Балуан мейіржан – студенттер арасындағы әлем чемпионы

Балуан мейіржан – студенттер арасындағы әлем чемпионы
ашық дереккөз
Балуан мейіржан – студенттер арасындағы әлем чемпионы

Түркияның Чорум қаласында еркін күрестен студенттер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бәсі биік додада Жамбыл күрес мектебінің түлегі Мейіржан Әшіровтің жұлдызы жанды.

Чорум төрінде төселген боз кілемде өзінің шын мәнісінде мықты екенін дәлелдей білген жерлесіміз Мейіржан Әшіров қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Әлемнің 34 елінен кілең «сен тұр, мен атайын» балуандар сынға түсіп жатқан додада жеңісті жұлып алу әрине оңай емес. Әйткенмен, ұзақ жыл бойы жинақтаған тәжірибесінің арқасында Мейіржан мақсатына жетті. 65 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мейіржан Әшіров ақтық сында Молдова елінің балуанымен белдесіп, тартысқа толы өткен шайқаста қарсыласынан 10:7 есебімен басым түсіп, еліміздің көк байрағын көкте желбіретті. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәлім алған Мейіржан Әшіров бұған дейін де талай додаларда өзінің шеберлігімен мамандарды тәнті ете білген еді. Ол екі мәрте ел біріншілігінде қарсыластарының жауырынын жер иіскетіп, чемпиондық атаққа қол жеткізген. – Мейіржанға ел үміт артты. Сенім үдесінен шыққан шәкіртімнің жеңісі баршамызға ортақ. Түркия төрінде жақсы өнер көрсеткен шәкіртіммен мақтанамын. Спортшының басты мақсаты өзі қатысқан байрақты бәсекелерде топ жару екені белгілі ғой. Бұл жарысқа барынша жақсы дайындықпен бардық. Жеңіске жету жолында Мейіржан аянып қалған жоқ, – дейді чемпионның бапкері Берік Тоқсанбаев жамбылдық жампоздың жеңісі туралы ойымен бөлісіп. – Әрине, жеңіске жету үшін бар күшімді салдым. Аллаға шүкір, алға қойған мақсатыма жеттім. Барлық жанкүйерлерге, бапкеріме алғысымды білдіремін. Байрақты жарыстарда Қазақстанның туы әрдайым биікте бола берсін. Жұртымызды қуанышқа бөлей берейік, – дейді чемпионның өзі. Қатарынан оза шауып бәйге алған Мейіржанның әлі талай биікті бағындыратынына біз бек сенімдіміз. Өйткені оның бойында жеңіске деген құштарлық, жігер, намыс оты алаулап тұр.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар