- Advertisement -

«Ұлды жуу»

151

- Advertisement -

Облыстық телеарнаға жаңадан кірген кезім. Жұмыс көп, дамыл таппаймыз. Жаппай қысқартудың тұсы. Екі-үш адамның қызметін істеуге тура келеді. Өзіміз оператор, өзіміз тілші, дикторлық қызметті де қат-қабат атқарамыз. Бір күні жұмыстың соңына Исабек Күзембаев екеуміз бір «шишаны» ортаға қойып, енді ғана бастағанымыз сол еді бас редакторымыз Мұқан Әбілқайыров кіріп келді. Марқұмның жатқан жері жәннатта болсын.
– Не істеп отырсыңдар, – деді үні қатқылданып. Үстелдің үстінде тұрған шөлмекті тығып үлгере алмаған біз байқұс, аузымызға не түссін. Жанарымызбен жер шұқыдық.
– Мен екеуіңді жұмыс істеп отыр ма десем, тойлап отыр екенсіңдер ғой. Ол үшін не болатынын білесіңдер ме?
– Енді жұмыс аяғы ғой. Мына Исабектің әйелі босаныпты. Соны былай, атап өтейік деп… – дедім мен міңгірлеп.
– Ұл ма, қыз ба? – деп басшымыз сәл жібіп Исабекке қарады. Мен саса бастадым. Өйткені Исабектің әйелінің аяғы ауыр болғанымен әлі босана қойған жоқ еді. Исабегім де ер екен.
– Ұл, – деп таңдайы тақ ете қалды.
– Жарайды онда. Ұлды болсаң жууға болады, – деп бас редакторымыз жанымызға жайғасты. Арқа-жарқа болып, әй бір кеңінен сілтедік-ау.
Ертеңіне бас мең-зең. Оны да қойшы. Исабекеңнің әйелі босанбағанын бас редакторымыз біліп қойса не болады деп, қылпылдап отырмын. Өтірік айтып нем бар, шаруам бітті деймін ішімнен. Бір уақытта Исекеңнің төрт тал шашы бар төбесі көрінді. Екі езуі екі құлағында.
– Бақытжан аузың дуалы екен. Әйелім шынында да босанды, ұл тапты, – деп тұр.
Мен жүрегім жарылардай қуанып, Исабектің бетінен шөлпілдетіп сүйіп жатырмын. Ол да мәз. Мен де мәз. Ол әйелінің босанғанына, мен басыма үйірілген үйдей даудан құтылғаныма.
Енді ше? Екеуміздің де тілеуімізді Құдай берді емес пе?

Бақытжан Советұлы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support