- Advertisement -

Жаңа жоба қанат қақты

83

- Advertisement -

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында өткен «дөңгелек үстел» отырысында өңіріміздегі сексеуіл екпелерінің өсірілуі, қорғалуы жағдайы басты әңгіме арқауы болды. Онда сондай-ақ, облысымыздың сексеуіл екпелерін сақтау жөніндегі облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық прокуратураның, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, облыстық ІІД жергілікті полициясының бірлескен жобасы таныстырылды.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов қысқаша хабарлама жасады. Оның айтуынша, cексеуілді жаппай отауға он жылдық мораторий жариялануының арқасында баяу өсіп-жетілетін осынау түз өсімдігін отын үшін заңсыз сындыру, қирату деректері тыйылмағанмен, біршама азайған. Сексеуіл екпелері алқабының көлемі соңғы бес жылда 30 мың гектарға жетіп отыр. Байзақ, Жамбыл аудандарында бұрыннан бар ерекше қорғалымдағы табиғи аумақтың Меркіде де құрылуы өлкеміздегі сирек өсімдіктер түрлерінің сақталуына, жойылып кетпеуіне өзіндік септігін де тигізуде. Хабарламашы, сондай-ақ, жалпы өңіріміздің экожүйесін жақсарту, табиғаттың тепе-теңдігін сақтау, бақылау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру аталған жобаны әзірлеп ұсынушы мекемелерге ғана емес, баршаның жауапкершілікпен жұмыла кірісер ортақ ісі екенін атап өтті.
Осыған байланысты облыс прокурорының аға көмекшісі А. Дастан, ТИГУ-дің Мемлекеттік сатып алу мониторингі, патенттеу және интеллектуалды меншікті қорғау бөлімінің басшысы Б. Бектұрғанов, облыстық ІІД жергілікті полициясының қызметкері Я.Көмекбаев ой-пікірлерімен бөлісіп, жобаға сәттілік тіледі.
Б. Бектұрғановтың айтуына қарағанда, сексеуілдің 10-ға жуық түрі бар. Ал еліміздің аумақтарында негізінен оның қара, ақ, зайсан сексеуілі секілді үш түрі өседі. Қара сексеуіл облысымыздың 6 ауданы аумағында өсетін 1миллион 126 мың 400 гектар сексеуіл алқабының 70 пайызға жуығын құрайды. Діңі жуан, биіктігі 7 метрге дейін жететін, тамырын 11 метр тереңдікке жіберетін бұл өсімдік түрі біздің құмды, шөлейтті өңіріміздің де көркіне айналып отыр. Оның майда шырпылары мал үшін де құнарлы азық. Сексеуілді жаппай отын үшін қиратуға мораторий жарияланғалы бері жыл сайын жаңа екпелер танаптары пайда болуда. Биыл 1300 гектар алқапқа жаңа көшеттер отырғызылған.
Тағы бір айта кетерлік жай, 2004 жылы 23 cәуірде ҚР Үкіметінің №460 қаулысына сәйкес облысымыз аумағында 2018 жылға дейін сексеуіл екпелерінің барлық түрін кесуге тыйым салынғаны белгілі. Ендігі міндет – екпелердің толыққанды өсіп-жетілуіне жағдай жасау, бақылауды күшейту. «Жалпы сексеуіл 25-30 жылдан кейін қартая бастайды. Сексеуіл нуларын осындай ескіргендерінен арылтып, тазалап отыруымыз керек. Бұл істі ғылыммен байланыстыра өрістету тиімді» деп түйді ойын хабарламашы.
Жиында аталмыш жобаны жүзеге асыруға міндеттенген үш тараптың алдағы уақытта атқаратын міндеттері, бұл тұрғыда көрсетер қолдау, көмектері, орман шаруашылығының материалдық-техникалық әлеуетінің нығайтылуы мәселелері және бір пысықталды. Жоба жақын күндері бекітіліп, нақты іс жүзіне асырыла бастайтын болады.

Баймаханбет Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support