Төл теңге – тәуелсіздік белгісі

Төл теңге – тәуелсіздік белгісі
ашық дереккөз
Төл теңге – тәуелсіздік белгісі

Кез-келген мемлекетте ұлттық валюта егемендіктің нышаны, сонымен бірге, экономикалық саясаттың өзекті тетіктерінің бірі. Жуық арада Елбасының бейнесі бедерленген жаңа банкнот пен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған естелік монета ел назарына ұсынылған болатын. Бұл өте құптарлық іс болды. Өйткені, ұлттық валютамыз Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегі мен көреген саясатының нәтижесінде дүниеге келді.

Айдайбек ХАЛЫМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры.

Кез-келген мемлекеттің тарихына бір рет қана енгізілетін және экономикалық тәуелсіздігінің символы болып табылатын валютасының тарихы да кіреді. Ұлттық ақша бірлігін енгізу нарықтық экономиканы құруға бағытталған дербес экономикалық саясатты және құрылымдық қайта құруды іске асыру үшін негіз болды. Осы жылдар ішінде біздің еліміз әлеуметтік-экономикалық салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің экономикалық жетістіктерін ұлттық валютаның айналымын қалыптасуымен байланыстыра отырып, теңгенің бірнеше даму кезеңін атап өтуге болады. Кез-келген мемлекет өзінің банкнотасын өзгелердікіне ұқсамайтындай етіп жасауға тырысады. Ондай ізденісті еңбек біздің елімізде де бар. Қазақстандық банкноттық және монеталық өндірістің жоғары деңгейін шет мемлекеттерден ақша белгілерін дайындау үшін түсіп жатқан тапсырыстардың көптігінен де байқауға болады. Ұлттық Банк өзінің жинақтаған тәжірибесін байытып, әлеуетін нығайту үшін ақша белгілерін дайындау саласындағы жұмыстарын бұдан былай да жоспарлы түрде және тұрақты негізде жетілдіре беретін болады. Бүгінгі күні теңгенің көркемдік және технологиялық сипаттағы, өзіне тән бірыңғай қатары, ортақ тұжырымдамасы және дизайны бар. Соның арқасында теңге банкноттары мен монеталары әртүрлі халықаралық байқауларда бірнеше рет жүлде алып, жеңімпаз атанды. Жалпы, ұлттық банкноттарда сол елдің негізін қалаған дара тұлғалардың, тұңғыш президенттер мен көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бейнеленуі – әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған үрдіс. Әсіресе, бұл мемлекеттердің қалыптасуы мен даму тарихында маңызды рөл атқарған басшыларға ерекше қатысты. Яғни, халқымыз Елбасының елімізге сіңірген ұлы еңбегіне лайықты құрмет көрсетті деп ойлаймын.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар