- Advertisement -

«Ақ жол» газетінің жүлдесі

92

- Advertisement -

Дәстүрлі республикалық турнир аяқталды

Қазақ халқының ұлттық спорты тоғызқұмалақтан жыл сайын облыстық «Ақ жол» газетінің жүлдесі сарапқа салынып келеді. Осыдан жиырма бір жыл бұрын бастау алған дәстүр жалғастығы үзілген емес. Биыл да облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін жамбылдық өрендермен қоса, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері барын салды.

Швейцариялық үлгіде өткен дәстүрлі доданың ашылу салтанатында газетіміз­дің бас редакторы орынбасарының міндетін атқарушы Әділбек Баққараұлы алыстан ат терлетіп келген бапкерлер мен спортшыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың дамуы үшін «Ақ жол» газеті әрқашан әзір екенін айтты.
21 мәрте өткізіліп отырған турнирге о баста 14 қана спортшы қатысса, бүгінде олардың қатары көбейіп, осы жолы 90 спортшы газет жүлдесін сарапқа салды. Жалпы, турнирге он жас, он төрт жасқа дейін және он төрт жастан жоғары ересектер үш санат бойынша қатысып, жарыс бес күнге созылды.
Сайыс қорытындысы бойынша 10 жасқа дейінгі қыздар арасында бірінші орын теміртаулық Ангелина Түлекбаеваға, ұлдар арасында Қызылорда қаласынан келген Нұржігіт Сейілханға бұйырды. 14 жасқа дейінгі қыздар арасындағы бәсекеде бірінші орынға Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тумасы Гүлназ Байболатова, ал ұлдар арасында Қызылорда облысы, Сырдария ауданының тұрғыны Дамир Ахметов қол жеткізді. Ересектер арасындағы әйелдер дуында Оңтүстік Қазақстаннан келген Әсел Далиева, ерлер арасында Қарағанды облысынан Асылхан Қожанәсіп жеңімпаз атанды.
Турнир жеңімпаздары Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар тапсырылды.
– Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ – шахматтан да күрделі, ертеден келе жатқан ойын түрі. Өзім Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентіненмін. Облыстық «Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін өткізіліп жүрген дәстүрлі жарысқа бес жылдан бері үздіксіз қатысып келемін. Жылда екінші немесе үшінші орыннан аса алмаушы едім, биыл жақсы дайындықтың нәтижесінде жеңімпаз болдым. Бұл ұлттық ойынымызға деген ынтамыз артып, спортшылардың қарым-қабілетінің жыл өткен сайын дамып келе жатқанын айғақтаса керек, – дейді Асылхан Азаматұлы.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support