды, сондай-ақ, облыстық ана мен баланы аялау орталықтары, аудан орталықтарында перзентханалар, елді мекендерде акушерлік-фельдшерлік пункттер жұмыс істейді. Бәрінің де діттейтіні – аналарды арнайы күтімге алу арқылы аман-есен босандырып, нәрестеге өмір сыйлау. Бүгінде аталған нысандардағы төсек саны 400-ге жуықтайды. Облыста нәрестелерге неонаталды ота жасау ісі де жүйелі жолға қойылып, дамытылу үстінде.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге қарағанда, өңірімізде соңғы жеті жыл ішінде 1223 егіз, 16 үшем өмірге келген екен.
– Биылғы жылдың 10 айында 23 861 сәби туылғаны тіркелді. Ал нәресте өлім-жітімі былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 19 пайызға төмендеп отыр. Айтпақшы, былтыр 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні бір тәулік ішінде өңірімізде 85 сәбидің кіндігі кесілгені тіркелген. Биылғы көрсеткішіміз де олқы соқпайды деп күтудеміз, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала бөлімінің басшысы Құралай Сарина.
Тәуелсіздіктің тұнық аспаны сәбилер үніне бөленгеніне жетер не бар! Көп бала – көбейгенімізге, көрпеміздің ұлғая түсуіне сеп болары анық.

Баймаханбет АХМЕТ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support