Өнбейтін дауды өспейтін ер қуады

Өнбейтін дауды өспейтін ер қуады
ашық дереккөз
Өнбейтін дауды өспейтін ер қуады

Бүгінде ауылдағы шаруаның көпшілігі диқаншылықпен айналысып, нәсібін қара жерден ажыратып жүрген жайы бар. Мал мен егін өсіруді қатар өрістетіп отырған елміз. Агроөнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі қолдау мен көмектің арқасында ісін ілгерілетіп, шаруасын шалқытып отырған азаматтар баршылық. «Ерінбеген екі асайды» деп, ауыл шаруашылығының түрлі саласын жүйелі жүргізіп келе жатқан құрылымдардың бірі – өзім басқарып отырған «Аманкелді» өндірістік кооперативі. Жерді тиімді пайдалану, егін шаруашылығына жаңа техникалар мен технологияларды енгізу арқылы мол өнім алу, отандастарымызды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өңір өнімдерінің экспортталуына үлес қосу, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, экономикаға аз да болса үлес қосуды көздейтін «аманкелділіктер» жердің игілігін көріп те отыр. Кооператив биыл жоспарланған 50 гектар жерге қант қызылшасын екті. Сонымен қатар, 260 гектар алқапта көкөніс өсіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде көкөніс дақылдарының тұқымы себіліп те қойылды. Айта кетерлігі, шаруашылықта тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы көп шығыннан құтылдық. Жалпы, жерді тиімді пайдаланудың түрлі тетіктерін қарастырудамыз. 

Бүгінде елімізде жер мәселесіне байланысты түрлі түсінбестіктер орын алып отырғаны жасырын емес. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 35 және 36-қадамдарын жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке берудің жаңа тетігін енгізу үшін өткен жылдың 2 қарашасында «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заң қабылданып, ол биылғы жылдың бірінші шілдесінен күшіне енбек. Халық арасында аталған заңға байланысты түрлі түсінбеушіліктер орын алып, қазақтың жері біржолата шетелдіктерге берілгелі жатыр екен деген қауесет тарады. Алайда, аталған заңға игерусіз бос жатқан жерлер уақытша тек Қазақстан азаматтарына жалға беру арқылы экономиканы көтеруге бағытталған өзгерістердің енгізілгенін ескерген жөн. Бос жатқан жерді жалға алған қалталы азамат онда қандай да бір кәсіпорын ашып, шаруамен айналысар болса, ол жаңа жұмыс орындарында басқа емес, өзіміздің азаматтар жұмыс істейтін болады. Айта кетерлігі, мұндай қадамға әлемдегі озық мемлекеттер әлдеқашан барған. Біріккен Араб Әмірліктері мен көршілес Ресейдің өзінде жерді ондаған жылдарға жалға беру үрдісі қалыптасқан. Жан-жақты қарастырылып жасалған заң негізінде ол жерді ешкім де тартып ала алмайды. Елбасы күні кеше өткен ҚХА кезекті ХХІV сессиясы кезінде де өзінің жер мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, ешкім де жерді шетелдіктерге бергелі жатпағандығын нақтылап түсіндірді және жер үшін жанын пида етуге дайын халқының бар екенімен мақтанатынын да жасырмай айтты. Сондықтан, қашанда еліне тіреу бола білген Ұлт Көшбасшысының бұл қадамын да жарқын болашаққа бастайтын тың бастаманың бірі ретінде бағалаған жөн.

Қасымхан ҚАНАЕВ, «Аманкелді» өндірістік кооперативінің  басшысы.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар