- Advertisement -

Тәжірибесі республикаға таратылмақ

91

- Advertisement -

Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егін және мал өсірумен шұғылданады. «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен агроқұрылымның егін өсірудегі тәжірибесін таныстыру үшін таяуда Сұрат ауылында бір апталық республикалық семинар-оқу өткізіледі. Күзде осында қант қызылшасын өсіру бойынша облыстық семинар өткізу көзделуде. Агроқұрылым үстіміздегі жылы құзырлы мекемелерден «Тұқым шаруашылығы», «Элиталы тұқым өндіруші» мәртебелері мен сертификаттарын алды. Серіктестік соңғы жылдары ауа райының күрделі жағдайларына қарамастан тұрақты табыспен жұмыс істеп келеді. Әлбетте, бұл айтуға ғана оңай. «Сыпатай батыр» ЖШС басшысы, ауыл шаруашылығының білікті маманы Қанат Шайхиев бұған үздіксіз ізденіс, табанды еңбек, істі дұрыс ұйымдастыру және салаға инновацияны кеңінен енгізу нәтижесінде қол жеткізіп отырғанын айтады.


Шаруашылықта 9 мың гектарға жуық жер бар, оның мың гектардан астамы суармалы. Олар жыл сайын күзде мың гектар алқапта пар көтеруді игі дәстүрге айналдырған. Үстіміздегі жылдың өнімі үшін өткен жылы күзде 1500 гектар егіске күздік бидайдың «Стекловидная-24» және «Алмалы» сұрыптары егілген. Күздіктің әр гектарынан орта есеппен 25 центнерден түсім күтілуде.

Қанат Шайхиев Алматыдағы Қазақ егіншілік институты мамандарымен келісімшарт жасап, жаздық арпаның «Сымбат», «Арна», «Бәйшешек» және «Сусын» сұрыптарын 102 гектар алқапқа орналастырған болатын. Бұлар артықшылығы көп екенін биылдың өзінде байқатты. Биыл жаңбырдың жиі жаууы және қатты жел болуына байланысты көп жерлерде арпа масақтары құлап, шіріп, өнімді аз бергені белгілі. Жауын мен жел жаңа сұрыпты арпаларды жыға алмады. Таяуда «Сымбат» сұрпының әр гектарынан – 46,2, «Арнадан» – 45, «Бәйшешектен» – 38 және «Сусыннан» 36 центнерден өнім жиналды.

Аталған сұрыпты масақты дақылдардан жалпы 400 тонна дән алынды. Астық тазаланып, қамбаға құйылды. Шаруашылық басшысы оның жартысын сыртқа сататынын, қалғанын келесі жылы 800 гектар алқапқа орналастыратынын айтады. Таяуда серіктестікте аудан, шаруа қожалық басшылары қатысқан «Егінжай» күні болып өтті. Оған қатысушылар жаңа сұрыптардың артықшылығымен танысты. Көптеген шаруа қожалықтары өкілдері тұқым сатып алуға қызығушылық танытты. Сыпатайлықтар жыл сайын 200 гектар алқапқа қант қызылшасын өсіреді. Одан тұрақты жоғары өнім алады. Егістікті жаңбырлатып суаратын, оны өсіруде агротехникалық шараларды қатаң сақтайтын егіншілер биыл осында орналастырылған 200 гектар алқаптың әр гектарынан 600 центнерден өнім жинауды көздеп отыр. Техникалық дақыл қазірге дейін үш рет ылғалдандырылып, екі рет арамшөбі оталған.
– Өкінішке қарай, облысымызда диқандар қант қызылшасын өсіруге әлі күнге ден қоймай келеді. «Бабын тапса – жер жомарт». Қант қызылшасын өсіру – нағыз табыстың көзі. Біз егіншілік саласында табыстың денін осы балтамыр өсіруден алудамыз. Биыл дәнді дақыл мен басқа да майлы, бұршақ тұқымдас дақылдарға мемлекет тарапынан субсидия беру тоқтатылғаны белгілі. Ал қант қызылшасын өсірушілерге субсидия берілетін болады. Сондықтан да, мен әріптестерімді келешекте осы дақылды өсіруге басымдық беруге шақырамын, – дейді «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Шайхиев.
Агроқұрылым мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді тиімді пайдалануда. Жеңілдетілген бағамен берілетін жанармайды кедергісіз алады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдікпен несие алып, мал басын көбейтуде. Мұнда 2010 жылдан бері қазақтың асыл тұқымды меринос қойы өсірілуде. Қазір олардың саны 7200 басқа жеткен, оның 3600 басы – аналық. Мақсат – аналық басты 10 мың басқа жеткізу. Олар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қара сатып алып, асылдандыруда. Қазір 250 бас ірі қара бар, оның 200 басы – аналық. Биыл малшылар әр 100 саулықтан 120 қозы, әр 100 сиырдан 89 бұзау алған. Мал басы қажетті жемшөп қорымен қамтамасыз етіледі. Оларды қыстату үшін жыл сайын 10 мың түк пішен әзірленеді. Биыл «сыпатайлықтар» шөптің көп шығуына байланысты бір жарым жылдық қор әзірлеуге күш салуда.
Серіктестікте тұрақты 61 адам жұмыс істейді. Жаздағы науқандық жұмыстар кезінде олардың саны 200-ге дейін жетеді. Орташа жалақы – 60 мың теңге. Агроқұрылымның 30 бірлік техникасы бар. Олар жыл сайын жаңартылуда. Еңбек адамдары атқарған жұмыс нәтижесіне қарай ынталандырылып отырады. Шопандарға қозы бөлгеннен кейін келісімшарттан артық алған төлдері сыйға тартылады. Жоспардан тыс алынған бұзау да малшыға беріледі. Егіншілерді ынталандыру да дұрыс жолға қойылған. Механизаторлар Тұрсыналы Қарабалаев, Асқар Тілеубаев, Несіпәлі Беркінбаев, малшылар Бейсен Мәлібаев, Дүйсек Саидов және Дастан Мәлібаев өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып, ортақ іске зор үлестерін қосып келеді.
«Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің және басқа да мемлекеттік марапаттардың иесі, саланың білгір маманы Қанат Шайхиевтің арман-мақсаты көп. Ол серіктестікті еліміздегі ең алдыңғы қатарлы агроқұрылымның біріне айналдырғысы келеді. Осы мақсат жолында табандылықпен еңбек етуде. Шаруашылық өткен жылы 200 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, оны өткеруден 25 миллион теңге таза табыс тауыпты. Үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті 300 миллион теңгеге жеткізбек. «Таза табыс 35 миллион теңгеден кем болмайды», – деп отыр ол.

Ақылжан МАМЫТ,
«Ақ жол».

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support