Үздік студенттер балы

Үздік студенттер балы
ашық дереккөз
Үздік студенттер балы

ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облысымыздың үздік студенттерін марапаттауға арналған III облыстық «Студенттік балл – 2015» салтанатты кеші ұйымдастырылды. Студент жастарды патриоттыққа, шығармашылыққа баулу, эстетикалық дүниетанымын, өрісін кеңейту мен ұжымдық мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара «Севинч» мейрамханасында өтті. 

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен кешке түрлі салада жетістікке жетіп, білім ордаларының мерейін тасытып жүрген өңірдегі 300-ге жуық жоғары және орта арнаулы оқу орнының студенттері қатысты. Салтанатты кештің шымылдығы студенттердің классикалық биімен ашылды. Сұңғақ бойлы бозбалалар мен сұлу бойжеткендер оркестрден тамылжыта төгілген әуенмен залға енгенде, әсем әуеннің ырғағында дөңгелене вальс билегенде жастарға қарап қызықпаған, музыкаға елтімеген жан қалмады. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов арнайы қатысып, сөз сөйледі. Елімізде студенттердің сапалы білім алуымен қатар, шығармашылық бағытта жан-жақты дамуына мүмкіндіктер жасалғанын атап өткен Ерқанат Нұрбапаұлы үздік студенттерді марапаттады. Ән менен жыр төгілген студенттер балында түрлі салада жеткен жастардың жетістіктері зерделеніп, 50-ге жуық студент арнайы облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының Алғыс хаттарымен, «Ең үздік белсенді студент», «Ең үздік жас блогер», «Ең үздік жас ерікті», «Жас спорт саңлағы – 2015», «Жас талант – 2015», «Жас дарын – 2015», «Жас ғалым – 2015» номинациялары бойынша марапатталды.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар