- Advertisement -

Тағылымы терең мереке

123

- Advertisement -

Бақытжан Әлпейісов,
театр және кино актері, Қазақстан
Жастар одағы сыйлығының иегері.

Театр және кино актері ретінде тәуелсіздік жылдарына дейін Ақсуат жерінде түсірілген «Қиян» фильміне түстім. Режиссер Серік Қарпықов жетекшілік еткен кинотуындыда кәсіпқой актерлерден тек қана мен болдым. Қалғандары – түгелімен ауыл адамдары. Сонда Серіктен «Неге мен ғана жүрмін?» деп сұрасам, ол: «Сен сыр алдырма. Кәсіби маман екеніңді білдірмей, қалған азаматтарға көшбасшы бола біл», – деп еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кинемотография саласына жеңіл болған жоқ. Десе де, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» атты фильмі талайды таңдай қақтырғаны анық. Сол фильм арқылы қаншама жүлде елге келді. Еуропа қазақ кинемотографиясына тамсанды. Тоқсан бесінші жылдары қазақстандық-британдық әріптестік негізінде түсірілімі басталған «Тоғысқан тағдырлар» фильмі 2000 жылы түйінделді. О баста мистикалық мелодрама жанрын көксеген сериал қаншаға созылатынын білмедік. Біткен кезде 465 серияны құрағанынан хабардар болдық. Аты аталған сериал біз үшін эксперимент алаңына айналды деп айтуға болады. Алғашқы отандық бұл сериалда Шерханның рөлін сомдадым. Одан кейін «Қара шегіртке» сериалында Бектің рөлін ойнадым. Бұл кинотуындының түсірілімі екі жыл уақытты алды.
Жалпы, театр, кино актері ретінде айтарым, тәуелсіздік жылдарында осы екі салаға көптеп көңіл бөлінді. Жиырмаға жуық фильмде әртүрлі рөлдерді сомдау бақытына ие болдым. М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында болсын, Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында қызмет еткен жылдарым болсын, бекзат өнерде жүрген әрбір жылым естен кетпейтін қызықтармен, әсерлі сәттермен есте қалды. Актер – жанкешті халық. Бүгін мінеки, қарап отырсақ, өнердің қай саласына да мемлекет тарапынан кең қолдау көрсетіліп отыр. Мұның барлығы егемен Қазақстанның мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түскенін айғақтай түсері ақиқат. Халықтың тұрмыс жағдайы да түзелді. Бұл – Мемлекет басшысының сарабдал, салиқалы саясатының жемісі.
Алатау мен Алтайдың мұзарт шыңдарына көз тігіп өскен қазақ халқының арман-мұраты әмәнда таусылмақ емес. Сол асқақ армандардың ұшар басында әлбетте азаттықтың, тәуелсіздіктің баянды, тұғырлы, ғұмырлы болуы тұрады. Ұшы-қиыры көзге көрінбейтін алып мемлекеттің иесі ретінде біз Отанымыздың гүлденуіне тамшыдай болса да үлес қоссақ, оның өзі, әлбетте, үлкен бақыт екені анық. Бірлік болған жерде берекелі тірліктің де болатыны аян.
Барлық кезеңдерде мейірбан қазақ халқы өзінің кеңпейілділігінің арқасында тарыққан емес. Абай айтқандай, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді негізге ала отырып, татулықтың темірқазығын қақтық. Мемлекет ретінде әлем елдері тамсана қарайтын елге айналып келеміз. Мұның бәрі жас шыбықтай тербелген, азат ел ретінде ширек ғасыр бойы қалыптасу процесін бастан өткеріп келе жатқан Қазақстан үшін үлкен жетістік екені талас тудырмайды.
Тәуелсіздіктің тағылымы жылдар бойы таусылмайды. Азаттықтың қадіріне жетуге тиіспіз. Мен бұрынғы Луговой, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы екенімді мақтан тұтамын. Тәлімі мен тағылымы мол Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын жерлестерім толайым табыстармен қарсы алады деп сенемін. Баршамыз туған елдің игілігі жолында еңбек ете берейік.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support