- Advertisement -

Елге керек азамат

133

- Advertisement -

Өткен сайлауда Жақсылық, Қарақат және Көкдөнен ауылдарының 2900 сайлаушысы №5 Жақсылық сайлау округінен аудандық мәслихаттың депутаты етіп осымен екінші мәрте Сәтжан Пойызбайұлы Мамырбаевқа сенім артты. Сәтжанды қазір бүкіл аудан жұртшылығы жақсы біледі. Өйткені омырауына «Ұлт мақтанышы» медалі мен екі бірдей «Еңбек Даңқы» медалін тағып жүрген азамат. Ол сонымен қатар, белгілі меценат, мектеп ата-аналар комитетінің төрағасы. Ауған соғысы ардагерлері мен мектептерге үнемі қайырымдылық көрсетіп, демеушілік жасап жүреді.
Жақында меценат Ахмет Байтұрсынов атындағы шағын орталықты мектеп оқушыларына екі жүз мың теңгенің интерактивті тақтасын алып беріп, бір қуантты. Мектеп директоры Айгүл Әскербекқызы Қасенәлиева жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылар сәтте депутатқа ұстаздар мен оқушы қауымның атынан шын алғысын білдірді. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын 394 бала аттады. Егер осыған дейін мектепте 4 интерактивті тақта бар болса, енді бесеу болды. Ол электронды оқыту кабинетінде шәкірттердің игілігіне жұмыс істейді.
Депутат биыл да «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтіп отырған «Мектепке жол» акциясына қатысып, Қарақат ауылындағы мектептің бишілер тобына 150 мың теңгенің киімін алып берді.
– Қайырымдылық жасау Сәкеңнің қанына сіңген қасиет. Онсыз ауылдың Наурыз мерекесі, Жеңіс күні өтпейді. Осы мейрамдардың өтуіне ақшалай жәрдем көрсетуді Сәтжан өзінің азаматтық борышы санайды. Ол алдына келген мүгедек жандарға, жағдайы нашар отбасына үнемі ұнын, қант-шәйін алып беріп, қажет болса емделуіне қолұшын береді, – дейді А.Қасенәлиева.
– Мәселен, көкдөнендіктер Қырбас Сүлейменов көшесіне асфальт төсету туралы мәселені көптен көтеріп келе жатқан. Депутат бұл проблеманың түбегейлі шешілуіне ықпалын тигізді. Сөйтіп, аудан бюджетінен 18 миллион 471 мың теңге қаражат бөлініп, асфальт төселді. Дәл осындай көмегін Жақсылық ауылының тұрғындарына да тигізіпті деп естіп жатырмыз. Ондағы Қарақойшы көшесінің тұрғындары өз депутаттарына дән риза.
Иә, ауыл әкімі көрмегенді халық қалаулысы көрсе оның не сөкеттігі бар. Бір кезде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолын салып жатқан жолшылар Көкдөнен ауылына ағын су келетін арна бойындағы көпірді көміп кеткен екен. Егер ол осы күйінде жата берсе, тегі жауын суы көбейе келе ауылды су басып қалуы әбден мүмкін болатын. Осы қауіпті алдын ала сезген ауыл ақсақалы Болат Махаметкерімов депутаттан шұғыл көмек сұрайды. Сәтжан Пойызбайұлы қарияның сұранысын келген мезетте орындап, оған экскаватор жібереді.
– Жақсылық ауылынан балабақша салу менің көптен бері ойымда жүрген. Алғашында ол мемлекеттік бағдарламаға еніп, жоба жасауға 30 миллион теңге қаражат та бөлінген. Бірақ, бұл ойымыз жүзеге аспай қалды. Дегенмен, бақша салу күн тәртібінен әлі түскен жоқ, – дейді аудандық мәслихаттың депутаты Сәтжан Мамырбаев. – Мені ойландырып жүрген тағы бір мәселе бар. Ол осы өз ауылымдағы жаңа қоныс алып жатқандардың мәселесі. Міне, төрт жыл болды Жақсылық ауылының тау жағынан жер бөлініп, жас отбасыларына үй салуға жер телімі беріліп жатқанына. Қазірдің өзінде жиырма шақты азамат үйлерінің іргетасын қалап та үлгерді. Алайда, олар салған үйлерін заңдастыра алмай әбден сергелдеңге түсіп жүр. Оның бір-ақ, себебі бар, көшеге ат берілмеген. Тұрғын халық көшеге Қайқы батырдың есімін беру керек деп әлдеқашан шешіп те қойған, бірақ оны облыстық ономастикалық комиссия бекітпей отыр. Олар мораторий жарияланғанын алға тартады. Сонда аз ғана ауыл адамдарының үй салуға деген сұранымын төрт жыл бойы күткізіп қоюға бола ма?
Сәкеңнің қоғамдық жұмыстардан басқа да қыруар жұмысы бар. Ол басқарып отырған «Қайқы» шаруа қожалығы биыл 1080 гектар алқапқа егілген бидайдың әр гектарынан – 25, 300 гектар арпадан 30 центнерден өнім алды. Қазір Байбосын Әбілдаев басқарған диқандар мақсары оруда. Олар 800 гектар мақсарының әр гектарынан орташа есеппен 5-6 центнерден түсім алуда. Комбайншылар Есжан Мамырбаев, Ержан Әбілдаев, Сейсен Шабатаевтар уақытпен санаспай еңбек етуде. Жиын-терін кезінде «КРАЗ» автокөлігінің жүргізушісі Қайрат Үкібаев та тынбай жұмыс істеп, өзінің күндік нормасын артығымен орындады.
Биылғы түсім де жаман емес. Демек, пайшыларға берілетін үлес мөлшері де қомақты болмақ. Осы уақыт ішінде олардың қатары кеміген жоқ, қайта өсті. Қазір қожалық құрамында 167 пайшы бар.
Сәтжан Елбасы Жолдауын қарап отырып азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі мәселеге тереңірек көз жүгіртеді. «Неге біз етті, сүтті шетелдерден сатып алуымыз керек?» деген сауалды өзіне сан мәрте қояды. Қояды да бізде де осындай мүмкіндіктер бар ғой деп ойлайды. Әзірге 24 сауын сиырды саууға қойып, олардың санын өсіре берсем деп те ойлайды. Сәтжан осы ойлардың жетегінде жүріп орақ науқанының аяқталып, күзгі егіс-дала жұмыстарының келіп қалғанын да байқамай қалды. Осындай қым-қуыт шаруалар ауыл кәсіпкерінің мазасын алып бітті. Бірақ, депутат болсаң елдің проблемаларын да қатар шешесің, ең бастысы сен елге керексің.

Сейсен Қожеке.

Жақсылық ауылы,
Тұрар Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support