- Advertisement -

«Жол картасының» шапағаты мол

62

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың соңындағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» аталатын халыққа Жолдауында 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспарын жүзеге асырудың нақты міндеттерін алға қойды. Бұл тапсырмалар бізді баянды болашаққа, дамыған өркениетке, бүгінгідей дағдарысқа қарсы тұрар тегеурінділікке бастайды. Елбасымыз адамзаттың барлық игілікке тек еңбек арқылы жететіндігін ерекше қадап айтумен келеді. Ал қолынан іс келетіндерге жағдай жасау мемлекеттік саясаттың өзегі саналады. Осы тұрғыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасының шапағатымен біздің ауданда көптеген жұмыссыз азаматтар еңбекке тартылып, өздерінің отбасылық бюджетін толықтырудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізіп отырғанын мысалға келтіруге болады. 

Аталған бағдарламаның үш бағыты да ауылдағы жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға және аз қамтылған отбасы мүшелеріне арналған болатын. Кейінгі өзгеріс бойынша оған еңбекке қабілетті мүгедек жандар да қатыса алады. Бұл жөнінде аудан тұрғындары арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осындай жан-жақты жүргізілген ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде жұмыспен қамту саласында аудан бойынша былтыр ресми түрде 52 жұмыссыз тіркелген, жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрады. Жалпы, жыл басынан жұмыссыз ретінде тіркелуге 2840 азамат өтініш білдірген. Әлеуметтік қорғау шараларымен 3004 адам қамтылды, оның 2371-і тұрақты жұмыс орындарына, 119-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 66 жас маман «Жастар тәжірибесіне» жолданып, 150-і кадрларды қайта даярлаудың кәсіби курстарына, 249 адам қоғамдық ақылы жұмыстарға жіберілді. Жоспар бойынша өткен жылы 1478 жаңа жұмыс орындарын ашу белгіленген болса, нақты 1691 жұмыс орындары ашылды. Жыл бойы аудан орталығында төрт мәрте еңбек және бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Барлығы 376 бос жұмыс орындары ұсынылып, нәтижесінде 140 жұмыссыз тұрақты жұмысқа қабылданып, 13 адам қоғамдық ақылы жұмысқа, 3 жас маман «Жастар тәжірибесіне», 9 нысаналы топқа жататын жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды, 271 адамға жұмысқа орналасу бойынша кеңес берілді.
Мемлекеттік «Жұмыспен қамту–2020» жол картасының бірінші бағыты – елді мекендерді дамыту. Бұл бағыт бойынша ашылған жұмыс орындарына 50 пайыздан кем емес сол ауылдағы жұмыссыз азаматтар жіберілуі тиіс. Осыған былтыр біздің ауданға 53 миллион теңге бөлініп, Сарыбұлақ және Шарбақты ауылдарында Мәдениет үйлерін күрделі жөндеу, Кенен ауылындағы орталық саябақтың қоршауына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оларда ашылған 18 жаңа жұмыс орындарына жұмыссыздар есебінде тұрған 9 адам жіберілді. Екінші бағыты – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағыт шағын несие алып, жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруды көздейді. Оған ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар азаматтар да қатыса алуда. Осы бағыт бойынша 2012-2015 жылдары 325 азамат шағын несие алды. Оның ішінде 72 азамат өз ісін кеңейтуге несие алды. 253 азамат жеке кәсіпкер ретінде салық басқармасында тіркеліп, қосымша 196 жаңа жұмыс орны ашылды. Өз бизнесіңді дамытуға жетіспейтін инфрақұрылымдарды жүргізуге мүмкіндік беретін тармақ бойынша соңғы жылдары онға тарта шаруа қожалықтарының ең шалғайдағы қыстауларына шағын жел және күн электр стансалары орнатылған болатын. Ал өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуды несиелендіру бойынша 42 адамға 111 миллион теңге бөлу жоспарланған болса, бұрынғы несие алғандардан қайтарылған қаражат есебінен тағы 18 миллион теңге қосылып, барлығы 128 миллион теңге 49 адамға несиеге берілді. Былтыр олардың басым бөлігі бұл қаражатқа мал сатып алып ет пен сүт өндірумен айналысуда.
Үшінші бағыты – жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар мен аз қамтылған отбасы мүшелерін оқыту және олардың жұмысқа орналасуына көмектесу. Әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға өткен жылы 3 миллион 890 мың теңге қаралып, үш жұмыс берушімен жасалған келісімшарттар бойынша 28 азамат жұмыспен қамтылды. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген 29 жасқа дейінгі жұмыссыздарды жұмыспен қамту мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен отыз маманға бөлінген 5 миллион 350 мың теңге толық игерілді. Кәсіптік оқу бойынша оқуларын аяқтап келген 55 адамның 49-ы тұрақты жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижелері ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға сеп болуда.
Кешенді жоспарға сәйкес, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 415 азамат қамтылған болса, сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында – 18, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы арқылы 2571 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылғанын да айта кету керек. Ауданда аз қамтылған отбасыларының саны – 40, кедейшілік деңгейі 0,1 пайызды, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамындағы еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 27,8 пайызды құрады. Былтыр барлығы 53 отбасына 6850 мың теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 1835 отбасына 116 миллион 100 мың теңгеге 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы, 51 отбасына 1250 мың теңгеге тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалып төленді. «Өрлеу» қанат қақты жобасы бойынша 35886 мың теңге толығымен игерілді.
Дағдарысты жағдайға қарамастан, биыл да жұмыспен қамтудың жоғарыда аталған бағыттары бойынша мемлекеттен қыруар қаржы қарастырылып отыр. Атап айтқанда, елді мекендерді дамыту бойынша республикалық бюджеттен ауданға бөлінетін 472 миллион 600 мың теңгеге 23 нысанды жөндеу көзделіп, оған жұмыссыздар есебінен 84 адам жіберу ұйғарылды. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша республикалық бюджеттен 146 миллион 700 мың теңге, облыстық бюджеттен 170 миллион теңге бөлініп, барлығы 107 адамға шағын несие беру жоспарланған. Ал әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға барлығы 11 миллион 795 мың (оның ішінде облыстық бюджеттен – 6 миллион 319 мың) теңге бөлінді. Бұған 56 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, жас мамандарды «Жастар тәжірибесімен» қабылдау, жұмыссыздарды қайта даярлау курстарына жіберіп, біліктілігін арттыру да биыл жалғасын табатын болады. Сөйтіп, Елбасының бастамасымен қолға алынған серпінді жобалар қатарында халықты жұмыспен қамту да сан салалы жолдармен жүзеге асырылып, экономикалық белсенді тұрғындарды мейлінше көбірек еңбекке тарту биыл да басты назарда болады.

Бақыт Сахатов,

аудан әкімдігінің 
тұрғындарды жұмыспен 
қамту орталығының 
директоры.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support