- Advertisement -

Терме сөздің төресі

158

- Advertisement -

жыршы-термеші Әбіш Әділбеков жастармен кездесті

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жыршы-термеші Әбіш Әділбековпен кездесу өтті. Оған аталмыш жоғары оқу орнының гуманитарлық бағыттағы мамандықтарының студенттері қатысты. Кездесу барысында жыршы-термеші жастарға орамды ойларын, тағылымды әңгімелерін айтып, тәрбиелік мәні зор термелерін, қазақ батырларының ерлігін сипаттайтын жырларын да орындап берді.
Кездесу басында университеттің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар институтының деканы Әзімхан Ыбырайымов сөз алып, өнердің бұл түрінің маңыздылығына тоқталып, қонақтың қадамына құт тіледі. Сондай-ақ, ол өнер иесіне оқу орнының атынан естелікке сый-сияпат жасап, өнерінің өрлей беруіне тілеулес екенін жеткізді.
Бұдан соң Әбіш Әділбеков қара домбырасын қолына алып, қоңыр үнімен ғибратты термелерді, рухты жыр-дастандардан үзінділерді екпінді мақамға салып, төкпелете шырқады. Бізді қуантқаны, жастардың сол дәстүрлі өнердің керемет үлгісі болған жыр-термелерді ұйып тыңдағаны, арасында орындаушыға дем беріп қиқулап, қолпаштап отырғаны болды. Әсіресе, Көдек ақынның, Қабан жыраудың термелері, «Абылай хан» дастанынан алынған толғаудың шырқалған сәтінде тыңдармандар орындаушыға ерекше құрмет көрсетті.
Жиналған жұртты серпілткен жыршы-термеші жастардан қойылған түрлі сұрақтарға жауап беріп, өзі туралы қызықты мәліметтерімен бөлісті.
– Менің мамандығым – негізі заңгер. Ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп, зейнетке шықтым. Өнерден мүлде алыс салада жүрсем де, өз дарынымды дамытып отырдым. Ізденісімді ешқашан тоқтатқан емеспін. Мен көбіне айтыла бермейтін жыр-термелерді орындауға тырысамын. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ғасырлар үні» атты XVIII-XX ғасырлар ақындарының шығармалары жинақталған, екі музыкалық дискімді жарыққа шығардым. Жинақ «Абылай хан» дастанынан басталып, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы батырлар туралы жыр-толғаулардан тұрады. Сонымен қатар, тыңдарман назарына, қазақ халқының 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысы, қазақ халқының жат жерге қоныс аударғаны мен 1932 жылғы ұлы нәубет туралы жырлары ұсынылған. Сондай-ақ, үнтаспада Қабан жырау, Бақтыбай, Сүйінбай, Құлмамбет, Бөлтірік, Асан, Кенен, Көдек, Шарғын жыраулардың шығармалары да менің орындауымда тыңдарманға жол тартқан, – деген белгілі өнер иесі, кездесу соңында студенттердің сұранысы бойынша өзінің шығарған таныстыру термесін де шырқап берді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support