«Тараз-Аренадан» әлі талай чемпион түлеп ұшады

«Тараз-Аренадан» әлі талай чемпион түлеп ұшады
ашық дереккөз
«Тараз-Аренадан» әлі талай чемпион түлеп ұшады

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр бедерінде еліміздегідей облысымызда да спорт саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Талай талантты спортшының томағасын сыпырған Тараз төрінде көптеген спорт нысандары бой көтеріп, жанарында жасын атқан жампоздарға жағдай жасалды.

Елбасымыз «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп атаған көне шаһар төрінде «әлемдік стандарттарға сай спорт кешені бой көтереді» дегенді алғаш естігенде спортсүйер қауым бөркін аспанға атып, қуанған еді. «Тараз-Арена» спорт сарайының қазығы алғаш 2011 жылдың мамыр айында қағылды. Жалпы жобалық құны бес миллиард теңгені құраған спорт сарайы бүгінгі таңда көпшіліктің игілігіне жарап тұр. 7,7 гектар аумақ жер телімін алып жатқан спорт сарайы ауданының көлемі 24430 шаршы метр болса, спорт алаңшаларының ауданы – 17709 шаршы метрді құрайды. 12 спорт залы және бар. Сыртқы алаңдарды қоса есептегенде «Тараз-Арена» спорт сарайында бір мезетте 2500 спортшы еркін жаттыға алады. Сонымен қатар, француздық терафлекс материалы төселген спорттың волейбол, баскетбол түрлеріне арналған кіші спорттық алаңшаларда да спортшыларымыздың еркін көсілуіне мүмкіндік жасалған. 1215 көрермен байрақты бәсекелерді еркін тамашалай алады, қосымша екі жүз жылжымалы орындықтар қоюға да жағдай жасалынған. Жүзу бассейні, ауыр атлетика, жаттығу залы, бокс, грек-рим және еркін күрес, таэквондо, дзюдо, спорттық би залдарында бүгінгі таңда болашақ чемпиондар талмай тер төгіп жаттығуда. Еліміздегі таңдаулы спорт кешендерінің бірі әрі бірегейі саналатын «Тараз-Арена» спорт сарайының ашылғанына көп болмаса да, кешенде әлемдік, халықаралық деңгейдегі бірнеше байрақты бәсеке өткізілді. Біз «Тараз-Арена» спорт сарайында Испания, Венесуэла, Египет және Қазақстан құрама командаларының қатысуымен әлемдік лига ойындарының кезеңі, бильярдтан әлем чемпионаты, қазақ күресінен «Еуразия барысы» халықаралық мега жобасы секілді айтулы аламандардың өткендігімен мақтана аламыз. Сондай-ақ, таңдаулы кешен бокстан ел чемпионатын да қабылдады. Бұл айтып отырғандарымыз ең ірі додалар ғана. Олардан бөлек қаншама халықаралық, республикалық дуы басым додалар «Тараз-Арена» спорт сарайында дүркіреп өткенін көзі қарақты жұртшылық жақсы біледі. Тәуелсіздік жылдарында іргесі қаланған кешенде елінің, Елбасының сенімін ақтауға тырысатын тарланбоздардың жаттығып жатқаны аян. Әлі-ақ олар да әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында атой салып, Тәуелсіз Қазақстанның Туын көкте желбірететініне сеніміміз кәміл.

Нұржан Жолдасбеков, облыс әкімдігі дене шынықтыру және

спорт басқармасы басшысының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар