- Advertisement -

Қажылар Мәдина қаласында алғашқы таң намазын оқыды

101

- Advertisement -

Тікелей рейспен Астана халықаралық әуежайынан аттанған қажылар Мәдина қаласына 5 сағат 30 минутта жетті. Мәдина қаласына табан тіреген 336 қажы 14 қонақ үйге орналасып, пайғамбарымыздың мешітінде алғашқы таң намазын оқыды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігімен келісімінің нәтижесінде 2016 жылдың қажылық маусымы үшін тұңғыш рет Астана, Алматы, Шымкент қаласынан Мәдина және Жидда бағыттары бойынша тікелей рейстердің ашылғаны туралы осыған дейін хабарлаған болатынбыз.

«Бұған дейін Мәдина, Жидда қалаларына тікелей рейстердің болмауына байланысты жерлестеріміз Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақ үйлерінде немесе күту залында ұзақ уақыт күтіп қалатын. Ал, биыл қажыларымыз белгіленген уақытта Мәдина, Жидда қалаларына ұшып келуде. Бұл – үлкен жеңілдік. Қажыларымыз 5 сағат 30 минутта Мәдина қаласына жетті», – дейді ҚМДБ Қажылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Қанат Бекжанов.

«Бұған дейін еліміздің мұсылмандары бірнеше рейспен, басқа елдер арқылы қасиетті мекенге жетуге мәжбүр болған екен. Мұндай жағдайда біз сияқты үлкен адамдарға ауыр болар еді. Еліміздің Діни басқармасының жүргізген орасан зор жұмысының арқасында санаулы уақытта Мәдинаға келдік. Бұл үлкен жетістік, игі іс деп есептеймін. Алланың қалауымен қажылыққа алғаш рет келіп тұрмын. Келе салысымен пайғамбарымыздың мешітіне барып сәлем намазын оқыдық. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын», – дейді Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Сәлима Мұқанқызы.

Қазақстан Қажылық Миссиясының мүшелері алдағы уақытта Исламның кең тарауына негіз болған қасиетті шаһар Мәдинада қажыларға тарихи, мәдени, рухани шаралар өткізуді жоспарлауда. Қажылар Мәдина қаласының тарихи орындары мен мұражайларды аралап, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірімен, құнды жәдігерлермен танысып, 3-қыркүйекте қасиетті Мекке қаласына аттанады.

Айта кетейік, Қажылық Миссиясының құрамында медицина саласының 4 білікті маманы, Діни басқарманың 7 дінтанушы ғалымы бар. Әрі ақпарат саласынан – «31» телеарнасының тілшісі Жарас Ниязбек, «КТК» телеарнасының тілшісі Диас Нұрақын, «Асыл арна» телеарнасы бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Нұрболат Қуанышбекұлы, «zakon.kz» ақпараттық порталының журналисі Торғын Нұрсейтова Мекке мен Мәдина қалаларынан тікелей ақпарат тарататын болады.

Ақпарат көзі: Baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support