- Advertisement -

«Диқандармен жұмыс жандана бастады»

86

- Advertisement -

дейді «Қазақстан  Фермерлер Одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «SFK – INSURANCE»  міндетті сақтандыру  мекемесі   облыстық   филиалының  өкілі Дүйсенбек  Ерсымақов

– Дүйсенбек Нұрымбетұлы, «SFK – INSURANCE» міндетті сақтандыру мекемесі қашан құрылды? Облыс диқандарына бұл ұйым қаншалықты қажетті деп ойлайсыз?
– Бұл міндетті сақтандыру қоғамы елімізде 2007 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Негізінен еліміздің астықты солтүстік және орталық облыстарында нәтижелі жұмыстар бар. Ол аймақтарда 2-3 миллион гектар егістік жерлер сақтандырылады. Нәтижесінде, егінін сақтандырған диқандар қатты қуаңшылық жылдары, егін өте аз шыққанда, найзағай түсіп алқап өртенген жағдайда қажетті төлемдерін алып отыр. Әр гектарға төленетін төлем ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Мәселен, арпаның әр гектарына төленетін төлем 4470 теңгеден кем емес. Жүздеген гектар алқапты есептесек, дала еңбеккерлерінің қалтасына біраз қаражат түсетінін байқауға болады. Бірақ, біздер көптеген қожалықтардың мүмкіншілігіне қарап жеңілдіктермен де сақтандырамыз. Алайда, олар төтенше жағдайға тап болғанда сақтандыру төлемінде айырмашылықтар болады.
Ал, өзім ертеректе кеңшарда бас есепші, үлкен ұжымшардың төрағасы болып еңбек еттім. «Қазақстан Фермерлер Одағы» филиалдары ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мүддесін қорғау мақсатында құрылған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығынан хабары жоқ кісілердің сақтандыру компаниялары егістіктерді сақтандырумен айналысуда. Олар жұмыстың түпкі мәнін түсінбейтіні анық. Кейіннен Берден Байқошқаровтың бастамасымен құрылған «Береке» агрофирмасын басқарғанда бірнеше шаруашылыққа жүгері ектіріп тәжірибе жинағанымыз бар. Сол кезде 300 гектарға дейін егілген жүгеріден тәуір өнім алынған болатын. Ал, міндетті сақтандыру мекемесінің қызметін пайдаланғаннан шаруа қожалықтар еш ұтылмайды.
– Біздің облыстағы жұмыс белсенділігі қандай? Міндетті сақтандырудың өңірде жандануына қалай ықпал жасап жатырсыздар?
– Шыны керек, облыста бұл жұмыс бірнеше жыл баяу жүргізіліп келді. Тіпті, осындай міндетті сақтандыру мекемесі бар екенін де біреу білсе, біреу білген жоқ. Қазір «Қазақстан Фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына облысқа белгілі азамат Ж.Дайрабаев төраға болып келді. Сол кісінің белсенділігімен аудандарда жұмыстың ілгері басуына ықпал етіп жатырмыз. Қазір Қордай, Меркі, Шу, Байзақ аудандарында міндетті сақтандыру жұмысы белсенді жүргізіле бастады. Бұл өңірлердің белсенділігін байқап, өзге ауданның диқандары да міндетті сақтандырудың тиімділігін түсініп келеді. Біз барлық ауданды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте ескеретін мәселелер бар. Әр дақылға төленетін төлем көлемі әртүрлі. Мысалы, қант қызылшасын еккенге жоғары төленеді. Соя егуді де жоспарлап жатқан шаруашылықтар бар. Содан кейін жердің құнарлылығына да көңіл аударамыз. Мәселен, Қордай ауданының егістігімен Талас ауданының алқабын салыстыруға келмейді. Сондықтан да, жұмысты жолға қоюды жері құнарлы, шұрайлы аудандардан бастап кеттік. Бұл сақтандыру – міндетті сақтандыру. Шаруа қожалықтары осыны білгендері жөн. Сақтандырған диқандар зиянға қалмайды. Ал, егістігін сақтандырмаған шаруа қожалықтарға салынатын айыппұл да бар. Сондықтан, әр шаруа қожалығы жаңашыл көзқарастарды түсініп, ісінің пайдалы жағын ойлағаны абзал.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Е.Жаңабайұлы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support