- Advertisement -

Біздің президент ШЫН МӘНІНДЕГІ ҰЛЫ АДАМ

138

- Advertisement -

Өмірдің көптеген өткелектерінен өткен қарт үшін бәрі көз алдында тұрғандай көрінетіні анық. Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов «Адам ойында сөз емес, ой қалады. Ойға қонар ой қалай айтсаң да өлмейді» деп айтқандай, бүгінгі ұрпаққа, жас өскінге көргенімді, білгенімді, сезінгенімді айту – ақсақалдық парызым. Әрине, өмір, қоғам жөнінде бірдеңе айту үшін біз сияқты ашаршылықты, соғыс салған лаңды көруді бүгінгі ұрпақтың басына сала көрмесін. Көшеге көп шыға бермейміз. Бірақ, газет-журнал оқимыз, теледидар көреміз. Жаңалықтарды солар арқылы біліп отырамыз. Ардагер ретінде анда-санда жиынға қатысамыз.
Түнеугүні қалада өткен бір жиынға қатыстым. Жасы алпыс-жетпісті алқымдаған бір бауырым, даусын көтере сөйлеп, дау шығарып отырды. Іштей құптамадым. Үлкенді тыңдап, кішіні сыйлап, сөзге, ақылға тоқтаған халық едік, не болып кеткен өмір өзі деген ойға қалдым. Қазір аузы көпіріп өкіметті сынап, өзі білгіш, данышпан көрінетіндер көбейіпті. Айтсын-айтпасын демейсің. Айналайын демократияның бұл да бір «жемісі» шығар.
Біздің кезімізде де сын айтушылар кезде­сетін. Бірақ ол жұмысты түзетуге, адамды тәрбие­леуге көмектесетін сын еді. Дереу қаперге алынып, барлығымыз жабылып, кемші­лікті түзеуге кірісіп кететінбіз.
Бетін әрмен етсін, өткен ғасырдың 30-40 – жылдарындағы «халық жауларын» «тауып», талқандаудағы белсенділердің бетсіздігі тұтас ұлттың түбіне жете жаздады.
Асыра сөйлеу, артық сөз айту қай уақытта да қауіпті. Бір данышпан айтқан екен: «Адамға ең керегі – сабыр мен ақыл», – деп.
Білген адамға Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, ең басты стратегияны – тұрақтылық деп, ұлт пен ұлысты ұдайы татулыққа шақыруы даналық емес пе?
Біз, аға ұрпақ өкілдері, жоқшылықты көп көріп өстік. Қазақстан – тең құқылы он бес республиканың бірі делінгенімен, ол уақытта ұлттық мүддемізді қорғап, сөйлей алмадық. Тоталитарлық режім сәл бас көтергендердің «тілін» қырқып отырды.
Бір мысал айтайын. 1961 жылы Қазақ тау-кен, металлургия институтында оқып жүрдім. Жатақхананың бір бөлмесінде 4 студент жатамыз. Үш қазақ, бір ұйғыр. Күзге салым уақыт па екен, әлгі ұйғырымыз бізге: «Ағаларың республика­ның басшысы болды, құттықтайсыздар ма?» – деді. Біз әуелгіде түсінбей аңтарылып қалдық. Сөйтсек, Исмаил Юсупов деген Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Қазақстанның партия ұйымын басқаруға сайланған Пленум өтіпті.
Күнде бірге тамақ ішіп, сабаққа бірге барып, бірге сырласып жүрген ұйғыр бауырымыздың бір сәтте-ақ өзгергеніне аң-таңбыз. Табан астында ұлтшылдығы оянып, достығымызды сатып жіберді.
Сол Юсупов пен Кеңес өкіметінің басшысы Никита Сергеевич Хрущев екеуі аз уақыт ішінде дүниені төңкере жаздаған жоқ па? «Халықтар достығы» деген желеумен Қазақстанның оңтүстігіндегі өлкенің үш ауданын халқымен, жерімен бір түнде Өзбек республикасына қосты да жіберді. Ол аздай, Маңғыстау Түрікменстанға, солтүстіктегі бес облыс Ресейге өтіп кете жаздады. «Мұныңыз дұрыс емес, мен Біріккен Ұлттар Ұйымына шығамын» деген Үкімет басшысы А.Тәшенов қызметінен қуылды.
Шовинистердің айла-шарғысы жүзеге аспай қалды. Жыртық үйдің Құдайы бар екен. Хрущев тақтан тайып, Юсуповы қызметінен қоса кетіп, билікке қайта келген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мәмілегерлігінің арқасында, КОКП Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің қолдауымен өзбек жеріне өтіп кеткен үш ауданның жері (толық емес әрине) кері қайтарылды.
Содан кейін де солтүстіктегі көршілеріміз бес облысқа көздерін тігуін қоймады. Ол, әсіресе, Солженицын деген данышпансымақтың «Біз Ресейді қайтып көркейтеміз» деген мақаласында көрініс тапты. КСРО-ның алғашқы әм соңғы Президенті Михаил Сергеевич Горбачевтің де пиғылы дұрыс емес еді.
Міне, сол қиын-қыстау сәтте Тәуелсіз еліміз­дің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәмілегерлік, сарабдалдық танытып, Ресей басшылығымен тіл табысып, ұзына бойы 3,5 мың шақырым шекараны шегендеп, көптің көңілін күпті етіп жүрген сауалға бір жолата нүкте қойды. Бұл – Қазақ тарихына алтын әріппен жазылған жеңіс.
Қай мәселені де ақылмен, мәмілегерлікпен шешуге бейім Елбасымыз жан-жақты ойластыра келіп Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткенді жөн көрді. Оның да ар жағында кемеңгерлік жатыр. Тіпті, мемлекеттігіміз туралы әңгімені арғы ғұн, сақ, түркі не болмаса Алтын Орда дәуірінен бастасақ, біз қайда қалдық дейтін даукестердің табылатынын ескерді деп ойлаймын.
Сондықтан, «Елбасы неге өйтпеді, неге бүйтпеді» деген «сәуегейлермен» келіспеймін. Ұрда-жық саясат елдерге қасірет, соғыс қана әкеледі. Соны түсінбейді әлгі «білгіштер».
Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлын 1993 жылы Алматыда инженерлердің республикалық жиынында көрдім. Сол жиында ол қысқа әрі нұсқа сөйлеп, барлығымызды тәнті етті. Өзінің кенші екенін, сол себепті бұл мамандықты өте қадірлейтінін айта келе, қазақ кеншілерінің әлемде әлі-ақ биіктен өзін көрсетіп, ойып тұрып орын алатынын айтып, бізді қанаттандырды. Үзілісте төралқадан төмен түсіп, бізбен әңгіме-дүкен құрды.
Сондай-ақ, Президентіміздің қарапайымдылығына сүйсініп қайттық.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарып жүргенінде де Қаратау, Жаңатасқа іссапармен келіп, көшпелі кеңес өткізіп, қордаланған мәселелердің оң шешім табуына көмектесіп жүрді.
Өзіміз тәрбиелеп өсірген Тілеухан Оспанбеков деген азамат «Ақбақай» кен орнына бас директорға тағайындалуға келісімін алу үшін Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүргенде қабылдауына барғанда: «Сенің нағыз жұмыс істейтін кезің. Жан-жағыңа қарама. Еліңе адал қызмет ет» деген екен.
Оспанбеков те Елбасының сенімін ақтап, Ақбақайдың атағын әлемге паш етті.
Қорыта айтарым, сын айтудан бұрын өзің тәуелсіз Қазақстанға, еліме не бердім, не тындырдым, деп ойланып алғаның дұрыс. Шалқайып жатып, ауызға келгенді айтып өмір сүретін заман емес. Жұдырықтай жұмылып, Елбасының маңына топтасып, Қазақстанды қайтсек көркейтеміз деп өмір сүрсек қана Мәңгілік Ел құра аламыз. Менің ақсақалдық ақылым осы.

Жандарбек Қаленов,
ардагер кенші, Талас ауданының Құрметті азаматы.

Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support