- Advertisement -

Жақында прокатқа шығатын қазақстандық 5 фильм

169

- Advertisement -

Қазақстандық продюсерлер 2016 жылдың мамыр айынан қыркүйегіне дейін өз фильмдерін кең көлемді прокатқа шығаруға жүрексініп отыр. Оған жазда шығатын голливудтық блокбастерлермен бәсекеге түсудің қиынға соғуы, сондай-ақ, потенциалды көрермендердің жазғы демалысқа кетуі себеп болуы мүмкін.

Алайда, бұған қарап, отандық кинематография демалып жатыр деп айта алмаймыз. Қазіргі уақытта, бірнеше фильмнің түсірілімі өтіп жатыр, кейбірі пост-продакшн кезеңіне аяқ басса, енді бірі жарнамасын жасауда. AFISHA.NUR.KZ 2016 жылдың соңына дейін қалың көрерменге жол тартатын фильмдермен таныстыртырады.

 

Анаға апарар жол

Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» (Дорога к матери) атты тарихи драмасын қазақстандық кинотеатрлардан 8 қыркүйектен бастап көре аласыздар. Фильм өзегі болған оқиға өткен ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Режиссер бір жанұяның бастан кешкен оқиғасы арқылы ел басына күн туған ұжымдастыру, индустрияландыру, ашаршылық, сұм соғыс және одан кейінгі жылдардың ауыртпалықтары мен азабын көрсетуді мақсат тұтқан. Фильмде Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, Әділ Ахметов, Еркебұлан Дайыров және Берік Айтжанов сынды актерлер басты рөлде ойнайды.

«Анаға апарар жол» — осы тізімдегі мемлекеттік қолдау тапқан және дәл қай күні шығатыны белгілі жалғыз фильм.


 

Районы

Тарихи драманың үлкен экранға шығуын күтпестен Ақан Сатаев екінші жобасын қолға алды. Естеріңізде болса, маусым айында режиссер «Районы» драмасының түсірілімін бастаған еді.  Онда 80-ші жылдардың соңындағы Алматы бейнеленеді. Ауыл баласына таңсық қала жастарының үлкенді-кішілі болып екіге екі кастаға бөлінуі, қылмыстық әлемнің қатал ережелері драманың өзегіне айналған. Фильмге танымал актерлерден Гүлнар Досматова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасовтар тартылған. Маусым айының 17-сі күні басталған түсірілім бір ай бойы жалғасады. Ал, туынды жылдың соңында ел назарына ұсынылады.


 

Тараз


Бірнеше комедиялық жанрдағы фильмдері арқылы көпшіліктің ықыласын иеленген Нұртас Адамбай осы күзде «Тараз»  криминалдық драмасын көрермен назарына ұсынбақ. Әлеуметтік желідегі парақшасында продюсер: «Бұл фильм – достық, намыс, өмір туралы болмақ. Шынымды айтсам, үш комедиядан соң, әлеуметтік-криминалдық драма жанрында жұмыс жасау батылдықты қажет етеді екен, бірақ еңбегіміздің зая кетпейтініне сенімдіміз», — дейді. Продюсер фильмнің дәл қай күні көрерменге жол тартатынын нақтылап айтпаған. Нұртас Адамбай үшін бұл фильм режиссерлік дебют қана емес. Ол алғаш рет салмақты рөлді сомдайтын болады. Фильмде Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит және Төлепберген Байсақалов сынды талантты актерлер ойнайды.


 

Гламур для дур

Отандық продюсерлердің сүйікті жанрларының бірі  — комедия. Екі жылдық үзілістен соң, танымал продюсер Асқар Ұзабаев ұзақ ойланбай, «Гламур для дур» атты комедиясын түсірді. Фильмдегі басты рөлді «КешYou» тобындағы Ақбота Сейтмағамбет ойнап шыққан. Картинаны түсіруде Баян Есентаеваның қатыспай қалуы бөгет бола алмады, режиссер бұл рөлге тележүргізуші Әсел Ақбарованы шақырды. Асқар Ұзабаевтың туындысы әлеуметтік желі арқылы кез келген адамның бір сәтте жұлдыз атануға болатынын әшкерелейді. Режиссердің айтуынша, қазіргі заманның кемшін тұстарын әзілге айналдырғанымен, фильм ешкімді өкпелетпейді. Тек өз-өзіңізге күліп қайтасыз.


 

Қазақша бизнес

Режиссер әрі клипмейкер Жеңісхан Момышевтың «Қазақша бизнес» деп аталатын туындысы осы күзде көрермен назарына ұсынылмақ. Басты рөлді сомдайтын, фильмнің продюсері әрі идея авторы – Нұрлан Қоянбаев.  Жеңісхан Момышев үшін бұл — толықметражды алғашқы жұмысы. Комедиялық фильм Қазақстанда бизнес жасаудың қыр-сырын көрсетпекші. Картинадан Жан Байжанбаев, Максим Акбаров, Абунасыр Серіков, Құралай Ануарбекова және Гүлназ Жоланова сияқты танымал актерлердің өнерін тамашалай аласыздар.

2016 жылдың соңына дейін қазақстандық кино қоржыны осындай фильмдермен толықпақ. Қай продюсердің бағы жанып, тұлпары оза шабатынын, қалтасы қампайып, көңілі марқаятынын уақыт көрсетеді. 

 Ақпарат көзі: Nur.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support