- Advertisement -

Сақ болсаң, сақтайды

75

- Advertisement -

Өңірлердің өзекті мәселелері талқыланды

Кеше Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ел аумағында суға шомылу кезіндегі сақтық шараларын күшейтуді еске салудан бастады. Еліміз бойынша биылғы алты айда – 198, ал соңғы бір жарым аптаның ішінде 29 (оның ішінде 5-еуі – бала) азаматтың суға кету оқиғасы тіркелген. Жиында биыл судан құтқару бекеттерінің материалдық-техникалық базасы күшейтілуіне қол жеткізген Ақмола, Ақтөбе облыстарында адамдардың суға шомылу кезінде бақытсыздық оқиғалары аз, ал қалған өңірлерде бұл істің ұйымдастырылуы шара қолданылуға жататыны атап өтілді. Үкімет басшысы еліміздің барлық әуежайларындағы қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде де тапсырма берді.


– Барлығымыз да Түркия әуежайында терракт болғанын білеміз. Біз қазір бұл мәселеге баса мән берудеміз. Осы ретте сіздің ұстанымыңызды білгім келеді, – деді Үкімет басшысы еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке қарата.
– Біз мәселені айрықша бақылауда ұстап отырмыз. Сіз 15 маусымда тапсырма берген едіңіз, соның қорытындысына сәйкес біз барлық әуежайларға күнделікті бақылау жүргізуге нұсқау бердік. Барлық әуежайлардағы тексеру желісін толығымен күшейтуді тапсырдық. Қазір барлық әуежайларда бастапқы тексеру желісі бар. Әуежайлардың бүкіл төңірегіндегі қауіпсіздік шараларын Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып күшейттік. Бұған қоса, күш-қуат органдарымен бірнеше кеңес өткізіп, тұрақты рейстер қабылдайтын 20 әуежайдың қосымша тексеру, бейнебақылау құрылғыларына қажеттілігін анықтадық. Бұл ұсынысты Қаржы министрлігіне жібердік. Апта ішінде бұл ұсынысты сіздің қарауыңызға енгіземіз деп жоспарлаудамыз, – деді Ж.Қасымбек.
Бұдан әрі мәжіліс жұмысы күн тәртібіндегі мәселелерге сай жалғасты.
– Өткен аптада индустрия­ландыру күнінде Елбасы Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Біз бүгін оны іске асыру барысын қараймыз. Сондай-ақ, жиын барысында ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты маңызды мәселелерді талқылап, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз, – деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Мемлекет басшысының 2016 жылғы 1 шілдеде индустрияландыру күнінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаев жан-жақты баяндап берді.
Ветеринариялық бақылау және мал қорымдарының жай-күйі мен жалақы бойынша қарыздарлық секілді өңірлердегі кейбір өзекті мәселелер жөнінде облыс әкімдерінің есептері тыңдалды. Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков өңірдегі жағдай жөнінде баяндады.
– Өңірімізде сібір жарасымен ауырып өлген мал өлекселері көмілген орындардың 5-еуі басқа облыстың, 8-і Қырғыз Республикасының аумағында. Қалғандары талапқа сай, тиісті тану белгілері ілінген. Cібір жарасын жұқтырған мал өлекселерін көмуді талапқа сай реттеу, үйлестіру жұмыстары аяқталып келеді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 27 миллион теңге бөлінді. Облыста сондай-ақ 56 cою алаңы тиісті санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп тұр. Бөлінген қаражатқа 41 типтік биотермикалық шұңқыр дайындалды. Жұмысшылардың айлық жалақысына келсек, бірқатар мекемелердің үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейінгі қарыздарлық көлемі 70, 4 миллион теңгені құраған. Апта ішінде жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде үш кәсіпорынның жалақы жөніндегі қарыздарлығы жойылды. Енді екі кәсіпорынның жұмысшыларына берешек жалақылары толық төленетін болады, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ұлттық кәсіпкерлік палатасы қызметі, Үкімет мүшелерінің қарауына енгізілген қаулылардың жобалары туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support