- Advertisement -

Дәжжәл пайда болғанда…

388

- Advertisement -

Мәді жерден шығып, Иса көктен түседі

Мәдинадағы Нәби мешіті – Меккедегі Қағба тұрған әл-Харам мешітінен кейінгі екінші қасиетті мешіт. Іргетасын Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың өзі қалаған.
Алла елшісі Меккеден Мәдинеге қоныс аударған соң, түйесі шөккен жерге өз қолымен іргетасын қалап, тас пен кірпіштен салған. Оның бір бұрышы үйі болған. Сол үйде қайтыс болып, денесін жаны үзілген жерге жерлеген. Бұл үй қазір Пайғамбар мешітінің бір бұрышындағы жасыл күмбез астындағы нұрлы зиратқа айналған, онда Алла елшісінің қасында екі сенімді серігі, алғашқы екі халифа Әбубәкір мен Омар қатар жатыр.
Пайғамбар зиратының қасында тағы бір бос қабір бар. Ол не үшін бос қалдырылған? Оған болашақта кім жерленбек? Көптеген мұсылмандар мен Құран сарапшылары ол жерге болашақта жалғыз көзді Дәжжәлды өлтіріп, жер бетін қырық жыл басқару үшін көктен түсетін Иса пайғамбар жерленеді деген сенімде.
Имам Бұхари жеткізген қасиетті хадисте «Алла тарапынан жіберілген пайғамбардың бәрі өз қауымына Дәжжәл (Библия бойынша Антихрист) жайында ескерткен» делінсе, тағы бір хадисте «Дәжжәл сендердің орталарыңнан шығады» делінеді. Хадиске сүйеніп айтылатын әңгімелер бойынша, көктен Исаның түсуі, жерден Мәдінің шығуы және Дәжжәлдың пайда болуы – бір мезгілде болатын әрекеттер. Дәжжәлдың өте құпия түрде әрекет ететіні айтылады. Соған қарап көптеген діни зерттеушілер мен сарапшылар Дәжжәлды масондардың іс-әрекетімен байланыстырады. Қазір әлемде болып жатқан ғаламдық терроризм мен түрлі зұлымдықтарға қарап «Дәжжәлдың уақыты басталды, ол әлемге келді және ғаламдық процестердің бәрін сол басқаруда» дейтін дінге сенушілердің қатары көбеюде.
Хадистерде Исаның Дәжжәлды іздейтіні, ал оның Бәйтул-Мақдис (әл-Ақса мешіті) маңында жасырынатыны, ақырында сол жерде Дәжжәлды өлтіретіні ескертілген. Бұған қарағанда, Дәжжәлдың іс-әрекетінің орталығы әл-Ақса мешіті мен оның маңында болатынын аңдатқандай. Тағы бір хадисте Дәжжәлдың жартасты жарып шығатыны айтылады. Ал қазақ аңызы бойынша, Әзірет Әлі мен Орталық Азиядан шыққан балуан Дариға қыз күреседі. Әлі жеңіп, Дариға екеуінен Мәді (Маһди) туады. Кейін Мәді туған әкесін танымай, Әзірет Әлімен күресіп, әкесімен белдескенінен ұялып, қатты қысылғаннан жер астына түсіп кетеді. Міне, осы Мәді ақыр заманда жер астынан шығып, көктен түскен Исамен бірге Дәжжәлдың көзін жояды.
Сонымен, Дәжжәл деген қандай жаратылыс, Исаның көктен түсуі, Мәдінің жерден шығуы қашан пайда болады? Мұны ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкіл имамы Наурызбай Өтпенов былайша түсіндіреді:
Әсілін Алла тағала екі Мәсіхті жаратқан. Оның бірі – Иса (а.с.) пайғамбар, екіншісі – Хақ тағаланың анық сынағы болған Мәсіх Дәжжәл. Иса мен Мәсіх Дәжжәл – бір-біріне қарама-қайшы жаратылыс. Исаның көктен түсуі және Мәсіх Дәжжәлдің пайда болуы – қиямет жақындауының белгілеріне жатады. Ғалымдар «Мәсих Дәжжәл» сөзінің ұғымына қатысты елуден астам түсініктеме берген.
Алла тағаланың әміріне сай Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақырет күнінің басталу уақытын нақты айтпаған. Алайда оның белгілерін баяндап өткен. Сол пайғамбарлық хабарлардың негізінде ғалымдар қиямет жақындауының белгілерін кіші белгілер және үлкен белгілер деп екі түрге бөлген.
Сонымен қатар, қияметтің кіші белгілеріне қатысты ардақты Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Ақырзаман басталуының шарттары – бiлiмнiң жоғалып, надандықтын таралуы, жезөкшелiктiң жайылуы және iшiмдiктің көп iшiлуi. Елу әйелге бiр еркектен келіп, әйелдер санының көбеюі», – деген.
Қиямет күні нақты қашан басталатынын тек Алла тағала біледі. Дегенмен қиямет күнінің белгілері жайында айтып кеткен. Қияметқайым белгілеріне – жер жүзін бір түтіннің басуы, имам Маһдидің шығуы, Мәсіх Дәжжәлдің пайда болуы, көктен Исаның (а.с.) түсуі, бір үлкен хайуанның пайда болуы, күн батыстан шығып шығыстан батуы, Құранның көкке көтеріліп кетуі, Яажүж бен Маажүждың пайда болуы жатады.
Мәсіх Дәжжәлға келер болсақ, ол жалғыз көзді және сол көзі болмайды. Маңдайы үш әріппен, яғни «қоф», «фа» және «ра» әріптерімен мөрленген болады. Осы мөр оның кәпір екеніне ишара болады. Алайда бұл жазуды тек мүминдерге көру нәсіп болып, кәпірлер ол жазуды байқай алмайды.
Пайғамбарлар адамзатты Алла тағалаға иман келтіруге үндесе, Мәсіх Дәжжәл адамдардан өзін тәңір деп мойындауын талап етеді. Осы мақсатта ол, Хақ тағаланың қалауымен, түрлі керемет көрсетеді. Ол – өлген адамды тірілту, қуаң даланы көгерту, т.с.с.
Расулуллаһ (с.а.у.): «Менi сендер үшiн ең көп уайымға түсiретiн осы Дәжжәл емес. Өйткенi ол Мен араларыңда болған уақытта шығатын болса, Мен сендер үшiн онымен айтысқа түсемiн. Алайда ол Мен араларыңда жоқ болған уақытта шығатын болса, онда әрбiр адам онымен жеке басы үшiн өзi айтысқа түседi. Ол кезде әрбiр мұсылман үшiн Менiң орныма Алла тағаланың өзi болады. Дәжжәл бұйра шашты, көзi тасырайған жiгiттiң бейнесiнде келедi. Сендердiң араларыңнан бiреу тiрi болып, сол уақытта Дәжжәл келетiн болса, «Кәһф» сүресiнiң алғашқы аяттарын оқысын. Дәжжәл Шам мен Ирактың аралығындағы жолда дүниеге келiп, жан-жағына жамандықты тарата бастайды. Ей, Алланың құлдары! Дiндерiңдi мықты ұстаңдар!» деді.
Мәсіх Дәжжәл кісеннен босап шыққаннан соң жер жүзін қырық күннің ішінде айналып шығады. Оның бірінші күні бір жылға (яғни бір күнде бір жылдық іс атқарады), екінші күні – бір айға, үшінші күні – бір аптаға, кейінгі күндері – бір тәулікке тең келеді.
«Бiз: «Уа, Расулуллаһ! Ол жер бетiнде қанша уақыт болады?», – деп сұрадық. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қырық күн. Ол қырық күннiң бiр күнi бiр жылға, ал бiр күнi айға, ал бiр күнi аптаға, қалған күндерi сендердiң бiр күнiндерiңе тең болады», – деп жауап бердi.
– Уа, Расулуллаһ! Бiр жылға тең болған күнi бiз күнделiктi (яғни бес уақыт) намазымызды оқығанымыз жеткiлiктi бола ма?
– Жоқ! Бiрақ сол күнi уақытты дұрыс белгiлеңдер.
– Уа, Расулуллаһ! Ол жер бетiнде қандай жылдамдықпен қозғалады?
– Жел айдаған жаңбыр бұлты тәрiздi. Ол келiп, өзiне тәңiр деп иман келтiруiн талап еткенде, адамдар оның талабына жауап бередi. Сол сәтте оның әмiрiмен жаңбыр жауып, жер өнiм бередi. Ал кешқұрым өрiстен мал келедi. Ол малдың өркештерi дәл сол кезге дейiн көтерiлмегендей көтерiлiп тұрады. Желiндерi дәл сол кезге дейiн толмағандай толып тұрады. Қарындары дәл сол кезге дейiн шықпағандай шығып тұрады. Осыдан соң Дәжжәл басқа адамдарға келiп, олардан да өзiне тәңiр деп иман келтiруiн талап еткенде, олар одан бас тартады. Сонда олардың жерiн құрғақшылық басып, олар бар малынан айырылады. Дәжжәл қуаңшылық басқан жермен өтiп жерге: «Бар қазынаңды шығар», – дейдi. Жерден шыққан қазына Дәжжәлдің артынан ара үйiрi тәрiздi ередi. Осыдан кейiн Дәжжәл өзiне жасы кемелiне толған жiгiттi шақырып, оны семсермен екiге бөлiп тастайды. Дененiң екi бөлiгi бiрi-бiрiнен жебенiң жететiндей қашықтыққа ұшып кетедi. Дәжжәл жiгiттi өзiне қайта шақырады. Сонда қайта тiрiлген жiгiт қуаныштан жүзi жайнаған күйде алдына келедi».
Дәжжәлдің шығу жеріне келер болсақ, оған қатысты түрлі риуаяттар бар. Мәселен, бір риуаятта Дәжжәл шығыс тараптан, яғни Хорасан өңірінен, бір риуаятта яһудилер мекендеген Асбаһан аумағынан, ал бір риуаятта Шам-Ирақ жерінен шығады делінген.
Кісенінен босаған соң Дәжжәлдің аяғы баспаған жері, шықпаған төбесі қалмайды. Ол тек екі орынға аяқ баса алмайды. Ол – Мекке мен Мәдина.
Мәдинаға кіре алмайтынын білген Дәжжәл үш қайтара жерді тепкен сәтте Мәдинадағы екіжүзділер оған еріп кетеді.
Мәсіх Дәжжәлдан бұрын имам Маһди шығады. Имам Маһди Нәбидің (с.а.у.) ұрпақтарынан болып, келбеті арабтарға ұқсаған болады. Имам Маһдидің заманында жер жүзін әділетсіздік пен бұзақылық басқан болады. Имам Маһдидің келгеніне қуанған мұсылмандар оған Меккедегі «Әл-Харам» мешітінде еруге ант етеді. Осыдан соң имам Маһди Куфаға келіп, сол жерден жан-жаққа мұсылман әскерлерін жөнелтеді.
Ғалымдардың айтуынша Мәсіх Дәжжәл имам Маһдиден соң пайда болады. Имам Маһди шыққаннан соң ғаламаттар пайда бола бастайды. Ол – Мәсіх Дәжжәл пайда болуының ғаламаты. Дәлірек айтар болсақ, үш жыл қатарынан жаңбыр мен жер өнімі азаяды. Сол кезде адамдардың азығы тәкбир, тәһлил, тасбих болмақ.
Мәсіх Дәжжәлдің шығуының мәнісі – адамдарды сынау. Осы мақсатта Алла тағала Дәжжәлға түрлі ғажап істерді атқару құдіретін нәсіп етеді. Мәселен, жер жүзінде желдей кезіп жүру, жәннат пен тозақты көрсету, жаңбыр жаудыру, қуаңшылық басқан жерді көгерту, жер қойнауындағы кендерді жер бетіне шығару, өлген адамға жан беру, азғыру ісінде шайтандарды қолдану, т.б. Мәселен, Дәжжәлдің талап етуімен екі шайтан біреуге оның марқұм болған ата-анасының бейнесінде келіп Дәжжәлға нұсқап: «Мынаған ер! Сенің Раббың осы», – деп айтады. Сонда әлгі адам Дәжжәлға табына бастайды.
Дәжжәл фитнасы жер бетіне жайылған сәтте, Хақ тағаланың қалауымен қиямет күні жақындаудың келесі белгісі пайда болады. Ол – көктен Иса (а.с.) пайғамбардың түсуі.
Иса (а.с.) көктен Дамаскідегі Уммауи әулеті салған мешіттің мұнарасына екі періштенің қанатына сүйенген халде түседі. Сол сәтте Исаның (а.с.) шашынан маржандай су тамшылары тамып тұрады.
Бұл жайында имам Мүсілімнің риуаятында былай делінген:
«Дәл сол уақытта Алла тағала адамдарға Мариям ұлы Исаны (а.с.) жiбередi. Ол аспаннан Дамаскiнiң шығыс жағындағы ақ мұнараның жанына, қолын екi перiштенiң қанатына қойған халде түседi. Оның сары бояумен боялған екi киiмi болады. Ол басын төмен еңкейткенде, басынан су тамады. Көтерген кезде iнжуге ұқсаған тамшылар тамып тұрады».
Иса (а.с.) жерге түскеннен соң имам Маһди оған имамдықты ұсынады. Алайда бұл жолы Иса (а.с.) имам Маһдиге ұйып намаз оқиды. Осыдан соң мұсылман үмметінің билік мінбері Исаға (а.с.) өтеді.
Жер бетіне етек жайған күпірлікті жою мақсатында Иса (а.с.) Иерусалимге бет алады. Сонда, яғни Палестинада Иса (а.с.) бастаған мұсылмандар әскері Мәсіх Дәжжәлмен жүздеседі. Хадистердің бірінде Иса пайғамбармен (а.с.) кездескен сәтте Мәсіх Дәжжәл суда еріген тұз тәрізді еріп кетеді деп айтылған. Жалпы Дәжжәл имам Маһди және Исаның (а.с.) қолынан опат болады.
«Исаның (а.с.) демiнiң хош исiн сезген әрбiр кәпiр, оның исiнен жан тәсiлiм етеді. Исаның (а.с.) демiнiң исi көз жететiн қашықтыққа жайылып жатады. Иса (а.с.) Дәжжәлді iздеп, оны Люд қақпасының жанында қуып жетiп, өлтiредi. Осыдан соң Иса (а.с.) Алла тағала оларды Дәжжәлдың азғыруынан қорғаған адамдарға келiп, олардың беттерiнен сипайды. Иса (а.с.) оларға олардың жәннатта алатын дәрежелерi жайында айтып бередi».
Иса (а.с.) өз қолымен ең нәжіс жаратылысты, яғни доңызды өлтіреді. Мәсіх Дәжжәлдің фитнасы біткен соң жер жүзінде бейбітшілік орнығады. Бүкіл адамзат бір дінде болады. Ол – Ислам діні. Белгілі уақыт өткен соң имам Маһди жан тапсырады. Содан кейін қиямет күнінің келесі белгісі, яғни Яажүж және Маажүж пайда болады. Алайда, ол басқа тақырып.

Төреғали ТӘШЕНОВ.
aikyn.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support