- Advertisement -

Табыс көзінің бірі – Туризм

86

- Advertisement -

облыста оны дамыту жолында қандай шаралар қолға алынуда?

Ел экономикасының дамуына ерекше серпін беретін бағыттардың бірі – туризм. Бүгінде елімізде бұл саланың өріс алуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы ол үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастыру және еліміздің туристік саласын дамыту бойынша бірқатар маңызды міндеттерді алға қойған болатын.
Бұл бағытта туризмге тартымды өңірлердің бірі болып табылатын, тарихы тереңнен тамыр тартатын көне жәдігерлерге толы облысымызда да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының кезекті мәжілісінде жан-жақты қаузалды. Қолға алынып, жасалынып жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбеков өңірлік туризмнің жай-күйіне тоқталды. Ол облыс аумағында орналасқан 4 мемлекеттік қорықша мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан 5 археологиялық ескерткіштің өңірдің туристер үшін тартымдылығын арттыра түсетінін айтады.
– Бүгінгі таңда облысымызда 43 туристік ұйым, 1 киіз үй қалашығы, 10 балалар-сауықтыру лагерьлері, 7 демалыс орындары, минералды сулар және батпақтармен емдейтін 5 санаторлық-курорттық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Облыстағы орналастыру орындарының өсу динамикасының көрсеткіштері 2015 жылы ішкі туризм 2012 жылмен салыстырғанда 32 пайызға, ал шығу туризмі 71,77 пайызға артса, орналастыру орындары 72 бірлікке көбейген. Ағымдағы жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша облыста келушілерді орналастырумен шұғыл­данатын орналастырулар орындарының саны 135 бірлікті, ондағы орналастыру орындары 1612 нөмірді құраған. Олардың біржолғы сыйымдылығы 2862 төсек-орын десек, есепті мерзімде 21103 адамға қызмет көрсетілген.

Облыста туризм саласын дамыту мақсатында халықаралық және республикалық туристік қызмет нарығында облысымыздың туризм аймағы ретінде жағымды бейне қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар атқарылды. Ұлы Жібек жолының облыс бөлігінде Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан мемлекеттерінің министрлік құрылымдары және дипломатиялық корпустарының өкілдері үшін ақпараттық турлар өткізілді. Осы турлар нәтижесінде аталған мемлекеттер министрліктері деңгейінде туризм саласында ынтымақтастық және қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылды. Тараз мемлекеттік университетімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде гид-аудармашылар даярлайтын қосымша жаңа пән ашу туралы келісімге келдік, – дейді Болат Дәулетбайұлы. Сондай-ақ, баяндамашы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Аймақтық үйлестіру кеңесімен қонақ үй соғу және қайта қалпына келтіру бойынша жалпы сомасы 512,0 миллион теңгені құрайтын 7 инвестжоба қаралып, мақұлданғанын, облыс әкімдігі және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы тарапынан жалпы сомасы 500 миллион теңге бөлініп, облыстағы туризм саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдау туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Ол ғана емес, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасы туризм істері бойынша мемлекеттік басқармасы арасында Қытай азаматтарының Қазақстанға келуі бойынша топтық визаларын жеңілдету туралы меморандумға қол қойылып, облысымыздың 4 туристік ұйымына Қытай туроператорларымен жұмыс істеуге аккредитация жүргізілген. Бүгінгі таңда осы меморандумға сәйкес Қытайдың Шаньси провинциясынан 27 және Пекин университетінен 8 қытай азаматы өңірімізге туристік сапармен келіп кетіпті.

Аталмыш басқарма басшысы саланы дамыту жолында атқарылуы қажет бірқатар жұмыстарды негізге ала отырып, «Ақыртас» кешеніне баратын ұзындығы 8 шақырым жолды жөндеуге 371 миллион теңге және «Тау самалы» туристік кешеніне баратын ұзындығы 4 шақырым жолды жөндеуге 192,5 миллион теңге қаржы керектігін сөз етті.
Бұдан кейін сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова облыстық туризмді дамыту жолында туристік-ақпарат орталығын құруды кезек күттірмейтін шаруа деп есептейді. Ол бұл тұрғыдағы жұмыстар еліміздің өзге облыстарында өз нәтижесін беріп жатқандығын тілге тиек етті.
– Туризм саласына жасалып жатқан қолдау-көмектердің көптігіне қарамастан, бүгінгі таңда ол табысты салаға айналмай отыр. Отандық экономикадағы қолайлы жағдай, мемлекеттік қолдау бизнесті сапасы жақсы, бағасы қолайлы қонақ үйлер салуға ынталандыруда. Бұл сөзімізге 2013 жылмен салыстырғанда 2016 жылы қонақ үйлер санының 82 пайызға артқандығы дәлел бола алады. Алайда, қонақ үйлердегі орындардың толымдылығы небәрі 12,4 пайызды құрап отыр. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге аз. Мұның басты себебі – облыс орталығында шетелден келетін туристерге қызмет көрсететін жоғары кластағы қонақ үйлердің жоқтығы. Ал қолда бар қонақ үй базасы 50-60 пайызға ескірген.
Жыл басынан бері облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі туризмді дамыту бағытында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарды. Айталық, кәсіпкерлер палатасының бастамасымен туризм кластерін дамыту және «Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысшы тобы құрылып, оның құрамына әкімдік, туристік қауымдастық мамандары, қонақ үй, мейрамхана, қолөнер бизнесі өкілдері және тарихшылар мен археологтар кірді. Үстіміздегі жылдың наурыз-сәуір айларында жұмысшы топ облысымыздағы туристік нысандарды аралап, түгендеу жұмыстарын жүргізді. Туристік нысандардағы орын алып отырған олқылықтар мен кемшіліктердің тізбесін жасады. Туристер үшін қысқа және ұзақ мерзімді бағыттардың картасын сызды. Жұмыстар нәтижесінде облыс әкімінің қолдауымен мәслихат 2016 жылы облыста туризмді дамытуға бюджет қаражатынан 41 миллион теңге бөлуге шешім шығарды. Бөлінген қаражат Жамбыл облысының туристік сайтын жасауға, жарнамалық өнімдер шығаруға және Туристік-ақпараттық орталық құруға жұмсалатын болады, – деген Қарлығаш Аралбекова Астана қаласындағы EXPO – 2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру жолындағы өңірдің үлесін айтып өтті. EXPO – 2017 халықаралық көрмесінің дайындық жұмыстарына облыстан әріптестік туралы меморандумға қол қойған 4 туркомпания қатысуда. Олар қаламызға келетін қонақтар үшін 4,5 және 6 күндік туристік бағыттар әзірлеп үлгерді. Бұлар туристерге тек EXPO кезінде ғана емес, одан кейінгі уақытта да тартымдылығын жоғалтпайтындай етіп жасалынбақ екен.
Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев бірқатар мәселелерге тоқталып, Ақыртас кешені мен «Тау самалы» демалыс орындарына жол салуды биылдан бастап қолға алу керектігін айтып, тапсырмалар берді.
– Өңіріміздің туристік әлеуетін арттыруға үлкен үлесін қосатын, облыс көлемінде орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Ақыртас және Қостөбе (Жамукат) қалашықтары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілгенін бәріміз білеміз. Бұдан бөлек, мемлекеттік есепте тұрған көптеген ескерткіштер бар. Міне, осыларды алыс-жақын шетелдерден облысымызға ат басын бұрып келіп жатқан қонақтарға барынша насихаттау жолын дұрыс қолға алу керекпіз. Ол үшін тиянақты жұмыстар жүргізілу керек, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Жиында сөз алған «Золотой Караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер туристерді «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын аралатуға мүмкіндік болмай тұрғанын, қарауылдары кіруге рұқсат бермейтінін айтып, кіруге қашан мүмкіндік болатынын сұрады. Кәрім Нәсбекұлы бұл мәселені тиісті басқарма басшыларына тапсырып, тез арада шешілу керектігін ескертті.
Сонымен қатар, жиын барысында жасөспірімдер туризмі, саладағы кадр тапшылығы туралы пікірлер айтылып, орамды ойлар ортаға тасталды.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support