- Advertisement -

Қош бол, ыстық су!

71

- Advertisement -

Жылыту маусымы аяқталуына байланысты Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларындағы тұрғын үйлерге жылу мен ыстық су беру бір мезгілде тоқтатылғаны белгілі. Ал Тараз қаласындағы 701 тұрғын үйге ыстық су беріліп тұр. Денсаулық сақтау және мектепке дейінгі мекемелеріне әзірге бір аптадай уақыт жылу беріле тұрмақ. Әйтсе де, жылу беру желілерін қысымдап, сынау мақсатында мамыр айының екінші онкүндігінен бастап, маусым айының басына дейін ыстық су беру тоқтатылады. Одан бөлек, 7 шілдеден 27 тамызға дейін жылу желілеріне температуралық сынақ, күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғандықтан, бұл уақытта да қалада ыстық су болмайды. Сонымен қатар, қаланың кейбір аумақтарындағы жылу жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетіндіктен, сол маңдағы тұрғындар ыстық сумен алдағы жылыту маусымында бір-ақ қауышатын болды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаевтан естіп, білдік. 

– Шаһардағы Рахымов, Жұбанышев көшелері мен Жамбыл даңғылы бойынша М-5, Б.Момышұлы, С.Сейфуллин көшелері бойынша М-8 жылу магистралін, Қойгелді көшесінен 225-жылу құдығына дейінгі орамішілік жылу желілеріне алдағы күндерде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Алдағы жылыту маусымына дейін аталған аумақтағы 228 тұрғын үй мен бірқатар мекемелерге ыстық су берілмейді. Себебі, жөндеу жұмыстары мамыр-қараша айлары аралығында жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар және отын-энергетика кешені кәсіпорын басшыларының келісіміне сай, маусымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленіп бекітілген, – дейді ол.
Бір айта кетер жайт, тұрғындар келесі жылыту маусымына дайындық барысында салғырттық танытатын сыңайлы. Е.Көшербаев жылу алуға дайын екенін растайтын құжаты жоқ үйлерге енді жылу берілмейтінін айтты. Әсіресе, жекеменшікке берілген бұрынғы жатақханалар жылу алуға келгенде істі бір-біріне сілтеп, нәтижесінде үй дайын болмай, осыдан кейін жылудың ол үйге уақтысында берілуіне кесірі тиеді екен.
Сондай-ақ, Тараз қаласындағы жаңғыртылуы тиіс 610 көп қабатты тұрғын үйдің бүгінде 200-ге жуығы жөндеуден өткені айтылды.
«Ерте ме, кеш пе – әрбір үйдің шатыры, жылу-су құбырлары ауыстырылып, үйме-үй есептеуіш құралдары орнатылады. Бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «2020 жылға дейін тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Дегенмен, биыл жаңғыртылуы тиіс 51 үйдің құжаты дайын болғанымен, республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған жоқ. Келер жылдан бастап немесе биылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде бұл мәселе шешіледі деген ойдамыз»,– дейді Ерік Әубәкірұлы.
Брифингке жылу беру мекемелерінің басшылары қатысып, БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support