Ұлы Дала елінің патриоттары

Ұлы Дала елінің патриоттары
ашық дереккөз
Ұлы Дала елінің патриоттары

IMG_3872«Мәңгілік ел» – ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырар рухани күш. Астанада бас қосқан тәуелсіз елдің белсенді әрі отансүйгіш ұландары қоғамға осылайша ұран тастады. «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» атты республикалық патриоттар форумына барлық аймақтан 2 мыңнан астам делегат қатысты. Олар түрлі салада жүрген үздік дәрігерлер, әскерилер, өнеркәсіп жұмысшылары, ғалымдар, жас көшбасшылар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, спортшылар, талантты актерлер және мәдениет майталмандары.

«Қазақстан» орталық концерт залы осындай рухы биік жандарға толы болды. 2007 жылдан бері аталмыш форум жылдың айтулы оқиғалары аясында Қазақстанның түрлі қалаларында өткізіліп келеді. Ал биылғы басқосу Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналды. 

Форумның маңызын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арнайы хат жолдауынан байқауға болады. Хатты Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып бердi. «Бүгiнгi форум ерекше. Бұл халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмiнiң бiрегей дәстүрiн, туған жерiмiз – Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгiлiк Ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет ететiнiне сенемiн» делiнген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында. Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз сөйлеп, Қазақстанда «Мәңгілік Ел» телеарнасын құруды ұсынды. ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов өз сөзінде: «Жыл сайынғы өткізілетін патриоттар форумы дәстүрге айналды. Бүгінгі форумның алатын орны ерекше. Өйткені, ол ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтілген Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында өтуде. Бұл мерейтойлардың негізінде біздің ортақ жеңісімізді қамтамасыз еткен Қазақстан халқының бірлігі жатыр. Елбасы тапсырмасын орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің әр өңірінде «Менің Елім – Мәңгілік Ел» атты ауқымды акциясын өткізді. «Мәңгілік Ел» идеясын қолдауда 10000-нан астам ұсыныстар мен үндеулер жиналды», – деді. Жиынға қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің қатысуы жастарды жігерлендіріп, патриоттық рухтарын бір көтеріп тастады. «Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл – өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Мiне, осы – нағыз патриоттық iс. Мен жастарды елiмiздiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақырамын. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын!» деген Айдын Айымбетовке жиналғандар ерекше ілтипат танытып, қошеметін ұзақ соғылған шапалақпен білдірді. Актер Нұрлан Әлімжанов «Бүгінгі таңда кино өнері – ең басты тәрбие құралдарының бірі. Елбасының қолдауымен бүгінде қазақ киносы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. «Қазақфильм» киностудиясы түбегейлі жаңғыртылып, заманауи техникалармен жарақталды. Қазір киногерлеріміз жылына 100 фильмге дейін шығара алады. Әңгіме – санда емес, сапада. Енді біздің алдымыздағы жауапты міндет – Мәңгілік Елдің құндылықтарын ұлықтайтын сапалы туындылар жасау. Халықтың патриоттық рухын көтеріп, Отанымызды сүюге, ел үшін еңбек етуге үндеу! Біз оны жан-жүрегімізбен сезінеміз», – деді. Айта кету керек, форумға біздің облысымыздан 6 делегат барды. Олардың қатарында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова да бар. Мінберге көтерілген ол өзінің сөзінде мемлекетіміз тарапынан ұрпаққа сапалы білім беру ісіне жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп келе жатқанына көңіл аударды. «Елбасы «Мәңгілік Елдің ең басты сипаттарының бірі – ғылым мен білім» деген болатын. Елімізде 2 миллион 600 мың оқушы бар. Тек биылдың өзінде 340 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл – Тәуелсіздік тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Біз кеше ғана ел болып «Ұстаздар күнін» атап өттік. Шәкіртіне білім нәрін себетін 340 мың қазақстандық ұстазды кәсіби мерекелерімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Білімді ұрпақ – Мәңгілік Елдің болашағы. Мәңгілік Ел болу дегеніміз – бәсекеге қабілетті, зияткер ұлт болу. Зиялы ұрпақ тәрбиелеу – менің, мен сияқты барша ұстаздардың борышы. Ал жас ұрпақтың борышы – білімді азамат атанып, ұлы Абай айтқандай, «Мәңгілік Елдің кірпіші болып қалану». Сол себепті, біздің жасампаз еңбегіміздің бәрі де «Мәңгілік Ел» үшін!», – деп түйді ректор. Сонымен қатар, форумда «Болашақ» бағдарламасы түлектері қауымдастығының мүшесі Қ.Төлеушин, мұнай-газ саласының өкілі Ф.Мамонов, «MIMIORIKI» компаниясының директоры И.Апенко, қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілінің авторлары С.Махов, Е.Шворнев, С.Закора, химия пәнінің мұғалімі, көптеген шәкірттері халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған А.Ордабаев, режиссер А.Ибраев, жас әскерилер Е.Базаров, А.Байтемірова және А.Қайырбеков сынды азаматтар елжандылық хақында өздерінің ойлы тұжырымдарын, жалынды сөздерін арнады. Әсіресе, қатерлі ісік ауруларын зерттеулерге 2 миллион АҚШ долларын бөлген қазақстандық бағдарламашы А.Мырзабаевтың сөздерінен зал сілтідей тынды. Ауыр дертке ұшырағандарға көмектесуді бала кезінен өмірлік мақсаты еткен ол университеттің үшінші курсында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына «Тwitter» компаниясына тәжірибелік жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Онда ол керемет білімді жігіттермен танысып, олардан түрлі жобалар жасауды үйренген. Кейін Асхаттың жобасын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі «Microsoft» сатып алады. Ірі қаржы компанияларының тәжірибесін алған бағдарламашы: «Менің жасым қазір жиырма бесте. АҚШ-та қызмет еткен кезімде мен жұмыстан тәжірибе алып қана қоймай, бір маңызды нәрсені ұқтым: ұлы нәрсені өмірге әкелу үшін ауқымды ойлау керек, өзіңе терең сұрақтар қоюың керек екен. Өмірдің мәні не? Қандай із қалдыра аламын? Адамзатқа не беремін? Өзіме ол сауалдардың жауабын таптым. Мен ғылымның дамуын қолдағым келеді. Сол үшін де мен қатерлі ісік пен онкологияны зерттеуге 2 миллион доллар бөлуді шешкен едім», – деді. Бұл форум жас буынның осындай нақты іспен айналысқандардың сөзін өз аузынан естуімен құнды. Кездесуден талай жас үйіне өмірге көзқарасы өзгеріп, еліне деген махаббаты еселеніп оралғаны сөзсіз. Ал ақын Маралтай Райымбекұлының «Мәңгілік Ел» атты рухты жыры көпшіліктің жүрегін бір тулатып тастады. «Мәңгілік Ел – арманымның асқары, Мәңгілік Ел – бағытымның бастауы. Мәңгілік Ел – тарихымның дастаны, Мәңгілік Ел – нұрлы жолға бастады. Мәңгілік Ел – менің аппақ мұратым Болашаққа нұрын шашып тұратын. Мәңгілік ел – нұрлы жолы қазақтың Бар әлемге мойындатар қуатын…» деп жырлаған ақынға залдағы жас патриоттардың нөпірлі шапалағы қошеметтің белгісі болды. Сонымен қатар, форум жұмысы барысында «Бір ел – бір отбасы» атты жобаның басталғанының хабарлануы да көпшіліктің көңілінен шықты. Мұны түсіндіре кетер болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институттық реформасының аясында іске асырылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы қолға алынбақ. Бұл жоба аясында патриоттық тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын ілгері бастыруға бағытталған кең ауқымды акциялар мен әлеуметтік шаралар өткізу көзделуде. Патриоттар форумы бүкіл қатысушылардың қосылып орындауындағы «Атамекен» әнімен мәресіне жетіп, әдемі қорытындыланды. Осынау форумға қатыса отырып, туған Отанның келешегі нұрлы екеніне тағы бір рет көз жеткіздік.

Наурызбек САРША,

«Ақ жол».

Тараз – Астана – Тараз.

Ұқсас жаңалықтар