- Advertisement -

Қаратаудан шыққан қорғаушы

106

- Advertisement -

футболдан Сеул Олимпиадасының чемпионы Евгений Яровенко жайлы не білеміз?

оң аяғындағы 

жарақатты спорттағы сәттілігіне балайды

Яровен++коy++2maxres++defaultОл бала күнінде оң аяғын жарақаттап алса да, танымал футболшы боламын деген арманын тастаған жоқ. Өз сеніміне селкеу түсірмей, жаттығудан бір мезет те қол үзбеді. Нәтижесінде ол шебер футболшы, Олимпиада ойындарының чемпионы болды.
Иә, КСРО-ның футбол құрамасында өнер көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанған Евгений Яровенконың спорттағы жолы оңай басталған жоқ. Бала шағында оң аяғынан алған ауыр жарақаты оған, бір жағынан, ауыр тисе, екінші жағынан, спорттағы жолына сәттілік серік болуына септігін тигізген десек қателеспейміз. Олай дейтініміз – оң аяғы толық жазылғанға дейін алаңда басымдықты сол аяққа беріп, сәті келгенде серпи теуіп, талай ұтымды соққылар бағыттап жүрді. Ұзаққа созылған жарақаты қайта қалпына келгенде оның сол аяғы әбден икемделіп, оң аяқтың рөлін атқаруға жарап қалады. Оң аяғына қарағанда сол аяғымен нықтап пас беріп, мықтап тебуге бейімделіп кетеді. Бұл оның ойында алаңның сол жақ бетіндегі тегеурінді қорғаушы болып қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Оның сол аяқпен ойнауы, допты алып жүруі қарсыластарына ынғайсыздық тудыратын еді.
Қаратау қаласында өмірге келген ол осылай жастайынан спортқа жаны жақын болып, аяғынан ала допты алыстатпай өседі. Белгілі футболшы ағасының қасында еріп жүріп, доптың қыр-сырына қанығады, шеберлігі сәт сайын шыңдалып, көзге түседі. Содан шығар, оны жергілікті футбол клубы он жеті жасында-ақ құрама сапына алып, үлкен футболға жолын ашады. Бұл туралы Сеул Олипиадасының чемпионы былай деп әңгімелейді.

Үйлену тойының 
тосын сыйы КСРО құрамасы сапына алып келді

– Мен Қаратау қаласында, жұмысшылар отбасында өмірге келгенмін. Әкем көлік жүргізуші, анам сатушы болып қызмет етті. Ес білгенімнен футбол ойынына құмартып өстім. Балаң шағымды еске алсам, үнемі ала доптың артында жүретін бала Евгенийді елестетемін. Көше футболынан бастау алған спорттық жолым түбі бір биікке жетелейтініне сенетінмін. Бұл жолда маған үлкен әсер еткен бір адам бар, ол менен он жас үлкен ағам Владимир еді. Ол Қазақстанға танымал футболшы болатын. Әр жаттығуы мен ойынынан сабақ алып жүрдім. Сондықтан, менің алғашқы жаттықтырушым кім екенін осыдан-ақ ұғуға болатын шығар. Мен арманы алдынан өзі тосып алған жанмын. Неге десеңіз, он жеті жасымда бірден жергілікті «Фосфорит» жастар футбол клубынан шақырту алдым. Сол кезден-ақ алаңдағы орным сол жақ қорғаушының міндетін атқару болды. Көп ұзамай жамбылдық «Химик» футбол клубы қатарына алындым, – дейді Евгений. Алайда, жамбылдық клубтың құрамында өнер көрсетіп жүргенде ол үлкен сәтсіздікке ұшырап, құрамадан қол үзіп, туған қаласы Қаратауға қайтып кетеді.
Осы кезде қатты күйзеліске түскен жас спортшы футболдан біржола кетуді ойлайды. Кім біледі, солай да болар ма еді, егер жаттықтырушы әрі жанашыры Владимир ағасы болмағанда. Ағасы оның жаттығудан қол үзбеуін қадағалап, мақсатқа жетпей жығылмауын талап етіп, қолдап, қайрап, жігерлендіруден талмай, ақылын айтып отырған. Футболшының өзі бұл сәтсіздігін ойына түсірген сайын «Егер Владимир болмағанда, чемпион Яровенко да болмайтын еді…» деп айтатыны – соның айғағы.
Қиын сәттерде еш мойымай, қайта күресіп, шеберлігін шыңдаған ол 1983 жылы ел құрамасынан және сол кездегі астана – алматылық «Қайрат» клубынан шақырту алады. Аталмыш клубта дебютант ретінде бір кездесу өткізеді. Сол ойында өзін жақсы қырынан көрсетіп, құраманың тұрақты мүшесі атанады. Бұл кезде клубтың құрамын жақсы ойыншылар құрағанмен, қаржыландыру жағы әлсіреп тұрған тұс еді. Сондай қиын сәтте де құраманың ойынын әлсіретпеуге күш салған оның еселі еңбегі елеусіз қалмайды. Жиырма төрт жасында үйленген Женяны үйлену тойында тосын сый күтіп тұрады. Ол – КСРО-ның олимпиадалық құрамасына шақыртуы мен өзі ойын көрсетіп жүрген «Қайрат» клубының капитаны етіп тағайындауы еді.

«Сеулдегі сәттер 
санадан өшпейді»

Қашанда қорғаушылық міндетіне өте сақ қарайтын футболшы Яровенко ретін тауып шабуыл өтіне де үн қосып, қақпаға қақырата соққылар жасаудың да шебері болады. Ол осы қасиеттері арқасында 1987 жылғы маусымда жұлдызы жарқырап, үздік ойыншы ретінде көрінеді. Осы жылғы маусымда ол тоғыз гол соғып, үздік отыз үш футболшының алдыңғы қатарына ойысады. Ал алматылық «Қайрат» клубы одақ бойынша футбол клубтары арасында жетінші орынға көтеріледі. Осы жетістіктерден соң Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы КСРО құрамасының негізгі ойыншысы болып нақты бекітіледі. Сондай-ақ, ұлттық құрамаға да шақыртылады. Ол ғана емес, жасындай жарқырап, ерекше ойын өрнегін көрсете білген оны киевтік «Динамо», мәскеулік «Торпедо», «Спартак» секілді сол кездегі Одаққа аты мәшһүр футбол ұжымдары сапынан көргісі келеді. Алайда, «қайраттық» футболшы шақыртуларды жауапсыз қалдырады.
Әлбетте, Евгений Яровенконың футболдағы ең жарқын сәттерінің бірі ол 1988 жылы КСРО құрамасымен бірге Сеулде өткен жазғы Олимпиада ойындарында чемпион атануы екені сөзсіз. Қаратаулық футболшы Одақ құрамасындағы бұл жетістігін сағынышпен әңгімелейді.
– Олимпиадалық кездесулер өте қызықты, тартысты өтті. Ондағы әрбір ойын санамызда сақтаулы, жадымызда жаңғырып тұр. Менің ғана емес, құраманың кез-келген ойыншысының, тіпті, жанкүйерлердің де ойынан ол сәттің әдемі әсерлері ұмытыла қоймағанына сенімдімін. Ұмыту мүмкін де емес шығар. Әсіресе, жартылай финалда тегеурінді қарсылас болған Италия құрамасымен тартысымыз драмаға толы еді. Қосымша уақыттың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіп, финалға өттік. Финалда бізді азулы Бразилия күтіп тұрған. Ол кездесуде жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Негізгі уақытта тең ойнап, қосымша уақытта есепте алдыға шықтық. Қосымша уақыттың алғаш он бес минуты аяқталған соң, біздің Гела Кеташвили дейтін футболшымыз алаңға жата қап: «Біз – чемпионбыз!» – деп айқайлағаны әлі күнге құлағымызда жаңғырып тұр. Соншалықты әсерге беріліп кеткен ол бізге мән берер емес. Алғашында бәріміз түсінбей қалдық. Содан соң, бірден өзімізге келіп, Гелаға әлі он бес минуттық тартыс күтіп тұрғанын түсіндірдік. Финалдық жеңісіміз осындай қызықтарға толы болды. Мен барлық ойында негізгі құрамда ойнадым. Тек финалдық кездесуде ғана Алексей Чередникомен алмасып алаңға шықтым. Құрамында Ромарио, Бебето секілді өткір шабуылшылары бар Бразилия құрамасын қапы қалдырып, жеңіске жеттік, – дейді жеңісті де жұлдызды шақтардың әр сәтін тебірене жеткізген чемпион. Сондай-ақ, ол сол кездегі құраманың қорғаушылар қатары да әр ұлттың өкілдерінен тұрғанын ерекше айтады. Оның айтуынша, сондағы қорғаушылар Лосев – Ресей, Горлукович – Беларусь, Кеташвили – Грузия, Череднико Украина елінің өкілдері болса, біздің кейіпкеріміз Евгений қазақстандық футболшы еді. Қақпаға қарай соққы дарытпауға барын салған осындай достықтан қаланған берік қорғаныстың еңбегі елеулі болды.
Бұдан кейінгі жылдары Одақ көлеміндегі түрлі клубтарда ойнаған қорғаушы «Днепр» футбол клубының құрамымен КСРО кубогін иеленеді. 1996 жылы өз спорттық жолын тәмамдап, жаттықтырушылыққа бет бұрады. Украинаның бірнеше клубында жаттықтырушы болып қызмет еткен ол, кейінгі жылдары қазақстандық «Есіл-Богатырь», ұлттық жастар құрамасының, туған облысы Жамбылға келіп, «Тараз» клубының бас жаттықтырушысы болып жұмыс жасайды.
Бүгінде жұбайы Светлана екеуі Олександр, Екатерина атты ұл-қызды тәрбиелеп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы да футболға бет бұрған. Тіпті, «Тараз» футбол клубының сапында бірнеше рет алаңға шығып, бірер голдың авторы да атанған. Сөз соңында айтарымыз, отандық футболды өрістетуге орасан еңбек еткен қаратаулық қорғаушының керемет ойын үлгілері жанкүйерлерінің жадында сақтаулы. Футболдан Олимпиада чемпионы атанған жамбылдық спортшының жетістіктері жерлестері үшін қашанда мәртебе, мақтаныш болып қала бермек.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support