- Advertisement -

БИЗНЕСТІ ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛУҒА болады?

119

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен дәстүрлі брифингте Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңы аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Алтай Жігітеков хабарлама жасады.
Ол – Елбасы соңғы кездері заңдарға енгізілген өзгерістерді кеңінен насихаттау қажеттілігі туралы міндеттегенін еске сала келе, аталған заңға енгізілген өзгерістерге де кеңінен тоқталды.
– Қазақстандықтарға осыған дейін «банкроттық» деген сөз «қаржылық күйреу», «кредиторлармен есеп айырысу үшін мүліктен айырылу» және «бизнестің міндетті түрде таратылуы» деген ұғымды білдірді, – деді ол. Бұған дейін заң шығару базасы «банкрот» деп танылған кәсіпорын үшін қайта жандандыру көздері табылған немесе қалпына келтіру жоспары әзірленген жағдайда банкроттықты тоқтатып, оны жандандыру мүмкіндігін қарастырмаған.
2015 жылғы маусым айындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия тарапынан «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында бизнесті сақтап қалу тетіктері мақұлданғаны осы мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік беріп отыр. Осыған орай, Елбасы былтырғы қараша айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты тапсырмалар беріп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғаны белгілі.
Бөлім басшысының мәлімдеуінше, аталған заңда рәсімдерді оңтайландыруда және мерзімдерді қысқартуға бағытталған шаралармен қатар, кәсіпкерлерге өз бизнесін сақтау үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған.
«Банкроттық оңалтуға көшу», «Бітімгершілік келісім», «Банкрот компанияны сату және меншік иесін ауыстыру», «Төлем қабілетсіздігін реттеу» туралы жеке-жеке тоқталған А.Жігітеков аталмыш заң оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқартуға бағытталған нормаларды қамтитынын да жеткізді. Біріншіден, оңалту және банкроттық рәсімдердің шеңберіндегі дауларды бұдан былай бір ғана судья қарайтын болады. Екіншіден, апелляциялық сатыда сот актілеріне шағымдану шектелген, үшіншіден, борышкерді банкрот деп тану туралы және төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімдері дереу орындалуға жатады.
Хабарламашы департамент тарапынан заң талаптарын түсіндіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Облыс орталығында және аудандарда кәсіпорындар мен бизнестік құрылымдарда бірнеше рет кездесулер өткізілген. Осындай басқосуларда кәсіпкерлерге өздерінің бизнестерін сақтап қалу мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында заң талаптарын түсіндіретін хабарламалар да жиі жарияланады.
Журналистер өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support