Бәрінен де көңіл қымбат

Бәрінен де  көңіл қымбат
ашық дереккөз
Бәрінен де көңіл қымбат

Оразкүл ТАСТЕМІРОВА, «Қызыл Жарты Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы.

Қайырымдылық жасау, көмек көрсету, бұл – барлық әлем халықтарының бағзы заманнан келе жатқан дәстүрі. Ал бүгінде өтеусіз көрсетілетін мұндай көмектер кез-келген қоғам мен әлеуметтік-мәдени топтарда молынан кездеседі. «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігінің осы бағыттағы жұмыстары да ұшан-теңіз әрі айрықша маңызға ие. Бұл құрылымның негізі 1937 жылы 5 наурызда қаланған. Қоғамның негізгі мақсаты – адамдардың зардап шегуінің алдын алу, жеңілдету және ұлттық, нәсілдік, жыныстық нышандары, діни саяси нанымдары, тілі, таптық жаратылысы бойынша кемсітусіз, адам абыройына құрмет ахуалын қалыптастыру болып табылады. Төтенше жағдай құрбандарына жедел гуманитарлық көмектер ұйымдастыру басты міндетіне кіреді. Бұл тұрғыда, сондай-ақ іздестіру қызметі жұмыс істейді. Ол қарулы қақтығыстардың, көшіп-қонудың, табиғи нәубеттер мен төтенше жағдайлардың салдарынан бір-бірінен көз жазып қалған жақын туыстардың отбасымен байланысын қалпына келтіруді көздейді. Бірлестіктің облыстық филиалының ұжымы аталған міндеттермен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға көмектер көрсету бағытында едәуір жұмыстарды жүзеге асырды. Атап айтқанда, былтырғы жылдың өзінде Біріккен Араб Әмірлігінің «Қызыл Ай» қоғамының бағдарламасы аясында облыс бойынша 563 бала 101 147 995 теңге көлемінде жәрдем алды. 2015-2016 жылдары 727 000 теңге жәрдемқаржы Сириядан, Түрікменстаннан келген босқындарға берілді. Сондай-ақ, қоғамымызға қайырылған аз қамтылған, көп балалы және де мүгедек балалары бар отбасылары 1 262 670 теңге көлеміндегі көмекпен қамтылды. Облыстық қан орталығында өткен «Жүректен – жүрекке» атты акцияға қатысып, қан тапсырушыларға қоғамдық бірлестігіміз атынан заттай бағалы сыйлықтар тапсырдық. Өңіріміздегі аз қамтылған және көп балалы отбасыларына «LC Waikiki» фирмасының демеушілігімен 350 дана жаңа күртешелер таратып бердік. Биылғы жыл орталанбай жатып-ақ облыс көлемінде қоғамның түрлі әлеуметтік санаттары арасында қайырымдылық көмек көрсету тұрғысында ондаған іс-шаралар өткізіп үлгеріппіз. «Көп түкірсе – көл демекші», қаладағы «Скиф-Трейд» және «Арзан» супермаркеттерінде біздің қайырымдылық жәшіктеріміз қойылған. Аталмыш салым жәшіктері арқылы қала тұрғындарының да қайырымдылық ісіне өзіндік үлестерін қосуына мүмкіндіктері бар. Осы бағыттағы жұмыстарымызға қолұшын беріп, жанашырлықпен атсалысып жүрген «Арайстроймаркет», «АДЕКО-Тараз», «Ақпараттық технологиялар», «Гелиос», «Ширинкомшарг» ЖШС-тары, «Исманова», «Умид» жеке кәсіпкерліктері, «Голубой экран» дүкендер желісі, «Амангелді» өндірістік кооперативі басшыларына да айтар алғысымыз шексіз. Биыл Жеңістің 71 жылдығына орай бірқатар соғыс ардагері мен соғыс кезінде тылда еңбек еткендерге қоғамымыз атынан азық-түлік түрінде сый-сияпат жасадық. Сондай-ақ, біз әркезде де облыстық Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесе қайырымдылық акцияларын жиі өткізуді үрдіске айналдырып келеміз. Басқа да қоғамдық бірлестіктерменен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Елбасымыздың халыққа Жолдауында айтылғандай, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөліп, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз. Бұл – біздің қоғам алдындағы міндетті борышымыз.

Ұқсас жаңалықтар