- Advertisement -

Әйелдер жемқорлыққа жол жоқ дейді

106

- Advertisement -

еліміздің мемлекеттік хатшысы гүлшара әбдіқалықованың облысқа жұмыс сапары

IMG_2069 IMG_2406Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың жамбыл өңіріне сапары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған іс-шараларға қатысумен басталды. Ұлттық комиссияның БҰҰ Даму бағдар­ламасы, «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығымен және облыс әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен екі бірдей конкурс өткізілген болатын. Қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдары мен нео-фольклор стиліндегі киім сәнгерлері байқауларының қорытынды салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы:

– Іс-шараға қатысушылардың басым көпшілігі жастар болуы қуантты. Бұл жас буынның өткенді зерделеуге, тарихымызды тануға, дәстүрімізді білуге деген талпынысын көрсетеді. Бұл конкурстың мазмұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді қорғауымыз керек. Мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген алға қойған міндетіне толық сай келеді. Республикалық дәрежедегі екі конкурстың шежірелі Тараз жерінде өткізілуі кездейсоқ емес. Бұл – Тараз – Ақшолақ – Ақыртөбе – Құлан – Меркі – Шу – Аспара арқылы Ұлы Жібек жолы өткен қасиетті жер. Жамбыл жеріндегі әр кесенеде тұнған тарих бар, ал өлкеде салт-дәстүріміздің сақталып, дәріптелуіне тиісінше мән беріліп, жағдай жасалып отыр, – деді.
Ұлттық тағамдар мен киім үлгілеріндегі көп жылдық дәстүрлерді көздің қарашығындай сақтауға, оны бүгінгі жас ұрпақ пен күллі әлемге насихаттауға бағытталған айтулы шара өте жоғары деңгейде өтті. Шараға қатысушылар арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы қазақтың мол дастарқаны мен ұлттық асының әзірленуін тамашалап, ұлттық киім үлгілері мен қолөнермен айналысатын қыз-келіншектердің қолынан шыққан тамаша туындыларға көз жүгіртті.
Ал байқауға қатысқан еліміздің түкпір-түкпірінен келген аспаздар мен сәнгерлер байқауы көпшілікті таңғалдырмай қоймады. Ең таңдаулы ас мәзірі мен ең әдемі неофольклор стиліндегі киім кімнің қолынан шыққанын білуге ынтық болды көпшілік. Сонымен, екі бірдей сайыста да салты мен санасын, сәні мен ғұрпын сан жылдар бойы сақтай білген тараздықтар ең үздік деп танылды. Атап айтқанда, қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық асын әзірлеуде Тараз қаласындағы «Гауһартас» мейрамханасының бас аспазы, 6-разрядты аспазшы Гүлзаһира Әбдезова, ал сән үлгісі бойынша тараздық жас сәнгер Гүлзира Кеңесбай бас жүлдеге лайықты деп танылды.
Жалпы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған бұл айтулы шара кәсіпкер әйелдерді келесі жылы Астана қаласында өтетін ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне қатысуға ынталандыру болып табылады.

* * *
Өмір заңы қатал. Кейде өзің жасаған қателіктің зардабын жақындарың тартып жатады. Өкін мейлі, опын, бірақ, өткенді қайтара алмайсың… Ол бәрін ақшаға сатып алуға болады деп ойлайтын. Мектепте еш нәрсеге алаңдаған жоқ. Жоғары медициналық оқу орнында да «сыйлықтың» күшімен «сыйын» жоғалтпаған. Білдей бір аурухананың хирургі атануына да қомақты қаражаттың «күші» жеткен. Алайда, ота үстелінде өлім мен өмір арасында жатқан жақынының жанын сақтап қалуға ақша арқылы жинаған абыройы көмектесе алған жоқ. Ол дәрігер ретінде сын сағатта қандай медициналық көмек көрсету керектігін білмейтін еді…
Бұл оқиғаны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен «Әйелдер жемқорлыққа жоқ дейді» атты республикалық конференциясында «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсембаева айтып берді. Жалпы, бұл тақырыпта дәл осындай форматтағы жиын республика бойынша Тараз қаласында тұңғыш рет өткізілгенімен, конференцияда қозғалған мәселелерге қарап, әйелдердің жең ұшынан жалғасатын сыбайластыққа қарсы тұруының өзін заңдылық деп қабылдадық. Алдымен, отбасының игілігін, перзентінің болашағын ойлайтын нәзікжандылар әрқашан жемқорлыққа қарсы.
Қазақстан әйелдерінің сыбайластыққа қарсы жүргізілетін күресте қандай рөлге ие екенін айқындаған конференция алғаш рет Тараз қаласында өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өңірімізде жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы күрес жүргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. Жергілікті басқару органдары мен «Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық, аудандық филиалдарында арнайы қоғамдық кеңес құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Біздің өңірімізде сыбайластықтың алдын алу үшін түрлі стандарттағы шараларды өткізу тәжірибесі қалыптасқан. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспары жасалған. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастыруымен бұл шараның республикалық «25 пайдалы іс» акциясы аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілуінде мән бар. Біздің мақсатымыз – сыбайлас жемқорлықсыз Мәңгілік Ел құру, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде.
Мемлекеттік хатшы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуіне жол ашатын Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылсыз мүмкін еместігін атап өтті.
– Ел тарихының ең шешуші сәттерінде әйелдер қауымы болашақ ұрпақ үшін даналық танытып, Отанның тыныштығын, отбасының бірлігін, шаңырақтың берекесін сақтап келгені белгілі. Сондықтан, бүгінгі таңда бүкіл әлем үшін өзекті болып отырған ортақ проблема – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі де әйелдер назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Бүгінгі конференцияны өткізуге әйелдердің бастамашы болуы – соның дәлелі. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күрес жүргізу үшін құқықтық түсіндіру жұмыстарының деңгейі мен сапасын арттыру қажет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың конституциялық тәртіпті қорғау, осы салада тиімді жұмыс жүргізу, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау – бүгінгі күннің басты міндеті.
Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы арнайы Заң қабылдап, жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялаған бірден-бір мемлекет. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Ел Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаның басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас және құқықтық сана қалыптастыру, – деді Гүлшара Наушақызы.
Елбасы Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының нақты қадамдарын айқындап бергені белгілі. Соның негізінде жаңа заң, жаңа тұжырымдама қабылданған. Астана қаласындағы мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық Хаб Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов жаңа тұжырымдама әлемдегі ең озық тәжірибені пайдалана отырып жүзеге асыру қажет екенін айтады. Сол үшін өңірлік Хаб конференцияға Грузияның мемлекеттік қызмет Бюросы директорының орынбасары Майя Двалишвили ханымды шақыртыпты.
– Грузия – біздің аймақтағы жемқорлықпен күресте ерекше жетістікке жеткен мемлекеттердің бірегейі. Сол себептен де, сіздерге таратқан құжаттар ішінде Хаб пен Бюроның Грузиядағы полиция органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес тәжірибесі негізінде жасалған оқулықты ұсынып отырмыз. Әлемде жемқорлыққа қарсы жалғыз халықаралық академия бар. 2013 жылы Қазақстан Елбасының Жарлығына сәйкес осы халықаралық академияға мүше болды. Біз бүгінгі басқосуға осы академияның сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Симона Марин ханымды да шақырдық, — деді Әлихан Мұхамедұлы.
Конференцияда Мемлекеттік қызмет істері министрінің орынбасары Айгүл Шайымова сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа саясаттың бағыт-бағдарына тоқталып, мемлекеттік аппараттағы әйелдердің рөлі жайлы сөз қозғады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытудың жаңа тәсілдерін тілге тиек етті. Грузиядан келген қонақ Майя Двалишвили сыбайлас жемқорлыққа қарсы грузиндік күрес жүйесіне тоқталды. Ал Симона Марин гендерлік аспектілерді түсіндіріп, сыбайластыққа қарсы күресте әйелдер қандай рөлге ие екенін айтып өтті.
Жиынды Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қорытындылады. Түстен кейін конференцияға қатысушылар шетелдік қонақтар өткізген шеберлік сыныптарына қатысты.

Маржан РАҚАЙ,
Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support