- Advertisement -

Рио-2016: Жазира Жаппарқұл қоссайыстың алғашқы қорытындысын 115 келі көтеріп 2-орынмен аяқтады

70

- Advertisement -

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ауыр атлетикадан тура қазір  әйелдер арасындағы 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жатқан қазақ қызы Жазира Жапарқұл қоссайыстың алғашқы жұлқа көтеру сайысын 115 келімен екінші болып аяқтады.

Ол бірінші мүмкіндігінде 111 келіні бағындырса, екінші мүмкіндігінде 115 келі зілтемірді басынан асыра көтерді.  Ал екінші мүмкіндігінде 117 келіге тапсырыс беріп еді, өкінішке қарай бұл салмақ қазақ қызына бағынбады. Жұлқа көтеру сайысынан бірінші орында 118 келі көтерген қытай спортшысы тұр. Үшінші орынға 112 келі көтерген Мысыр спортшысы жайғасты.

Енді санаулы минуттардан кейін серпе көтеру сайыстары басталады.

Жазира Жаппарқұл 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында дүниеге келген. 8 жасынан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастаған. Алғашқы бапкері Рашит Төлегенов. Қазір де осы бапкерімен жұмыс жасап келеді.

Ол ең алғаш 58, 63 келі салмақта Қазақстан чемпионы атанды. Ал 2010 жылы 17 жасында Сингапурде өткен тұңғыш жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қазақ қыздары арасынан тұңғыш болып жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Бұл оның үлкен спортқа деген құштарлығын оятты. Сингапурде Жазира 63 келіде өнер көрсетіп, қос сайыстың қорытындысы бойынша 205 (90+115) келіні бағындырды.

2012 жылы Гватемаладағы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде чемпион атанды. Қос сайыстың қорытындысы — 239 келі (106+133). Ал 2013 жылы Жаппарқұл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.

Жазира 2011 жылы алғаш рет ересектер арасындағы әлем біріншігіне қатысты. Алайда онда жүлде бұйырмады. Қарсыластарының барлығы кілең мықтылар еді. 2013 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатында бағы жанбады. Алайда, ол 2014 жылы өз елімізде Алматы қаласында өткен әлем біріншілігінде тұңғыш рет қазақ қыздары арасында ауыр атлетикадан «әлем чемпионатының күміс жүлдегері» деген атаққа қол жеткізді. Онда  жұлқа көтеруден  118 келіні, серпе көтеру бәсекесінде 144 келіні көтеріп, қос сайыстың қорытындысы бойынша 262 келіні бағындырды.

2015 жылы Хьюстонда өткен, Рио олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған әлем чемпионатында тағы да жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрініп, екінші мәрте әлем біріншілігінің күміс жүлдегері деген атаққа қол жеткізді.

Әлем чемпионатында екі мәрте күміс жүлде алған тұңғыш қазақ қызы енді Олимпиада ойындарында топ жарған алғашқы қазақ қызы атансын деп тілейік, ағайын.

Естеріңізге сала кетейік, қазірге дейін Қазақстан қоржынында 1 күміс, 3 қола медаль бар. Оның екеуін дзюдо күресінің саңлақтары еншілесе, қалған екеуін ауыр атлеттеріміз жеңіп алды.

 

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support