- Advertisement -

Жеңістің жолы жеңіл емес

95

- Advertisement -

СПОРТ САҢЛАҚТАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Егемендік жылдарында еліміздің атын шығарып, халқымыздың даңқын асқақтатуда спортшылардың қосқан үлесі телегей-теңіз. Тәуелсіз мемлекетіміздің көк Туын әлемнің әр түкпірінде көкке көтеріп, сол арқылы ұлт рухын асқақтатып жүрген жамбылдық спортшылардың ерен еңбегін, жеткен жетістігін зор мақтанышпен айтуға болады. Жалпы, қазақ спортының қалыптасуы тарихында жамбылдық жампоздардың ойып алар орнының бар екеніне ешкім күмән келтірмесе керек. Ендеше, ел атынан түрлі аламанға қатысып, абыроймен оралып жүрген спортшыларға мемлекет тарапынан да қолдау мен демеу тиісінше көрсетіліп жатыр.

Кеше облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың қатысуымен облыстық әкімдікте арнайы жиын өтіп, онда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ширек ғасыр аралығында жетістікке жеткен жамбылдық спорт саласының ардагері мен спортшыларға құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен естелік белгісі табыс етілді. Атап айтқанда, Алмас Мұсабеков, Сәлкен Жартыбаев, Нұрлан Джарашуев, Ғалымжан Жылгелдиев, Ерік Мамадияров (сонымен қатар, Ерік Қамбарұлы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды), Дидар Молдағалиев, Алмас Бейсен, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов, Рахат Еділбаев, Нигора Нурматова, Ақжүрек Таңатаров, Ахмед Алиев, Елдос Сметов, Зүлфия Ғабидуллина (сонымен қатар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы Парламентаралық кеңес ассамблеясының «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды), Ғабит Есжанов, Нышан Өмірәлі, Бейбіт Ыстыбаев, Дмитрий Трубин, Татьяна Верина, Гузалия Гафурова, Жасұлан Қыдырбаев, Олжас Сәттібаев, Светлана Голендова, Мейіржан Әшіров облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков, салада жеткен жетістіктерді атап шықса, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев Тәуелсіз мемлекетіміздің спортшыларға жасап жатқан қолдауы жайлы кеңінен айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: «Біздің спортшылар тек жарыстарда ғана емес, жайшылық өмірде де жастарға үлгі. Жастар соларға қарап бой түзейді, үлгі алады. Олардың жеңісті жолы – ерен еңбек. Олар – өз істерінің шеберлері. Жалпы, шет мемлекеттерде өтетін жарыстарда еліміздің барлық спортшылары ұлты мен ұлысына, нәсіліне қарамай, Қазақстан Туы астына топтасып, Отанымыздың абыройы үшін бар күш-жігерін жұмсап жатады. Олардың мұндай үлгісі кез-келген азаматтың бойында патриоттық рухты тәрбиелеп, жарқын болашаққа жетелейді. Сіздерге әлі де талай биік белестерден көрінулеріңізге тілектестігімді білдіріп, жастарға үлгі бола беріңіздер демекпін», – деді.
Жиын соңында спортшылар мен олардың бапкерлері атынан «Астана арландары» бокс клубының бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков сөз алып, саңлақтарға сый көрсетіп, құрметін білдіріп жатқан облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

Маржан Рақай,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support