- Advertisement -

Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған

98

- Advertisement -

облыстық әйелдер форумы аңыз аналар мен кәсіпкер қыз-келіншектерді ұлықтауға арналды

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді дана халқымыз. Рас, нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар экономиканың сан саласында еңбек етіп, егемен елімізді дамытуға өз үлестерін аянбай қосып келеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих тағылымында өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады. Әйел шексіз құдіреттің иесі болып саналады. Тәуелсіз Қазақстанда әйелдердің рөлі жыл сайын өсіп келеді. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деуі – бұл сөзіміздің нақты айғағы бола алады.

Мемлекет Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әйел. Қоғам. Болашақ» атты облыстық әйелдер форумында сол нәзік жандылардың қоғамдағы абыройлы орны тағы бір айшықтала түсті. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен шараның әсерлі композициямен ашылып, әйел-ананың Тәуелсіздік жайлы оқыған мазмұнды монологі көпшіліктің көңілін тербеді. 

Форумға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, барша қыз-келіншектер мен аналарды азаттықтың ширек ғасырлық мерекесімен құттықтап, еліміздің, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген әйелдердің еңбектерін тілге тиек етті.
– Осыдан 25 жыл бұрын егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл – ғасырлар бойы Қазақстан халқының аңсаған арманы еді. Тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткізген табыстарында әйелдер қауымының қосқан үлесі зор. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», деген сөзі сол еңбектеріңізге берілген шынайы баға. Сіздер әрдайым қоғамымыздың әл-ауқатын арттыруға және Тәуелсіздігіміздің нығаюына өлшеусiз үлес қосып келесіздер.
Сіздер экономиканың барлық саласында – билік пен саясатта, ауыл шаруашылығы мен бизнесте, ғылым мен білімде, мәдениет пен өнерде абыройлы еңбек етумен қатар, отбасында жылулық пен жайлылықты сақтауды ұмытқан емессіздер. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында елімізде 7 миллиондай сәби дүниеге келді, яғни, әрбір сағат сайын 45 немесе жылына 400 мың бала туады екен. Демографиялық өсімге берекелі тұрмысымыз бен ертеңгі күнге деген сеніміміз себепкер болуда.
Бұл күндері еліміздің әр өңірінде «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» ұранымен 25 жұлдызды күн өтуде. Бүгін – Отбасылық құндылықтар күні. Шаңырағы биiк, босағасы берiк қазақстандық отбасы – қоғамның тұрақты дамуының, еліміздің өсiп-өркендеуiнiң кепiлi. Отбасыларыңыз аман болып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – дей келе Бекболат Серікбекұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 10 көп балалы ананы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапаттады. Атап айтсақ, тараздық Айнұр Айтмағанбетова, байзақтық Райхан Аманбаева, жуалылық Бақыткүл Нұралиева, Орынкүл Керімова, қордайлық Салтанат Жанғазиева, Айгүл Мырзағұлова, шулық Түймегүл Тыныштықбаева күміс, қордайлық Анар Әбдіханова, шулық Нұргүл Әбішева, жуалылық Қадиша Тұрлыбекова Алтын алқа иегерлері атанып, қошеметке бөленді. Сондай-ақ, сонау 1990-2000 жылдары қоғамға «гендер», «кәсіпкер», «әйелдер қозғалысы» деген түсініктер жаңадан ене бастаған кезде, Қазақстан әйелдері қозғалысының бастауында тұрған, облысымызда «әйелдер қозғалысын», «әйелдер қоғамын» басқарған белсенді, іскер, кәсіпкер азаматшалар Нілзия Рахышева, Людмила Сушкова, Жұмакүл Омарова, Гүлдара Нұрымова Құрмет грамоталармен марапатталды.
Бұдан кейін еңбегімен еленген әйелдер «Аңыз әйел», «Көшбасшы әйел», «Әлем таныған Қазақстан», «Іскер әйел – ұлт мерейі», «Өндірістің алтын қоры», «Қалдырған ізін мәңгілік», «Ұлт денсаулығы», «Ауылым – алтын бесігім», «Ырысты әйел», «Шуақты әйел», «Қанатты әйел» секілді түрлі аталымдар бойынша облыстық іскер әйелдер ассоциациясының марапаттарына ие болды. Барлық марапат иелеріне гүл шоқтары ұсынылып, қошемет көрсетілді. Форум барысында зал фойесінде кәсіпкер-әйелдердің туындысынан сауда көрмесі ұйымдастырылды.

Жанғазы Ахмет,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support