- Advertisement -

Алматыдағы атыстың соңғы құрбаны жерленді

118

- Advertisement -

Кеше Отар ауылында Алматыдағы лаңкестік оқиғаның құрбаны болған полиция сержанты Жалғас Келдібаевтың денесі жер қойнына тапсырылды. Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІД жол-патрульдік полиция полкінің полицейі болып қызмет атқаратын ол 18 шілдеде қалалық ішкі істер департаментінің Алмалы аудандық басқармасына шабуыл жасаған қарулы лаңкесті құрықтау кезінде ауыр жараланған болатын. Дәрігерлердің жиырма бес күн бойы қаншалықты күш салғанына қарамастан, өкінішке қарай, Жалғастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Марқұмның жаназасына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Күдебаев қатысып, сөз сөйледі. Олар Жамбыл облысының және Алматы қаласының әкімдері Кәрім Көкірекбаев пен Бауыржан Байбектің, сондай-ақ Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қаралы отбасына білдірген көңіл айтуларын жеткізді. Марқұмның туыстары атынан Есімбай Келдібаев ел тыныштығын қорғау жолында қыршынынан қиылған азамат жайлы өкінішті естелік айтты.

Жалғас Келдібаев Отар ауылының тұрғыны, теміржолшы Аманбай Келдібаевтың төрт ұлының кенжесі болатын. Әлі үйленіп те үлгермеген, бірер күннен кейін, яғни 1 қыркүйекте жиырма төрт жасқа толатын еді. Ол – 2010 жылы Отар ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы №41 мектепті бітірген, аудан орталығындағы гуманитарлық колледждің түлегі. Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етті. Бейбіт күнде қоғам тыныштығын қорғау қызметінде жүріп қаза тапқан боздақтың мезгілсіз үзілген өмірі баршаға ащы сабақ болса керек.

Құрманбек Әлімжан, 
«Ақ жол».
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support