- Advertisement -

Мемлекетімізді дамытуға мәслихаттардың қосқан үлесі зор

93

- Advertisement -

mgl0952Бағлан
Қарашолақов,
облыстық мәслихаттың хатшысы.

Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырлық тарихы саяси оқиғаларға толы болды. Жиырма бес жылдың әрбір белесі елімізді өсіп-өркендеуге бастады. Осы кезеңде мемлекетіміз ішкі тұрақтылығын нығайтып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз айтарлықтай жақсарды. Міне, енді бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елінің қатарына қосылуды көздеп отыр.
Осы ширек ғасырдағы еліміз қол жеткізген басты табыстардың бірі – мемлекетімізді саяси тұрғыдан реформалап, демократияландыру жолында жасаған батыл қадам. Нақтырақ айтсақ, Ата Заңымызға енгізілген толықтырулар билік органдарының өкілеттігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ, Парламент рөлін арттырды. Конституциялық реформа елімізді президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқаруға көшуіне жол ашып қана қоймай, қоғамымыздағы рөлі айқындалған мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтті. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан саяси реформаның нәтижесінде мәслихаттардың рөлі, жауапкершілігі елді мекендердегі, өңірлердегі тұрғындардың ең көкейкесті проблемаларын шешуге жетерлік деңгейге жетті.
1993 жылы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Бұл елімізде мәслихаттар институтының негізін қалаған кезең болды. 1994 жылдың наурыз айынан бастап бұған дейін жергілікті мәслихаттар қызметін атқарып келген облыстық, қалалық, аудандық кеңестер өкілді орган – мәслихаттарға орын берді.
Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жергілікті мәслихаттарға аймақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту мен көптеген бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу құқығы берілді. Соның арқасында мәслихаттар халық сайлаған орган ретінде жергілікті өзін-өзі басқаруда беделді күшке айналды. 1994 жылдың 7 наурызында тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялық сипаттағы тұңғыш сайлауы болып өтті. Оған 551935 адам, яғни облыстағы барлық сайлаушылардың 75,09 пайызы қатысып, дауыс берді. Сайлаудың басты ерекшелігі – түрлі партиялар, қоғамдық құрылымдардың өкілдерімен бірге жеке адамдардың депутаттыққа өз кандидатураларын ұсына алғанында болатын. Бұл – демократияның шынайы көрінісі еді.
Иә, 25 жылда ел өмірінде көптеген саяси-әлеуметтік оқиғалар орын алды. Тұңғыш Президент –Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстан Орталық Азия және ТМД елдері арасында даму қарқыны жағынан алға шықты. Ширек ғасырда елімізбен қатар біздің өңіріміз де өсіп-өркендеді. Облыста 25 жыл ішінде 136 білім, 162 денсаулық сақтау, 302 спорт нысаны салынды. Жаңадан балабақшалар бой көтеріп, мектепке дейінгі білім мекемелерінің саны 10 690-ды құрады. 229 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіліп, газдандырылған ауылдардың саны 158-ге жетті. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 41-ден 75 пайызға дейін өсті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі іске қосылды. Тараз қаласындағы әуежай халықаралық стандартқа сай жаңғыртылған нысандардың бірі болды.
Тәуелсіздік жылдарында химия өнеркәсібі қайта дамыды. «Қазфосфат» ЖШС-ында өндірілген өнім көлемі артып, экспортқа шығарыла бастады. Тараз металлургиялық зауыты іске қосылды. Өндірістің алға басуына жұмысы қайта жанданған қант зауыттарының да қосқан үлестері көп.
Кәсіпорындардың қатарын натрий цианидін өндіретін «TalasInvestment Company» серіктестігі толықтырды. Өңірімізде 2014 жылы басталған ең ірі жоба – «ЕвроХим-Удобрение» ЖШС-ның Жаңатас қаласындағы минералды тыңайтқыштар өндіретін химия зауытының құрылысын да атап өтуге болады. Жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын іске қосылса, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаның құны – 356,5 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінде «Химпарк Тараз» арнаулы экономикалық аймақта 5 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Өндіріс орындарын іске қосу үшін 28 миллиард теңге инвестиция тартылып, каустикалық сода, хлор, үшхлорлы фосфор, глифосат, метанол өндіру қолға алынса, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Қайта жаңартылатын қуат көздерін іске қосу бойынша да өңіріміз республикада көш басында. Бүгінде баламалы энергия көздерінен электр жарығын алатын 9 станса жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаты – 114 МBт. Жалпы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын біздің облысымыз өнеркәсіп саласында қол жеткізген үлкен табыспен қарсы алып отыр. Жамбыл жерінде Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 173 миллиард теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске қосылып, 6 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында өндірілген өнім көлемі – 253 миллиард теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 4 пайызға артты. Алдағы уақытта индустрияландыру бағдарламасы аясында 18,7 миллиард теңге инвестиция тартып, 10 жобаны жүзеге асырып, 446 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Тәуелсіздік жылдарында облыстың аграрлық секторы да айтарлықтай дамыды. Ауыл шаруашылығы саласында 2000 жылы 19,8 миллиард теңге көлемінде өнім өндірілсе, оның көлемі 2015 жылы 218,7 миллиардқа дейін өсті. Он бес жылдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің екі есе артуына «Агробизнес – 2020» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстардың тигізген септігі мол.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл қадам елімізде шағын және орта бизнестің қарқынды дамуының кепілі болды. Өңірімізде аталған бағдарлама шеңберінде 62,7 миллиард теңгені құрайтын 621 жоба іске асырылды. Биылдың өзінде бизнесті қолдау мақсатында 3,1 миллиард теңге бөлініп отыр. Былтыр 194,3 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл сома 1999 жылғымен салыстырғанда 55,5 есе артық. Жалпы, 1999-2015 жылдар аралығында 1551,7 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Жиырма бес жылда құрылыс жұмыстары да қарқын алды. 1994-2015 жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі 746,2 миллиард теңгені құрап, жиырма екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,3 есе өсті. Тұрғын үй бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде «Астана» және «Бәйтерек» жаңа мөлтек аудандар бой көтерді. Жалпы, 25 жылда өңірімізде 3 981,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Өндіріс орындарының іске қосылуы, аграрлық сектордың, қызмет көрсету саласының дамуы жұмыссыздықтың азаюына ықпал етті. Жиырма екі жылда жұмыссыздар саны 5,5 мың адамға азайып, 17,1 пайызға қысқарды. 1994 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға кеміді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 5231 адам қайта маманданып, 90 пайызы жұмысқа орналасты. «Өрлеу» пилоттық бағдарламасы аясында 5087 отбасына көмек көрсетілді.
Өңірде әлеуметтік ахуалдың тұрақтануы тұрғындардың тұрмыс жағдайынан айқын көрінуде. Медицинаны дамыту, жалпы, әлеуметтік салалардағы ілкімді істердің әсерінен тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 71,9 жасқа жетті. Бұған жамбылдықтардың саламатты өмір салтын ұстануға ден қойғандары да көп әсер еткенін айта кетуіміз керек. Он бес жылда спортпен шұғылданушылар саны облыста 7,5 пайызға артты. Тәуелсіздік жылдарында Жамбыл жерінен 26 әлем чемпионы, 38 Азия чемпионы, 8 Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегері шықты.
Жиырма бес жыл ішінде білім саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсті. 1999 жылы 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінсе, 2016 жылы бұл сома 90,3 миллиард теңгеге жетті. Он жеті жыл ішінде бөлінген қаражаттың мөлшері 33,4 есе артуы – мемлекетіміздің білім саласына үлкен қолдау көрсететінін аңғартады. Жалпы, ширек ғасырда облыста 96 мектеп, 10 білім ошағының қосымша ғимараты, 25 балабақша, 1 колледж, 2 колледждің қосымша ғимараты, 2 орта арнаулы оқу орнына жатақхана салынды.
Мәдениет ошақтары да көптеп ашылды. Бүгінде жалпы 545 мекеме тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде. 2000 жылы мәдениет үйлері мен клубтардың саны 15 қана болса, бүгінде 199-ға жетті. Кітапханалар 21-ден 287-ге көбейді. Сондай-ақ, тарихи-мәдени ескерткіштерінің саны артып, 3 365-ті құрады. Оның 741-і мемлекеттік тізілімге алынған, 713-і жергілікті, 28-і республикалық дәрежедегі ескерткіштер. 2014 жылы облысымыздағы Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас кешені «ЮНЕСКО»-ның тізбесіне енгізілді.
2015 жылы өңірімізде тарихи-мәдени ескерткіштер саны арта түсті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Мәңгілік Ел» монументі, «Ежелгі Тараз» қалашығы аумағында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы бой көтерді.
Бұл – өңір тұрғындары жұмылған жұдырықтай бірлесе істеген еңбектерінің жемісі. Осы жылдар аралығында облыс басшыларымен бірге облыстық мәслихаттың депутаттары неғұрлым тұрғындармен жиі кездесіп, өтініш-тілектерін назарға ала отырып, жұмыс атқарды. Заңға сәйкес, мәслихаттардың қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. Негізі сессия арқылы біз Елбасы белгілеген міндеттерді іске асыра аламыз. 2012 жылдың қаңтар айынан бері бесінші шақырылымның депутаттары облыстық мәслихаттың 46 сессиясын өткізді.
Негізі мәслихаттардың өкілеттігі 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты айқындалған еді. Ата Заңның 85 және 86-баптарында: «Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады. Жергілікті өкілді органдар – Мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды» деп көрсетілген.
2015 жылы 4 кезекті, 6 кезектен тыс сессия өтті. Депутаттар сессияларда барлығы 164 негізгі мәселе қарап, жалпы 600-ден аса шешім қабылдады, 71 шешім әділет департаментінде тіркелген. Жалпы, былтыр 169 шешім қабылданды. Оның 6-ауы бірлескен шешімдер, соның ішінде 23-і мемлекеттік тіркеуден өтті.
Сессияның барлығы дерлік облыс әкімі К.Көкірекбаевтың қатысуымен өтті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері қаралды. Олардың ішінде ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, жаңа технологиялар енгізу, қайта өңдеу, саланы техникалық жаңғырту, емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасын көтеру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардаптарын жою секілді жоспарланған мәселелер қарастырылды. Облысымыздың 2016-2018 жылдарға арналған бюджеті қабылданды және көптеген қағидалар мен ережелер, бағдарламалар және облыс әкімдігі жанындағы комиссиялар мен кеңестердің құрамы бекітілді.
Сессияларда халық қалаулылары М. Ескендіров, М. Төлепберген, А. Майлыбаев, Х.Базаралиев, С.Сейдәзімов, М.Берік, М.Сәрсенов, Е.Досымбаев, А.Бектай, Г.Орынбаева, Г.Нұрымова, С.Қалманбетов, Қ.Шайхиев өз ой-пікірлерін ортаға салып, жоғары белсенділік танытып жүреді. Депутаттар мен атқарушы билік басшылары арасында іскерлік қарым-қатынас орнаған. Халық қалаулылары өздерін толғандырған мәселелермен депутаттар облыс әкімі орынбасарларының қабылдауларында болып, сайлау округтеріне қатысты мәслихат аппаратына келіп түскен арыз-шағымдарды тексеруге қатысады. Мәслихат депутаттары «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалы жанынан құрылған комиссиялар мен облыстық тәртіптік кеңестің және басқа да көптеген комиссиялардың құрамында өздерінің азаматтық өкілеттігін абыроймен атқаруда.
Өткен жылы депутаттар сайлаушыларымен 52 рет кездесіп, коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің көтерілуі, жолдардың сапасы, сумен қамтамасыз ету, газбен жабдықтау, тұрғын үй мәселелері, жұмыспен қамту, мектепке дейінгі тәрбиенің сапасын арттыру, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, медициналық қызметті жақсарту, мал азығын дайындау, студенттердің жолақысына жеңілдік жасауға ықпал ету және басқа да бірқатар мәселелер көтерді.
2012-2015 жылдар аралығында облыстық мәслихаттың шешімдерімен 36 адам облыстың Құрметті азаматы атанды. Бұл атақ 30 адамға Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай берілді.
«Қазақстан Мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының рөлі мен беделін көтеру мақсатында құрылған. Облыстық мәслихат аталған ұйыммен тығыз байланыста жұмыс істейді. Соның нәтижесінде осы бірлестік арқылы соңғы екі жыл ішінде барлық деңгейдегі депутаттар Қазақстан Республикасы министрліктерінің, ведомстволық мемлекеттік органдардың, Парламент Сенатының, Мәжілісінің, «Нұр Отан» партиясының марапаттарына ие болды. Біз халық қалаулыларын 200-ден аса әртүрлі марапаттарға ұсынып, депутаттар 138 түрлі марапатқа ие болды. Оның 25-і – облыстық мәслихаттың депутаттары. Сонымен қатар, «Құрметті депутат» төсбелгісіне 13 депутат ұсынылып, төсбелгіге ие болды, оның төртеуі облыстық мәслихат депутаттары болса, екеуі өз кезінде өткен шақырылымдарда лайықты жұмыс атқарған, облыстық мәслихаттың экс-депутаттары.
Ағымдағы жылдың 20 наурызында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өткені мәлім. Бұл науқанда облыстық мәслихаттың VІ шақырылымына 35 өңірлік округтік сайлау комиссияларында барлығы 113 кандидат тіркеліп, 88-і дауысқа түсті. Өткен шақырылымнан – 15, жаңадан 20 депутат сайланды, яғни 57,2 пайызға жаңартылды.
Алтыншы шақырылым құрамындағы депутаттардың арасында төрт шақырылымның депутаты болған 2 және 2 шақырылымда қайта сайланған 16 депутат бар. 17 кандидат бірінші рет облыстық мәслихаттың депутаты атанды. Барлығы жоғары білімді. Олардың арасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.Қожамжарова, филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Саурықов, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының директоры М.Төлепберген, медицина ғылымдарының кандидаты Г.Нұрымова, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, академик А.Сансызбай, әлеуметтану ғылымдарының докторы Б.Алдашов, облысымыздың мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері М.Ескендіровті ерекше атап өтуге болады.
Жиырма бес жылдың белесінде Жамбыл жері тәуелсіз елімізбен бірге қайта түледі. Кәсіпорындар көбейіп, өнеркәсібіміз өрге басты. Ауыл шаруашылығы саласы да айтарлықтай дамыды. Бастысы, әлеуметтік салаларда да түйткілді мәселелер шешімін тауып, жамбылдықтардың тұрмысы жақсара түскенін ерекше атап өтуіміз керек.
Тәуелсіздік – бүгінгі ұрпақтың асыл қазынасы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, біздің маңдайымызға тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны нығайтып, баянды ету міндеті қатар жазылған. Оны абыроймен атқару – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Ендеше, бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support