- Advertisement -

Мемлекетіміздің қуатын таныттық

81

- Advertisement -

Айжан Туғанова,
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары, Патриоттар форумының қатысушысы.

Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» атты республикалық патриоттар форумына қатысып, ерекше әсермен оралдым. Қазақ хандығының – 550, Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойлары кезінде ұйымдастырылған бұл жиынның мәні мен маңызы кім үшін де ерекше болды деп ойлаймын. Бірлік пен ынтымақты басты ұстаным етіп, ел тұтастығын сақтауды мақсат еткен жиынның берері мол. Ел мерейін асырып, келешегі үшін қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, қошемет білдірілді. Мемлекетіміздің әр өңірінен келген екі мыңға жуық делегаттың алдында экономикамыздың күретамыры болып саналатын жол құрылысын жүргізу, ұлан-байтақ атырабымызда жол салу мәселесі тақырыбында сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе болды.
Елбасының форумға қатысушы-ларды құттықтау хатында: «Бұл халқымыздың бірлігі мен келісімінің бірегей дәстүрін, туған жеріміз – Ұлы Дала еліне деген ерекше сүйіспеншілікті паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгілік Ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға қызмет ететініне сенемін» делінген еді.
Елімізде қолға алынып, жүзеге асып жатқан барлық жұмыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институционалдық реформасының аясында атқарылуда. Бүгінде біз «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс» жобасын жүзеге асыру үстіндеміз. Жоба аясында барлық халықаралық стандарттарға сай республикалық мәндегі жолдар салынып, ел әлеуеті біршама арта түспек. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикада мыңдаған шақырым жолдар салынды. Келешек ұрпаққа аманат болып қалатын бұл жолдарды болашаққа салынған жол деп қабылдауымыз керек. Өйткені, ол бізге ғана емес, сонымен қатар, болашақ ұрпаққа да қызмет ететін болады. Бұл біздің «Мәңгілік Елге» қосқан үлесіміз. Жолдар – бұл мыңдаған жұмыс орындары, яғни, халықтың бақуаттылығы.
Халықаралық мәні бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысы қолға алына бастаған алғашқы жылдары, жасыратыны жоқ, халық арасында біршама сенімсіздік пен «Бұл қалай болар екен?» деген алаңдаушылық болған еді. Енді, міне, көзді ашып-жұмғанша сапалы жолмен мыңдаған көлік жүйткіп жүр. Біз осылайша өз халқымыздың күдігін сейілте отырып, өзге елге мемлекетіміздің қуаты мен қауқарын таныттық. Еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болатынына бүгінде ешкімде титтей де күмән жоқ. Патриоттар форумында «Мәңгілік Ел» болуға бағыт алған Ұлы Дала елінің әрбір азаматы өз Отанының нағыз патриоты екенін, мемлекеттің дамуы жолында аянбай еңбек ететінін асқан мақтанышпен жеткізіп жатты. Ендеше, Елбасының халыққа артқан сенімін елі ақтайды деп сенеміз.
Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support