- Advertisement -

Елбасы манифесі – БҰҰ ресми құжаты

66

- Advertisement -

sam_0745Рано УБАЙДУЛЛАЕВА,
облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы.

Қазақстанның әлемдік саясатта алар орны ерекше. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде біз халықаралық қауымдастықта бейбітшілікті жақтаушы ел ретінде танылдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі Біріккен Ұлттар Ұйымының екі негізгі органы Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болуы – осының айқын дәлелі. Бұл халықаралық қауымдастық алдында Мемлекет басшысының мәртебесінің жоғары екендігін көрсетеді. Жалпы, күллі адамзат үшін бейбітшілікті сақтаудың негізгі жолдары көрсетілген құжат несімен құнды? Алдымен соған тоқталайық.
Ядролық қару – жаппай қырып-жоятын күшке ие. Химиялық, биологиялық қарулардан бас тартқанда ғана жаһандағы елдердің жан тыныштығы сақталмақ. Әлемде бейбіт өмір орнауы және елдердің бір-бірімен бейбіт қатынастарда болуы үшін мемлекет басшылары неге баса назар аударуы қажет? Елбасы манифесінен осы сұрақтың жауабын табуға болады. Қазақстан Президенті бұл манифесін дер шағында, нағыз керек кезде жариялады. Себебі, қазір әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұр. Әлемдік қауымдастық дауласқанды татуластыратын, жауласқанды жақындастыратын салиқалы сөз, салмақты ойға мұқтаж. Ал бейбітшілікке шақырған біздің Көшбасшымыздың үндеуі сол талаптардың үдесінен толығымен шығып отыр.
Татулықтың, достықтың туы қашанда биік. Елбасы әрдайым ел бірлігінен асқан байлық жоқ екенін еске салып отырады. Көшбасшымызға қолдау көрсеткен халқымыз да берекені шақырған ынтымақтастығын сақтауға тырысады. Соның арқасында елімізде сан түрлі этностың өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатыр.
Осы жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өткені мәлім. Сол жиында Мемлекет басшысы «Еліміздің тәуелсіздік тарихы – татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі, мызғымас бірліктің жылнамасы. «Байлық та, бақыт та – бірлікте» дейді халқымыз. Еліміздің әлемге сыйлы, бай да бақуатты мемлекет болуына татулығымыздың тұтқасы – Ассамблея зор үлес қосып келеді. Мен қоғамның барлық салаларында жемісті еңбек етіп жүрген сан түрлі этнос өкілдеріне зор ризашылығымды білдіремін», деген еді. Расында да, біз 25 жылда татулығымызды сақтау арқылы әлемге танылдық. Қасиетті қазақ жері тағдырдың түрлі тәлкегімен тоғысқан этностар үшін құтты мекен болды.
Біз 2025 жылға дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының даму және қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруға тиістіміз. Тұжырымдамада көрсетілген басты міндеттер – Елбасының бес институционалдық реформасы аясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, азаматтық приципке негізделген біртектілік пен бірлікті нығайту. Қазақстанда түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің қатар, бейбіт өмір сүруінің бай тәжірибесі қалыптасқан.
Мемлекет басшысы әлемде бейбітшіліктің берік орнығуы жолында көптеген істерге бастамашы болды. Бейбітшілік пен тұрақтылық – ел Президентінің ішкі және сыртқы саясатының басты бағдары. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында қол жеткізген табыс­тарымыз елдегі татулықтың жемісі десек, бұл жетістіктердің барлығын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байла­ныс­тыруға толық хақымыз бар.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support