Жасампаздықты жария ететін той

Жасампаздықты жария ететін той
ашық дереккөз
Жасампаздықты жария ететін той
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекет­тік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықованың төрайым­дығымен Қазақ­стан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығын өткізу бойынша Мемлекеттік ко­мис­сиясының бірінші отырысы өтті. Аталған комиссия Қазақстан Президентінің биылғы жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуді жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық дең­гейде өткізу мақсатында құрыл­ған еді. Сондықтан, комис­сия­ның алғашқы отырысында Тәуел­сіздіктің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларды дайындау мен өт­кі­зудің негізгі мәселелері тал­қыланды. Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығын атап өту, мерейлі жылды лайықты қар­сы алу елдігімізге үлкен сын екенін айтты. «Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды. Арнайы Мемлекеттік комиссия құрылып, ол туралы ереже мен комиссияның дербес құрамы бекітілді. Жылды «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен мерекелеу туралы тұжырымдама қабылданды. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы ел тарихындағы бетбұрысты кезең болмақ. Ол елімізді түбегейлі жаңғыртатын 5 институттық реформаны қарқынды жүзеге асыру кезеңіне сәйкес келді. Сонымен бірге, әлемдік дағдарыстың салдары сезіліп тұрған күрделі уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Дегенмен, Елбасы атап өткендей, Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктері қандай дағдарыстан да салмақтырақ. Елбасының сарабдал сая­сатымен еліміз Тәуелсіздік жылдарында барлық сала бойынша табысты реформалар жүргізді. Бүгінгі Қазақстан экономикасы мығым, саяси ахуалы тұрақты, қоғамы дамып, тіршілігі жақсарған, әлдеқашан қалыптасқан мемлекет. Бейбітшілік пен келісімді нығай­тып, этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтай білген ел. Бұл ретте, Тәуел­сіздік – біздің барлық жетіс­ті­гіміздің негізі. Демек, бұл азатты­ғымыздың ширек ғасырлық мерей­лі жылын мерекелеу барысында әрбір қазақстандықтың жүрегінен нық орын алуы тиіс», – деді. Бұдан кейінгі кезекте Тәуел­сіздіктің 25 жылдығын мерекелеу­ге дайындық шаралары туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз алды. «Тәуелсіздік алған 25 жылдан бергі уақытта Ел­ба­сының арқасында бүкіл әлем Қазақ елін, қазақ ұлтын барын­ша таныды, мәртебелі мемлекет ретінде мойын­дады. Әлемдік қауымдастыққа демократиялы-зайырлы мемлекет екенімізді дәлелдедік. Ең бастысы, биылғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын бүкіл халық болып атап өту шараларына жыл басынан бері дайындық шараларын ойдағыдай бастап кеттік. Бұл – дәуірлік оқиға. Халқымыздың сан ұрпағының орындалған армандары мен үміттерінің нәтижесі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қа­зақ­стан Республикасы мем­ле­кеттік Тәуелсіздігі туралы Консти­туциялық Заң қабылданып, еліміз тұңғыш рет әлемдік қоғам­дастық мойындаған мемлекет мәртебесіне ие болды. Егемен дамудың 25 жылы ішінде Қазақ­стан «2030 Стратегиясын» мерзімінен бұрын іске асырып, «2050 Стратегиясын», «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын жүзеге асыра бастады. Бүгінде әлемдік қауымдастық Қазақстанды ТМД елдерінің арасынан жаңғырған өзгерістердің көшбасшысы деп біледі», – деді А. Мұхамедиұлы. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исе­ке­шев Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығында 100-ден астам ақпа­раттық-насихаттық шараларды өткізу жоспарда тұрғанын мәлімдеді. Аталған жұмыстар жыл басынан басталды. Мысалы, 18 ақпан күні әлеуметтік желілерде «25 жыл – бір ел – бір тағдыр» ат­ты шара бастау алды. Оның аясында бірден 30 мың­нан астам қолданушы өз сурет­терін (аватар) ұлттық нақыш­пен безендірген еді. Қазір­гі уақытта 102 мың адам әлеуметтік желілердегі фото­суреттерін ұлттық нақыш­пен көмкеріп үлгерді», – деді Ә.Исекешев. Бұл күні еліміздің мәде­ниет және қоғам қайрат­кер­лері алдағы мерейтойды абы­роймен өткізу қажеттігіне баса назар аударып, құр науқан­шылықтан ада болуға ша­қырды. Мәселен, сенатор, қоғам қай­раткері Нұрлан Ораза­лин Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы аста-төк емес, санаға жете­тіндей, көкірекке қонатындай, жүрекке жылы тиетіндей етіп тойлануы шарт екенін айтты. «17 миллион халқымыз ол мейрамды қалай тойласа, соның сыртында бізді қадағалап отырған мемлекеттер де оны жете түсінуі тиіс», – деді Н.Оразалин. Мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың сөзі де осы үдеден шықты. Ал Бекболат Тілеухан аталған мейрам «құр той­лау, құр шалқу болмауы қажеттігін» жеткізді. «Еш­­қандай эйфорияның қаже­ті жоқ. Бұл мейрам – Тәуел­­сіздік алдындағы есеп. Бұл – Тәуелсіздіктің қаді­рін түсін­діретін үлкен идеоло­гия­лық шара. Осыны пайдаланып, елдің санасына құйып қалу қажет. Тәуелсіздіктен тәтті, азаттықтан асыл ештеңе жоқ екенін ұрпақтың санасына сіңіру керек», – деді ол өз сөзінде. Отырыс соңында Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәу­ел­сіздігінің 25 жылдығын өткі­зуге арналған мемлекеттік ко­миссияның отырысында атаулы жылды атап өтудің медиа-жоспарын 25 сәуірге дейін бітіруді тапсырды.

Ұқсас жаңалықтар