- Advertisement -

Жастарға жасалған үлкен мүмкіндік

121

- Advertisement -

 Бағдарлама жастарға не береді?

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы елді мекендер еңсесін тіктеді десек, артық айтқандық емес. Себебі, жүрген жерін думанға бөлейтін жастар ауылға оралды. Сөйтіп, құлазыған ауылдарға жан бітті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылдың 6 қарашасындағы бұйрығына сәйкес аталмыш әлеуметтік жоба аясында негізінен еңбек жолын ауылдан бастауға бел буған денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт салаларының мамандары жұмыспен қамтамасыз етіліп келген. 2015 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрінің қаулысы бойынша олардың қатарына агроөнеркәсіптік кешен: агроном, ветеринариялық дәрігер, ветеринариялық фельдшер, ветеринариялық техник, зоотехник, инженер-технолог, балық өсіруші, технолог, фермер сынды мамандар қосылды.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады. Біржолғы көтермеақының сомасы 70 айлық есептік көрсеткішке тең. Сонымен қатар, қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие ала алады. Тек ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеуіңіз керек.
Егер ауылда әлеуметтік салада (денсаулық, білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет және спорт) кемінде 5 жыл еңбек етемін десеңіз, онда сізге айлық есептік көрсеткіштің жетпіс еселік көрсеткіші немесе 105 840 теңге (2011 жылдың 1 қаңтардан бастап) көтермеақы және айлық есептік көрсеткіштің алты жүз отыз еселік көрсеткіші немесе 952 560 теңге несие беріледі. Ауылдық жерде тұрғын үй алу үшін маманға аталған сома көлемінде баспана алу ұсынылады. Сондай-ақ, жас мамандардың жалақысын республикалық бюджет қаржысы есебінен кемінде 25 пайызға өсіру көзделген.

Жеңілдік алу үшін қандай құжаттар қажет?

Дипломыңызға көз жүгіртіңіз… Жоғарыда біз айтқан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты 8 саланың біріне мамандығыңыз сәйкес келсе, төменде көрсетілген құжаттарды жинауға кірісуіңізге болады. Сізге мемлекет тарапынан бағдарлама аясында жоғарыда атап өткендей, әлеуметтік қолдау шаралары, яғни қаржылай көмек көрсетіледі. Оны алу үшін алдын ала құжаттарыңызды рәсімдеуге тиіссіз.
Ал көтерме жәрдемақыны және тұрғын үй салуға бюджеттік несиені алған кезде жоғарыда аталған құжаттарға қосымша маманның атына тұрғын үй салу үшін берілген жер учаскесін пайдалану құқығына акт, кепілге қойылған мүлікті бағалау актісі, кепілге қойылған мүлікті сақтандыру шарты, берілетін кредит мөлшерінен асатын тұрғын үй құрылысы бөлігін бірлесіп қаржыландыруға жазбаша келісім қажет. Құжатты комиссия қарауына түпнұсқалармен бірге ұсынасыз, оны көшірмемен салыстырғаннан кейін қайтарылады. Бірнеше сатыдан өткен соң, жәрдемақы сіздің есепшотыңызға аударылады. Несие алу тәртібі де осындай.

Дипломмен ауылға 166 жас маман келді

2009-2015 жылдар аралығында Талас ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 153 маман келген. Бүгінде соның 110-ы – білім, 18-і – денсаулық, 6-ауы – спорт, 13-і – ветеринария, 6-ауы мәдениет саласында еңбек етуде. 2015 жылы 18 маманға көтерме жәрдемақы төлеу үшін 6 миллион 866 мың теңге, 4 маманға тұрғын үй сатып алуға несиеге 11 миллион 892 мың теңге қаржы бөлінді.
Ауданға жас мамандар әлі де қажет. Биыл 8 мұғалім, 4 спорт саласының маманы, 7 ветеринар, барлығы 19 маманға сұраныс берілген болатын. Оларға республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы алу үшін 7 миллион 653 мың теңге, оның ішінде 4 миллион 832 мыңы, яғни 3 пайызы қызмет көрсету үшін және 011 республикалық бағдарламасы бойынша 16 маманға тұрғын үй алуға несиеге 50 миллион 904 мың теңге қаржы бөлінді. Бүгінге дейін 9 жас мұғалім, 1 спорт жаттықтырушыға, 1 ветеринарға 1 миллион 633 мың теңге жәрдемақы, тұрғын үй алу үшін 8 маманға 25 миллион 452 мың теңге несие берілді.
Ауданда жас кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Жастардың өз ісін ашуға деген ынтасын арттыру үшін 2013 жылы 8 кәсіпкерге 12 миллион 900 мың теңге жеңілдетілген несие берілген болатын. 2014 жылы 16 кәсіпкер – 33 миллион 800 мың теңге, былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020»-ның 2 бағыты бойынша 6 жас кәсіпкер 12 миллион 400 мың теңге, биыл 1 жас 3 миллион несие алып, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы – ауылды гүлдендірудің бірден-бір жолы. Бұл бағдарлама алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Сол мүмкіндікті пайдаланып, туған ауылымызды түлетейік, жас маман!

Жазира Көлбаева,
«Жастар ресурстық орталығының»
бөлім меңгерушісі.

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support