- Advertisement -

Естен кетпес елеулі сәт

143

- Advertisement -

Сабырғали РЫСБАЕВ,
аудандық мәслихат
аппаратының басшысы.

Жұмыр басты пенденің ешқашан есінен кетпес сәулелі сәттері болады. Арқабек аға үшін де сондай бір айтулы мезет 2006 жылғы мал шаруашылығын дамыту бойынша «Жамбыл облысының үздік кәсіпкері» атанып, өзі қатарлы ел таңдаулыларымен Мемлекет басшысының Астанада өткізген кездесуіне қатысу мәртебесіне ие болуымен байланысты орын алған еді. Сол жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзіне қазақы дәстүрге сай әулиеаталықтар атынан жез жағалы ақ шапан әкеліп кигізген Арқабек ағаны арнайы қасына шақырып алып, бірге суретке де түскен. Үлкен кісі өзінің кәсіпкерлік саласында қол жеткізген жетістіктеріне ризашылық білдіріп: «Маған айтар қандай тілек-өтінішің бар?» деп сұрағанында Арекеңнің бөгелмей, «Менің ең басты тілегім сол – деніңіз сау, өміріңіз ұзақ болсын! Халықтың да тілейтіні осы» деп жауап бергені есінде.
– Шын мәнінде Елбасымен бірер сәт сұхбаттасқанның өзінде өн бойыңа от тарап, қуаттана түскендей болады екенсің. Ол кісінің ойлағаны да үлкеннің де, кішінің де – барша қазақстандықтардың ештеңеден кемдік көрмей, бақытты һәм бақуатты өмір сүруі ғой. Осы тұрғыда бағыт-бағдар беріп, көмек-қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерді де жаңа жетістіктерге жігерлендірумен келеді. Президентіміздің сол жолы маған да айрықша сенім жүктеуі күш беріп, қанаттандыра түсті. Ел үшін еңбек етудің азаматтық борышымыз екенін шынайы сезінгендей болдым. Ел игілігін еселеп арттыруда Мемлекет басшысының сеніміне ие болған, шарапатына бөленген азаматтар көп-ақ. Мен де солардың бірімін деп ойлаймын, – дейді аудандық мәслихаттың хатшысы Арқабек Төлебаев.
Елбасымыздың бір сөзінде «Туып-өскен жер ыстық қой, дүниенің қай түкпірінде жүрсем де туған елім, туған жерім ешқашанда есімнен шыққан емес. Қаскелең мен Шамалғанның дәл үстінен ұшып бара жатқанда жүрегім лүпіл қағып, ерекше сезімге бөленемін» дегені бар. Бұл туған жерге деген махаббат, ыстық сүйіспеншілік. Осындай сезім Арқабек ағамызды да жиі баурайды. Қыруар игілікті істер тындырып, ел-жұртының ықыласына да бөленіп жүр. Алайда, жасаған жақсылығын жарнамалап, еңбегін сатуды аса ұната да қоймайды.
Жастайынан еңбекке араласып, кәсіпкерлік қырымен де танылған азаматтың облыстың, Тараз қаласы мен Талас ауданының экономикалық дамуына қосқан жеке үлесі қомақты-ақ. Қоғамның қан тамыр бүлкілін тап басып, тани білген Арекең сонау сексенінші жылдардың өзінде жалгерлік-мердігерлік ұжымдық және жекеменшіктік сауда ұйымдарына басшылық жасап тәжірибе жинақтап, кейін көпсалалы «Төлебаев» агрофирмасын құру арқылы нарықтық қарым-қатынас талаптарын тез-ақ меңгеріп кеткен-ді. «Сұңқар олжасын шашып жейді» деген қағидатты ұстанып, атымтай жомарттығымен де аты шықты. Осы жылдар ішінде соғыс және еңбек ардагерлеріне, Ауған соғысына қатысушыларға, табысы төмен отбасыларына, қарттар үйі мен үкіметтік емес ұйымдарға, мектептерге, спорттың дамуына жасаған демеушілік көмектерін айтып тауысу тіпті мүмкін емес. Жүрегі «елім, жерім» деп соққан азаматтың Мәскеу қаласынан ашылған қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке 300 000 доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, Мәскеу мэрі Ю.Лушковтың алғысы мен арнайы марапатына ие болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Отансүйгіштіктің, ел мен жерді, ұлы тұлғаларымызды ұлықтаудың үлгісі дегеніміз осы емес пе!?
А.Төлебаевтың ауылдарда білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын салудағы еңбектері де өзінше бір төбе. «ҚР Құрметті құрылысшысы» төсбелгісі мен Тараз қаласы мен Талас ауданының Құрметті азаматы атақтарына ие болуы оның еңбегіне берілген әділ баға екені анық. Бүгінде ол аудандағы мәслихат депутаттарын ортақ игілікті үстеу ісіне жұмылдырып та отыр.
Елбасы – біреу, қалғанымыз оған тіреу бола білуіміз керек. Өйткені, алдымызға ел дамуының ғаламат ауқымды міндеттері қойылып отыр. Елбасының әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі 5 реформа – «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын нақты іс жүзіне асыратын да халық – сіз бен біз, кәсіпкерлеріміз екені анық. Құдайға шүкір, бүгінде жеріміз құтты, еліміз бақытты.
– Заманымыздың заңғар тұлғасы, Алаштың біртуар ұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің мемлекеттілігі қалыптасып, дамуы, өсіп-өркендеуі, болашағымыздың бұдан да жарқын, нұрлы болуы жолында аянбай еңбек етумен келеді. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында Қазақ елі жетпіс жыл дәуірлеген кеңестік кезеңде қол жетпеген ғажайып жетістіктерді игерді. Елбасымыздың көрегендік қасиетінің арқасында даму жолымыз сараланып, басқа да шет мемлекеттермен арақатынасымыз артты, елімізді әлем таныды. Мемлекетімізге мол инвестиция келді. Экономикамыз өсіп, кәсіпкерлікті өркендетуге жол ашылды. Барлығы да Мемлекет басшысының сарабдал саясатының сәтімен іске асырылып жатқанының да жемісі. Жақсыдан шарапат деген, сірә, осы болар, – дейді бұл тұрғыда халық қалаулысы Арқабек Төлебаев.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support