- Advertisement -

Қаламы қуат ты, сөзі шуақты

177

- Advertisement -

журналист Дүйсенбек Айбеков – 60 жаста

«Журналист – өмір жолаушысы» деген ұғым бар. Өйткені, тіршілігін тілшіліктен тапқан, үнемі алға қарап, алысты көздеп, кешеден бүгінді, бүгіннен ертеңді ілгері қойып жүретін қауым. Бүгінгі жаһандану дәуірінде қоғамда орын алып жатқан сан қилы өзгерістерді қалың бұқараға жеткізіп отыру, ең бастысы, сол өзгерістердің ақ пен қарасын айыра білу – «төртінші билік» өкілдері үшін үлкен жауапкершілік, қасиетті міндет. Бұл міндетті сезіне білген әрбір журналист өз мүддесінен бұрын көпшілік мүддесін алдыға қоятыны сөзсіз. Біздің кейіпкеріміз, бүгінде мерейлі алпыс жасқа толған журналист Дүйсенбек Айбеков сондай азамат.

«Журналистің ашылса тіл мен жағы, қарашаның айтылар мұң мен зары». Иә, журналист болу оңай емес. Батырдың күші қаруында болса, журналистің қаруы – қаламы. Сондай қару-қаламын қолынан тастамай, қарашаның қамын күйттеп, әділдікті биік қоя білген әріптесіміз Дүйсенбек Айбековтің есімін жамбылдықтар жақсы білсе керек. Ол аудандық, қалалық, облыстық кейіннен республикалық әртүрлі мерзімді басылымдарда қызмет ете жүріп, тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, олардың игілігін, қуанышын бөлісіп, жаңалықтың жаршысына айналудан бір танған емес. Сонымен қатар, өзінің болмысымен қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы тұрып, әлсіздерге болысып, қолындағы қаламының ұшымен талай пысықайларды түйреп өткен шыншыл азамат, кәсібіне адал журналист.
Атап айтар болсақ, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде еңбек етіп жүрген кезінде журналист «Әкімшілікке әкіреңдеген немесе Бюкиди ненің буына мастанады?» тақырыбымен өткір сын мақала жазып, қаланың қақ ортасындағы саябақтағы жазғы кинотеатрды сатып алып, оны арақ-шарап саудасының ордасына айналдырған кәсіпкердің жүгенсіздігін әшкере етеді. Ол мақалада автор нақты дәлел-дәйектемелермен сөзін қуаттай отырып, жергілікті тұрғындардың мұқтаждығын сөз еткен-ді. Шарапхана иесінің жөнсіз қылықтарын әшкере еткен Дүйсенбек Айбековтің сыни мақаласы нәтижесіз қалмады. Облыстық сот ол мәселенің оңынан шешілуіне ықпал етіп, кәсіпкердің шаруасына нықтап шектеу қояды.
Ал тәуелсіздік алған жылдары әлі де КСРО-ның буымен жүрген әлдекімдер қызмет бабындағы алалаушылыққа жиі барғаны былайғы жұрттың жадында жаттаулы, санасында сақтаулы шығар. Сол тұста журналистің облыстық газетте «Қазақтардың қолын қаққан қазақтар-ай!» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақалада шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін бөлінген қаржыны үлестіруде бұра тартқан әкімшілік қызметкерінің әділетсіз әрекетін әшкере етеді. Өзге ұлттарға ақша үлестіруде еш кедергі келтірмей, олардың өз кәсіптерін ашып, дөңгелентіп алып кетуге барынша ықпал еткен әкімшілік қызметкері қазақтарға келгенде қабағы қарс түйіліп, сан түрлі кедергілер туғызып отырған. Билікшілдердің емес, бұқараның қасынан табылған кейіпкеріміз болашақта да қазақтардың сағын сындыра беретін әрекетке тосқауыл қою мақсатымен сын мақала жазады. Мақала жарық көрген күннің ертесіне-ақ Тілектес Қотыров деген қазақ несие алып, көп ұзамай ол «Жадыра» атты шағын кәсіпорын ашып, жүздеген адамды жұмыспен қамтиды. Осыдан соң, қаладағы қазақ азаматтары біртіндеп несие алып, өз шаруаларының қиюын келтіре бастайды. Көптің тілеуіне тірек болған журналистің қаламының қуатымен бұдан басқа да тындырған тірліктері аз емес.
Дүйсенбектің мойынқұмдық атақты еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Шоман Шәріпбаевтың кейінгі өмір жолынан «Данқты шопан далада қалды» атты сын мақаласы республикалық газетте жарық көріп, ондағы көтерілген мәселеге сол кездегі облыс басшысы Бөрібай Жексембин­нің өзі араласады. Нәтижесінде, облыс басшысы заңсыз жекешеленіп кеткен он мың гектар жайылымдық және шабындық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, Шоман шопанның әділет іздеп талай жыл таусылған бейнетін ақтайды. Сондай-ақ, Тараздағы тұңғыш Президент саябағының ашылуында да Дүйсенбектің үлесі бар екенін айта кеткен жөн. Саябақ орналасқан жер алғашында әлдебір кәсіпкердің меншігінде болғанын біреу білсе, біреу біле бермес. Ол кәсіпкер сондағы қала басшылығының «қала аумағындағы басқа жерден жер берейік, мына жерді игі іс үшін босат» деген ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық танытып, тіпті, сол кездегі бір дөкейдің бауыры екендігін пайдаланып, сот процестері арқылы да өз дегенін істеп бағады. Осы жөнінде журналист зерттеу жасап, «Сенген сотым сен болсаң…», «Президентке хат» және тағы да басқа мақалалар жазып, ақыры істің оңынан шешілуіне ықпал етеді.
Міне, өзінің осындай мінезді болмысымен, азаматқа лайық ар биігіндегі ұстанымымен журналист Дүйсенбек Айбеков осы секілді игілікті істердің басы-қасынан табыла білді. Ол әділдік үшін қаламын қару, намысын қорған ете білген өз кәсібіне барынша адалдық танытқан журналист. Ол ғана емес, Дүйсенбек Айбеков – досқа адал, ініге сүйеніш, ағаға ізетті іні бола алатын бауырмал жан. Оған журналистің қазақтың біртуар ұлы, Халық жазушысы Шерхан Мұртазамен, ақын Есенғали Раушановпен қыл өтпес сыйластықтары сөзіміздің айқын дәлелі.
– Тағдыр менің пешенеме қазақтың марқасқа азаматтарымен, ақын, жазушылармен қоян-қолтық араласып, қасында қатар жүріп, сырласуды жазыпты. Бірі атақты жазушы – Шерағаң. Мен Шерағаңмен сөйлесе, сырласа жүріп, «Қазақтың Шерағасы», «Ақиқат алаңында» атты қос кітап жаздым. Сексеннің сеңгіріндегі Шераға халқы үшін жазарын жазды, айтарын айтты. Қазіргі уақытта Алматыда тұрып жатыр. Таразға, туған жері Жуалыға жиі келеді. Жиі қоңырау шалып хабарласып тұрамын.
Ал әйгілі «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Есенғали ақынмен таныстығымыз тым ертеректе басталған. Екеуміз де өлең жазамыз. Газетке жарияланған шығармаларымыз арқылы бір-бірімізге хат жазысып, табыстық. Кейіннен жоғары оқу орнында бірге оқып, бірге жүрдік. Бір нанды бөлісіп жедік. Таныстығымыз осылайша берік достыққа айналды, – дейді Дүйсенбек Айбеков белгілі тұлғалармен сыйластықтары туралы аз-маз сыр бөлісіп.
…Иә, Талас ауданының құм жиегіндегі «Кеңес» (бүгінгі Бөлтірік шешен ауылы) кеңшарында өмірге келген ол журналист болсам деген балаң арманын ақиқатқа айналдыруда аянбай тер төкті. Дүйсенбек Айбеков ең алғашқы еңбек жолын Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінен бастап, кейіннен облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол»), Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз», республикалық «Алтын орда» апталығында елеулі еңбек етті. Бүгінде республикалық белді басылым «Жас қазақ» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүр. Алпыстың асқарына адым басқан журналист әлі де сол болмысынан бір ауытқыған емес. Қайта, еліне еткен еңбегін еселеуге асық. Қаламы қарымды, ойы алымды журналиске біз де мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support