- Advertisement -

Байланыс саласының болашағы жарқын

106

- Advertisement -

Ертең – Дүниежүзілік пошта күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде белгіленген бұл атаулы күнді еліміздің, оның ішінде облысымыздың байланыс саласының қызметкерлері де атап өтуде.
Бұдан 142 жыл бұрын Швейцарияның Берн қаласында 22 мемлекеттің өкілдері қатысуымен Дүниежүзілік Пошта одағын құру туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Біздің еліміз 1992 жылдан бастап осы одақтың мүшесі, ал 1994 жылы оның әкімшілік кеңесіне сайланды.
Арада өткен ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстанның ұлттық поштасы күрделі реформалау кезеңін бастан өткерді. Газет-журналдарды, сәлемдемелерді жеткізудің бағзы дәстүрлі жүйесінен осы заманғы көп салалы сервистік қызметтер көрсетуге дейінгі жаңару, жаңғыру жолдарынан өтіп, өсіп, өркенін жая түсті.
«Қазпоштаның» құрылымдық бөлімшелері бүгінгі күні халыққа көптеген пошталық, қаржылық және агенттік қызметтері түрлерін көрсетеді. Аталған қызметтер заманауи технологияларға сүйеніп, дүниежүзілік стандарттарға сай, жоғары сапалық деңгейге жету мақсатымен жаңа жобалар енгізу арқылы жүзеге асырылып отыр. 2014 жылдан бастап аталған жобалар мен бағдарламалардың енгізілу қарқыны күшейтіліп, салада көптеген өзгерістер мен жаңалықтар орын алуда. Мысалы, SMS-хабарландыру 5 миллионнан астам хабарламаны, 800-ден астам сұранысты қанағаттандырып, гибридтік электрондық пошта арқылы 273 мыңнан астам жөнелтілімдерді жүзеге асыра алады. Пошта тасушылар жаңа үлгідегі арнайы киімдермен, смартфондармен, велосипедтермен, сөмкелермен жеткілікті қамтамасыз етілген. Ал операторлар бонустық жүйе арқылы мотивация алу мүмкіндігіне ие.
Саладағы бірқатар бағдарламалар, мысалы, «Сәлем теңге» – Қазақстан бойынша жедел ақша аударымдарын, «Сенім» – «Қазпошта» бөлімшелерінен зейнетақы мен жәрдемақы алу, «kz.Vpost» – интернет арқылы АҚШ тауарларын сатып алу, «Print2Card» – онлайн режімінде «My kazpost» мобильді қосымшаларын қолдану арқылы ашық хаттарды дүниежүзілік ауқымда жеткізу, «Postmarket» – пошталық онлайн-супермаркеті қызметтерін едәуір жеңілдете түсті. Мүлік, жер, көлік салықтары бойынша комиссиясыз төлемдер де тұрғындар үшін өте тиімді. Сондай-ақ, жаңа енгізілген қызмет – барлық бағыттар бойынша темір жол билеттерін пошта байланысы бөлімшелері арқылы сату ісі табысты жүзеге асырылу үстінде.
Шалғай ауылдарда да байланыс қызметі дамытылуына айрықша назар аударылып отыр. Бүгінде бюджеттік мекемелерге зейнетақы, жәрдемақы, жалақы төлеу, ақша аударымдары, депозитке ақша салу қызметтері мейлінше қолжетімді бола түсті. Аудан орталықтарынан жырақта орналасқан елді мекендер тұрғындарының да осындай мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету басты назарда ұсталынуда.
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалының ұжымы өздерінің кәсіби мерекелерін қомақты жетістіктермен қарсы алып отыр. Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еліміз бойынша пошта қызметтерін пайдалану ісін жоғары деңгейде жүзеге асырғандары үшін филиалымыз жүлделі орынды иеленді. Сонымен қатар, «Ең үздік видеоролик» деген аталымының бас жүлдегері атанды. Осындай жетістіктерге жетуге мекеме қызметкерлерінің, оның ішінде пошта тасушылардың, операторлардың, сұрыптаушылардың, жүргізушілер мен инкассаторлардың қосқан үлесі, ерен еңбегі ерекше атап өтуге лайықты.
Бүгінде филиал басшысы Шыңғыс Тұрлыбековтің жаңашыл бастамалар мен өркенді өзгерістерге жол ашып отырғанын да атап өтуге тиіспіз. Басшыларымыз биылғы ораза кезінде филиал қызметкерлеріне дастарқан жайып, ауызашар берді, сондай-ақ облыстық спартакиада, қызметкерлер балаларының арасында сурет салу, фельдъегерьлер мен инкассаторлар байқаулары өткізілуіне ұйытқы болды. Бұл байқауларда жеңімпаз болып танылғандар мен еңбек үздіктері мерекелік салтанатты жиында марапатталатын болады.
Мереке құтты болсын, әріптестер!

Ақбөпе СЕЙІЛХАНОВА,
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы іс жүргізу
секторының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support