- Advertisement -

Қытайлық сайт Қанатқа баға берді

120

- Advertisement -

Әлем назарын аударған қазақстандық кәсіпқой боксшысы Қанат Сіләмұлы (Ислам) мен ганалық Патрик Аллотейдің Алматы қаласында өтетін жекпе-жегіне орай Қытай Халық Республикасындағы ең үлкен бокс сайты «Бокс авиаматкасы» арнайы хабар таратып, Қытайдағы бокс жанкүйерлерінің назарына ұсынды. Онда былай делінген:
«Кезінде Қытай құрамасы атынан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына қатысқан Қазақстан кәсіпқой боксшысы Қанат Сіләмұлы (Ислам) қазанның 29-ы күні кезекті мәрте шаршы алаңға шығып, ганалық былғары қолғап шебері Патрик Аллотеймен жекпе-жекке түспек. Қарсыластар WBA Fedelatin және WBO Intercontinental нұсқалары бойынша чемпиондық белбеуге таласады. Жекпе-жек 29-ы қазанда Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де «Алматы-Арена» спорт кешенінде өтеді.
32 жастағы Қанат Сіләмұлы (Ислам) қазірге дейін кәсіпқой рингте 21 рет жекпе-жекке шығып, бәрінде жеңіске жеткен, 18 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Қанат 1984 жылы Шыңжаңның Алтай аймағында туылған. 1997 жылы Шыңжаң бәсекелік дене тәрбие мектебінің бокс командасына, 2001 жылы Шыңжаң бокс командасына, 2004 жылы Олимпиада жарысы мемлекеттік шоғырлы жаттығу командасына қабылданған. 2007 жылы тамызда Үрімжідегі халықаралық достық жарысында, 2007 жылғы дүниежүзілік додада 69 килограмм салмақ дәрежесінде олжа салған. Сондай-ақ, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қола жүлдені қажығасына байлаған.
2009 жылы Қанат Сіләмұлы әлемдік кәсіпқой рингке ресми түрде бет бұрды. Қанат ағымдағы жылдың мамыр айында колумбиялық Хуан Де Анхельмен кездесіп, оны техникалық нокаутпен жеңді. Ол жұдырығы ауыр, шабуылы мығым боксшы.
26 жастағы Патрик Аллотей қазірге дейін кәсіпқой рингте 34 рет жеңіске жетіп, 2 рет жеңілген, 28 қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген. Патрик күші мығым болғанымен, кездесудегі нәтижелеріне қарасақ, Қанат Сіләмұлына тең жағдайдағы қарсылас емес.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Головкиннің жарқын жеңістерінен соң жұрттың назары кәсіпқой боксқа ерекше ауды. Головкиннен бөлек WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлемнің тұрақты чемпионы Бейбіт Шүменов те қазақстандық боксшы» деп жазады басылым.
Міне, осылайша миллиардтар елі атанған еліміздегі ең үлкен бокс сайты Қанат Сіләмұлына зор сенім артып отыр. Қатардағы жанкүйер ретінде Қанат Сіләмұлына біз де сәттілік тілейміз.

Арнайы «Ақ жол» газеті үшін Шыңжаң «Іле кеші» газетінің тілшісі Сенбек Әуесқанұлы Қытайдың Құлжа қаласынан хабарлайды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support