- Advertisement -

Астанада ашылатын жаңа теміржол вокзалы тәулігіне 35 мың жолаушы қабылдайды

66

- Advertisement -

Елордада салынып жатқан жаңа теміржол вокзалы тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін қабылдай алады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілдері хабарлап отыр.

Заманауи кешеннің сыйымдылығы ескі вокзалмен салыстырғанда 3 есе артық. Заманауи ғимараттың аумағы 27 мың шаршы метр. Мұндай кешен елімізде бұрын-соңды болған емес. Әдеттегідей пойыздар вокзалдың сыртына емес, ішіне тоқтайды. Ол үшін 3 қабатты үйдің биіктігі шамасында арнайы конкорстар салынып жатыр. Оған баспалдақ немесе жеделсаты арқылы көтерілуге болады. Мыңжылдықтар аллеясының жанынан салынып жатқан ғимараттың жобасы жақында ғана Франция елінде өткен беделді байқаудың жеңімпазы атанды.

«Бұл құрылыстың эскиздік жобасы қалалық кеңесте шешілген. «ҚТЖ» Астана архитектурасы және қала әкімдігімен келісілген. Қазіргі кезде төбесін жабу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ сырты қапталып жатыр. Кешенге қатынайтын бірнеше эстакадалар құрылысы жүріп жатыр. Жолаушылар үшін де вокзалға жетудің қолайлы жолдары қарастырылған. Мұнда жеке және қоғамдық көлікпен оңай келуге болады. Темір тұлпарлар үшін 1181 орын бар. Олардың 740-ы ғимараттың ішінде, қалғаны сыртында», — дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ күрделі жобаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Бағзат Рахымжанов.

«Платформалар мен эстакадалардың ұзындығы 600 метрді құрайды. Пойыздар жүретін аумақтың астындағы 2 қабатта көлік қоятын орындар орналасады. Пойыздар қатынайтын платформалардың аумағы 59 шаршы метр. Ал жабық орындардың аумағы 130 мың шаршы метр. Билет кассалары бірінші және төртінші қабаттарда орналасады. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін вокзалдың ішінде мейрамханалар, қонақүйлер, ана мен бала бөлмесі, медициналық бекет болады», — дейді  Сембол» АҚ директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Сүлейман Йылмаз.

Бүгінгі таңда қолданыстағы вокзал жылына 4 жарым миллион жолаушыға лайықталған, деп жазды 24.kz. Ал жаңа кешен 12 миллион адам қабылдай алады. Ол ашылғаннан кейін мұнда 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Мамандардың айтуынша, қазір құрылыс жоспарға сай жүріп жатыр. Кешен қолданысқа 2017 жылдың көктемінде берілуі тиіс.

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support