- Advertisement -

Президентпен жеті рет жүздестім

84

- Advertisement -

Жас мемлекетіміздің 25 жылдық тарихын парақтасаңыз, ел экономикасының артуына бірден-бір ықпал еткен кәсіпкерліктің дамуына тәу етер Тәуелсіздігіміз екеніне көз жеткізесіз. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында, ел экономикасына басты серпін беретін, қозғау салар саланың бірі – шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселесін назарынан қалыс қалдырған емес. Соның нәтижесінде елде кәсіпорындар көптеп ашылды. Өзім басқарып отырған шағын өндіріс орны да тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайды.

dsc_0051Сәуле Рысбаева,
«Рысбаева және Ко» ЖШС-ның директоры.

«Рысбаева және Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тәуелсіз мемлекетімізден небәрі үш ай ғана кіші. Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толса, келесі жылдың наурыз айында біздің өндіріс орны 25 жылдығын тойлайды. Егемен еліміз секілді серіктестігіміздің де өрлеу-өсу кезеңдерінің ширек ғасырлық даму тарихы қалыптасты. Сол шежірелі жылдардағы Елбасымен жүздескен сәттердің әсері ерекше естен кетпейді.
Елбасымен мен алғаш 1995 жылдың 5 наурызында кездестім. Сол жылы Тараз қаласында «Баласағұн» орталық концерт залында тұңғыш рет іскер әйелдердің форумы өткен. Үзілісте Президент екінші қабатқа көтеріліп, бір топ кәсіпкерлерді сөзге тартты. Өңіріміздегі он шақты кәсіпкер ұйымдастырған көрмені тамашалады. Осы сәтті пайдаланып, «Нұрсұлтан Әбішұлы біз тек өндіріспен айналысамыз, өнімдерімізді көресіз бе?» дедім батылсыздау үн қатып. Ол кісі сөзге келместен, біздің стендке қарай бұрылып, істі қалай бастағанымызды сұрады. Сонда жасаған мөрлеріміздің бірін қолына алып тұрып: «Бұл еуропалық үлгідегі бұйымдар екен, қазір өте қажет дүние, өзгелер де енді ала дорбаны қойып, өндіріске көшу керек осылай» дегені әлі есімде.
Президентпен келесі жолы 1996 жылы 6 наурызда жүздестім. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Елбасының қабылдауына Алматы резиденциясына шақырылыппын. Бұл кездесуге баруға облыстан «Юнчи» өндірістік бірлестігінің сауыншысы Валентина Иванова екеуміздің кандидатурамыз ұсынылыпты.
Мемлекет басшысын үшінші рет облысымызға келген жұмыс сапары барысында көрдім. Президент бұл жолы біздің өндіріс орнына келді. Ол кезде серіктестігіміз шағын еді. Он-он бес қана маман жұмыс істейтін. Әйтсе де, Елбасымыз мекемеміздің жұмысын жақсы бағалап, мемлекетке салық төлеп, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырғаныма ризашылығын білдірді.
Бір жылдан кейін желтоқсан айында Мемлекет басшысымен тағы да «Баласағұн» орталық концерт залында кездестік. Президент Таразға келген іссапары барысында Жамбыл жұртшылығымен кездесу өткізді. Сол жолы да сәті түсіп, Елбасымен бірер ауыз тілдесу мүмкіндігі бұйырды. Ол кісі жұмысымыз туралы сұрады. Ал 2000 жылы кәсіпкерлер форумында тиісті адамдарға тапсырма беріп, серіктестігімізде туындаған қиындықтарды шешуге ықпал еткен. Бір жылдан кейін 8 наурызда Президенттің қатысуымен өтетін әйелдер мерекесіне тағы шақырылдым.
Сол жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай республикалық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шарада Елбасымен тағы да жүздесудің сәті түсті. Форумда көпшілік арасынан көзі шалып қалған болуы керек, «Сәуле, қал қалай?» деп жағдайымды сұрады. Бұлай болады деп күтпегендіктен шығар, қатты таңырқап әрі қуандым. «Ұлық болсаң, кішік бол» демей ме?! Көшбасшымыздың нағыз осындай жан екеніне көзім жетті. 2005 жылы 25 сәуірде Президент кезекті іссапармен Жамбыл жеріне келді. Бұл өңірдегі кәсіпорындар қатары едәуір артқан кез. Мемлекет басшысы жаңадан іске қосылған кірпіш зауытының ашылу салтанатына қатысып, сол жерде облыстағы өндіріс орындарының көрмесімен танысты.
Осы кездесулердің ерекше әсерлерін қағазға түсіріп, осыдан бес жыл бұрын «Елбасымен жеті рет жүздесу» атты кітап шығардым. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына осылай тарту жасағым келді. Ал биылғы 25 жылдыққа, Тұңғыш Президент күніне дайындаған сыйым, тіпті, өзгеше. Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпау керектігін ескерткен болатын. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға өз үлесімді қосып, «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту және бәсекеге қабілетті білімді әрі өнерлі жастарды тәрбиелеуге өзіндік үлесімді қосу үшін «A-Status» кешенін аштым. Мұнда 3-тен 11 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бұл менің мерейлі мерекелер қарсаңында елге арнаған тартуым. Тәуелсіздік бізге өз кәсібімізді ашып, үлкен іспен айналысуға мүмкіндік берді. Ендеше, біз де Тәуелсіздігіміздің басты табысы не екенін іс жүзінде көрсетуіміз керек.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support