- Advertisement -

Астықты кептіретін болсақ, қосымша дизельдің бағасы сақтала ма, жоқ па, әлі белгісіз – Қ.Бозымбаев

126

- Advertisement -

Энергетика министрінің сөзіне қарағанда, бүгінде ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін дизельді отынның бір литрі 79 теңгеден сатылады. Аталған өнім астықты жинап алуға жетуі тиіс. Алайда бидайды кептіретін болса, жанар-жағар майдың қосымша көлемі қажет болады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бүгінде облыстардың ақпараты бойынша осы айда астық жинау жұмыстарына 441 мың тонна дизель қажет болады. Қазіргі кезде аймақтарда 236 мың тонна бар. Шамамен, 30 мың тонна мұнай өңдеу зауыттарында дайын тұр. Сосын осы айда мұнай өңдеу зауыттарында тағы 336 мың тонна дизель өндіріледі деген жоспар бар. Осының барлығы тамыз айына толық жетеді. Қалғанын қыркүйекке қалдыруға болады», — деді Қ.Бозымбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, ауа-райы ылғалды болып, астықты кептіретін болса, арзан дизельді отынның қосымша көлемін беру жоспарда жоқ.

«Егер, шынымен де, ылғалды болып, дизельді отынның қосымша көлемі қажет болып жатса, ондай мүмкіндіктер болады. Бірақ оның жеңілдік бағасы сақтала ма, сақталмай ма, әлі белгісіз. Себебі қазіргі баға мен жеңілдік бағаның айырмашылығы үлкен. Зауыттың өзінен 79 теңге, ал жанар-жағар май құю стансасында – 108 теңге. Сондықтан алдымен бидайдың қандай болатынын көру керек. Өйткені дизельді отынды жеңілдік бағамен алып, оны жанар-жағар май құю стансаларына қайтадан сату жағдайлары бар. Қыркүйекте осы мәселені тағы бір пысықтап алу қажет», — деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.

Айта кетейік, жақында дизельді отынның бөлшек бағасы көтерілген болатын. Дегенмен, ауыл шаруашышылығы өнім өндірушілері үшін арзан жанар-жағар майдың бағасы сақталып отыр. Бүгінде оның бір литрі 79 теңгеден сатылады. Үкiметтің бүгінгі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бiрiншi вице-министрi Қайрат Айтуғанов биыл жауын-шашынның көп түсуiне байланысты күзде жиналған астықты кептiруге қосымша 61 мың тонна жанар-жағармай қажет болатынын жеткізді.

 

Ақпарат көзі: Baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support