- Advertisement -

ҚОЛДАУДЫҢ ОРНЫНА, ТҰҚЫРТҚАНЫ НЕСІ?

129

- Advertisement -

Облыстық «Ақ жол» газетінің үстіміздегі жылғы 19 сәуірдегі санында Шу аудандық әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы (қазіргі аудан әкімінің бірінші орынбасары) Нұрлан Жақсыбаевтың «Табыстың көзі – кәсіпте» деген мақаласы жарияланған болатын. Автор мақаласында аудандағы «Айшот» сүт өңдеу кәсіпорны туралы да өз пікірін білдірген. Осыған байланысты, редакцияға кәсіпорын құрылтайшысы Айман Нүсібековадан хат келді. Біз оның бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтерген пікірін де жариялауды жөн деп ұйғардық.

Сүт – ағзаны радиациядан айықтырады

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауында, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән бергені белгілі. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды екенін атап өткен Президентіміз: «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс» деді. Айтылған міндеттерді ескере келе, Елбасы Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарына түзету енгізуді мықтап тапсырды. Ал, тапсырманың жүзеге асырылуының алғашқы қадамы – «Агробизнес-2020» бағдарламасы болды. Оның басты мақсаты – агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасау, оларды қаржылық сауықтыру, олар үшін тауарлардың, жұмыстардың және экономикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, жалпы, ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпін, тиімді қолдау көрсету болып табылады.
2013-2020 жылдарға арналған бағдарламада сүт өндірісін дамытуға да айрықша көңіл бөлінген. Осыған байланысты бүгінде республикамызда сүт өндірісін дамыту жөнінде шебер жоспар құрылып, ауыл аймақтар аталмыш бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Ал, Шу ауданында сүт өндірісімен алғаш жалғыз «Айшот» серіктестігі айналысып отыр.
Қазақ халқы төрт түлік мал өсіргеннен бастап сүт, айран, қымыз, көже ішіп, қаймақ, май, құрт, ежегей, ірімшік жеп, өсіп-өнген. Ата-бабаларымыз қой-ешкінің, түйе-жылқы, сиыр сүтін, одан жасалған тағамдарды «ақ» деп атап, киелі санаған. Халық емшілері кейбір ауыр сырқаттарды сүтпен де емдеп жазып, ұзақ өмір сүру шәрбәті ретінде ішуді дәстүрге айналдырған.
Аштықта адам үнемі бір ғана азықпен ұзақ уақыт қоректенсе, ауруға ұшырап, тіпті, өліп тынады екен. Оған керісінше аштықта тек қана сүт ішкен адам мұндай күйге түспейді екен. Өйткені, сүт аштық пен шөлді басатын, ағзаға қуат беретін құнарлы тағам. Орыс ғалымы И.П. Павлов сүттің емдік қасиеті туралы: «Адам ішетін тамақ түрлерінің ішінде сүттің алатын орны ерекше, бұған күнделікті тәжірибеде қандай көз жеткен болса, медицина да нақ солай деп қуаттап отыр. Барша жұрт әркез де сүтті ең жеңіл, жұғымды тағам деп атайды және ол әсіресе асқазанның ақауы бар адамдарға, сондай-ақ толып жатқан өзге де ауыр науқастарға, мысалы, жүрегі, бүйрегі тағы басқа мүшелері ауыратын жандарға аса пайдалы. Табиғаттың өзі дайындап берген тағамдардың ішінде сүтке не жетсін!» деп жазады.
Ең ғажабы, сүт өнімдері радиация зардабынан ағзаны айықтырады. Жапон ғалымы С. Хигуши бірқатар дәрі-дәрмектермен бірге атом сәулесімен ағзасы зақымдалған 7 адамға айран беріп, нәтижесін бақылайды. Сонда үш айдан кейін үзбей айран ішкендер радиациядан жазылып, қатарға қосылған. Күніне бір литр айран ішкен адам 50 жыл бойы радиоактивті сәуле түсірілсе де зақымданбайды. С. Хигуши мұны сүтте бар кистин мен глутатионның атом сәулесінен болатын зардаптан ағзаны қорғай алатындығынан дейді.
Бұл күндері дәрігерлер сүт және сүт өнімдері арқылы семіздікті, бауыр, ұйқы безі, жүрек дертін емдеп жазуда. Адамның салмағын жеңілдету үшін де сүт өнімдері пайдаланылады. Данагөйлер ежелден-ақ сүтті «Денсаулықтың қайнар көзі», «Өмір шырыны», «Ақ қан» деп атаған. Ғалым Нильс Густавсон: «Егер сіз жыл – он екі ай бойы күн сайын бір литрдей сүт ішетін болсаңыз, 100 жасаймын дей беріңіз!» деп жазады.
Жаңа сауылған жылы сүттің неғұрлым құнарлы болатыны мәлім. Себебі, құрамында өзіне түскен бактериялардың өсуін кідіртетін, тіпті жойып жіберетін қасиеті болады. Сүттің осы қасиетін сақтау үшін салқындатады.
Зауытта сүтті залалсыздандыру кезінде 135 градусқа дейін қыздырып, тез суытады. Сонда мұндай сүт жарты жыл бұзылмайды. Ал тоңазытқышта 2-3 күн сақтауға болады. Енді сүтті пастерлеу кезінде 60-70 градусқа дейін қыздырып, соның нәтижесінде сүт құрамында дәрумендермен бірге пайдалы микроағзалардың басым бөлігі де сақталып қалады. Мұндай сүттің сақталу мерзімі қысқа – 36 сағат қана.

Құрғақ сүтте құнар жоқ

Бүгінде сүт өнімдерін дайындаумен айналысатын фирмалардың дені табиғи ақтан гөрі «жасанды ұнтаққа» көбірек ден қойып отырғанға ұқсайды. Қазір дүкен сөрелерін басып кеткен «ашымайтын сүттер» осының айғағы іспеттес. Салқын жерде сақталмай-ақ, айлап-жылдап тұра беретін аталмыш өнімдердің құрамында құнардың барлығына кейде күмәнданасың. Бұрынғы таза сүттер бір күн өтпей-ақ айранға айналып, ұйып жататын. Қазіргілері тіптен рахат! Ашып-сасиды деп алаң болмайсыз. Есесіне оны өндіруші компаниялардың қалтасы барған сайын қалыңдап барады. Адам денсаулығы ойыншыққа айналған бұл заманда шындық іздеп шарқ ұрудың қажеті шамалы болып тұрғандай.
Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева дүкенде сатылып жатқан сүт өнімдерінің сапасына алаңдаушылық білдірді. Ғалымдардың пікірін алға тартқан Дариға ханым құрғақ сүтті пайдалану инсульт, инфаркт, онкологиялық сырқаттарға шалдықтыратынын айтты. «Бюджеттік мекемелер болса, оларды көптеп сатып алып, балабақша, мектептер мен ауруханаларда қолданады. Осыдан кейін ұлт денсаулығы туралы қандай сөз қозғауға болады?», – деп налыды ол. Бүгінде нарықта сүт өнімдерінің 27 түрі саудаланады. Оның 8 түрі шетелден әкелінеді. Отандық өндірушілер арасында да құрғақ сүт шығаратындары бар. Алайда, оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін көпшілік біле бермейді. Сондықтан, ол жауапты тұлғалардан дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдерін қатаң қадағалауға алуды сұрады. Жайбарақат отырған Ауыл шаруашылығы мен Денсаулық сақтау министрлігінен шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.
Көрші Ресей өз халқының денсаулығына алаңдап, құрғақ сүттің қауіптілігі туралы дабыл қағып жатқанына біраз уақыт болды. Олар дүкенде сатылатын сүт өнімдерінің арасынан ағзаға қатерлі улы заттарды тауып, мұндай өнімдердің бәрін тиісті сараптамадан өткізуде. Меламин деп аталатын ұнтақ күнделікті тұтынатын сүт өнімдерінің арасынан табылып жатыр. Химиялық қоспасы көзге ақ ұнтақ түрінде шалынатын осы меламин дегеніңіз шынтуайтына келгенде, кәдімгі пластмасса жасайтын ұнтақтың өзі екен. Бұл сүтке қосылғанда оның көлемі ұлғаяды, дәмі аздап өзгергені болмаса, таза сүт сияқты әсер береді. Бүгінгі таңда Ресей сарапшылары зерттеп-зерделей келе осы қатерлі өнімнің аса кең көлемде таралып кеткенін анықтап отыр. Көршілер оны анықтап қана қоймай, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шұғыл шараларын да қолға алып жатыр. Олар құрамында меламині бар өнімдердің бәрін нарықтан алып тастау туралы шешім қабылдады. Төскейінде төрт түлікті өргізген қазаққа әсте құрғақ сүтті пайдаланған қатерлі екені айтпаса да түсінікті.

Өзгенің қазанына телміргенше

Құрметті Н.Жақсыбаев мырза! Сіз өз мақалаңызда «Айшот» ЖШС-ның бәсекеге қабілеттілігі төмен, дайын өнімінің жарамдылық мерзімі 1 аптадан аспайды, аумақтық инспекция арқылы сертификат алмаған депсіз. Сізге «Айшот» ЖШС-ның қуаттылығы – тәулігіне 2 тонна, сапалы, табиғи, пастерленген сүт шығаратын заман талабына сай екенін, Ресейден әкелінген жаңа «КОЛАКС» жабдығымен жұмыс атқарып отырғанын айтқым келеді.
Қазақстанның сүт одағының арнайы мониторингтік зерттеуінің нәтижесі бойынша, азаматтарымыздың 80 пайызға жуығы отандық сүт өнімдерін тұтынуды жөн санайтындықтарын алға тартқан. Өзгенің қазанына телміргенше, өз ошағымызға от жақсақ, нәрлі сүтке біз де қол жеткізер ме едік. Бастысы, кәсіпкерлер мен мамандар қалта емес, ел қамын ойлап, әркез орайлы істерге орын берсе деп ойлаймын. Ал қарапайым тұтынушы табиғи сүтті «жасанды ұнтақтан» ажырата білетіндей халге жетсе деп армандаймын. Жасанды сүтсымақ жолда қалып, сапалы сүт сатылып кетер еді. Олай болмағанда, отандық сапалы сүтке жақын арада қол жеткізуіміз екіталай-ау.
Құрметті Н.Жақсыбаев мырза! Сізді біздің Шу ауданында тұрғындардың неліктен қандай да бір ірі өндіріс ашуға деген қызығушылығының, ұмтылысының жоқтығы ойландырмай ма? «Айшот» серіктестігінің бастан кешіріп отырған қиындықтары сізге беймәлім сияқты.
Ауданда мал жаю, азығын дайындау үшін жер телімдері жеткіліксіз, жер телімдерін жалға беру дұрыс жолға қойылмаған. Аудан әкімдігі тиімді түрдегі құқықтық-ұйымдастыру мәселелері мен шаруашылық жүргізу тетіктерін анықтау, өнімдерді өндірістен бастап саудаға шығаруға дейінгі технологиялық үрдістерді жетілдіру, басқарудың заманауи жүйесін және инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін қарастыруы керек. «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК бойынша филиалының Шу аудандық бөлімшесі аккредитацияланбағандықтан өнімді сараптамадан облыс орталығында өткізудеміз. Шикізат, әсіресе, сүт өңдеу әуелі ауыл тұрғындарына тиімді.
Жаңажол ауылының тұрғындары ауылда, мен сияқты қарапайым отбасының, кішігірім сүт өңдеу цехын құрып, жаңа жұмыс орындарын ашып, сиырларының сүттерін қиналмай сатып, ақша жасап қана қоймай, тұтынушылардың сапалы сүт өнімдерін алып жүргеніне риза екенін айтқым келеді.

Айман Нүсібекова,
«Айшот» ЖШС-ның құрылтайшысы.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support