- Advertisement -

Мемлекет мәртебесі

44

- Advertisement -

Әр елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты – Конституциясы. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының міндеті мен мақсаты азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың құқықтары көрсетіледі. Осыдан жиырма бір жыл бұрын 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Міне, содан бері тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.
Жиырма бір жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, құқықтық-зайырлы мемлекет құру жолындағы жасаған нақты қадамдардың бәрі Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың кепілі болды.
Әйтсе де, қазақстандық қоғамның дамуы мен мемлекетіміздің жаңа жағдайдағы бейнесін айқындау үшін конституциялық реформа жүргізу қажет еді. Ата Заңымызға әр жылдарда енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың түпкі себебі – осы. Жалпы, реформа билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыруы керек-тін.
Тәуелсіздік тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану – әрбір азаматтың міндеті. Ата Заңды құрметтеп, оның талаптарын бұлжытпай орындауға тиіспіз. Елбасы айтқандай, Конституцияны қатаң ұстану – мемлекеттің өркенді дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі.
Еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарының бастауы – Ата Заң. Конституция тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына сеп болып қана қойған жоқ. Халыққа қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің прогрессивті жолындағы заңдық негізіне айналады. Елбасымыздың «Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ» деген сөзі Ата Заңның қандай құндылыққа ие екенін баршамызға ұғындырғандай.
Ата Заңымыз – жүрер жолымыздың бағдаршамы. Барлық мәселе заң аясында шешіледі. Ең алдымен Конституция біздің құқықтарымыздың қорғаушысы екенін айтуымыз керек.

Талғат Сырлыбаев,
облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support