- Advertisement -

Азаматтың ақ пейілі

153

- Advertisement -

9Ел мен жерге қызмет етуде адалдығынан таймай, кісілікті кие тұтқан азаматтардың бірегейі Кеңесхан Ахаев десек қателеспеспіз. Қасиетті Таласта кіндік қаны тамып, осында ер жетіп есейген ол жасынан еңбегімен елге танылды. Арман қуған албырт жас 1962 жылы Жамбыл технологиялық институтын инженер-технолог мамандығына оқуға түсіп, бес жылдан соң инженер-технолог маманы ретінде Жамбыл хром зауытында еңбек жолын бастайды.  Ол жылдары жеңіл өнеркәсіптің Жамбыл жеріне шоғырланып, еңбектің қайнап тұрған кезі. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы дамып, одан алынатын шикізат жүн, тері облыс орталығындағы ірі жүн өңдеу, тері өңдеу комбинаттарына қабылданып, қайта өңдеуден өтетін. Қатар жатқан облыстарда мал өнімін осында өткізетін. Соның арқасында Жамбыл жері осы саладағы ұстаханаға айналды. Жас маман Кеңесхан хром зауытында осы бейнетпен бетпе-бет келді. Жалпы, қай мамандық болмасын, сонау алғашқы кезеңде оның қиындығын көріп, жақсы білікті мамандардың сүзгісінен өткен жас кейін білгір маман болатындығы даусыз. Осы ретте Кеңесханның жолы болады. Байырғы зауытта көп жылдар бойы тер төгіп, бай тәжірибе жинақтаған білікті мамандардың ортасына түскен ол көп ұзамай еңбексүйгіштік қасиетімен назарға ілігеді.  Осында тәжірибе жинақтаған алғыр жасты көп ұзамай сала басшылары Қаратау өнеркәсіп комбинатына ауысым бастығы қызметіне жібереді. Одан әрі цех бастығы, араға үш жыл салып комбинаттың  тізгінін ұстады.  «Жас келсе іске» деген осы. Білімді, қатардағы маманнан директорлық қызметке дейінгі аралықтағы қызмет жолдарынан өткен білікті маманға енді не 11тұрыс?! Өзі басқарып отырған комбинаттың керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктету үшін ізденді. Ізденгенде де талабы таудай жасты мұның дұрыс екен деп қолдай салмады. Сан түрлі кедергі, өз дегеніңді дәлелдеу үшін сан есіктің есігін ашты. Бюрократиялық жүйенің өз дегені бар. Ол кедергіден өту үшін салмақты ой, білікті тұжырым, мықты жүйке керек еді. Осы талаптардан сүрінбей өткен К.Ахаевтың алдағы жолы ашық болды. 1970-1984 жылдар аралығында «Прогресс» фабрикасының  директоры қызметін атқарды.
Осы жылдары Қаратауда тігілген қара тонның аты алысқа шықты. Сапалы, қандай суықты болмасын өткізбейтін қара тонның қасиетін айтып жеткізе алмайтын. Одақтың дүркіреп тұрған кезі. Қаратаудың қара тоны Ресейдің теріскей облыстарына, тіпті сақылдаған сары аязды Сібір аймағына дейін жетті. Оған деген сұраныс мол болды. Таластың бойын ен жайлаған қара құрым қойдың жүні мен терісі іске асты. Қазіргідей жүннің түкке керексіз болып қалғанындай емес, мая-мая жүнді мемлекет сатып алып, қажетіне жаратты.
Осында елтіріден киім тігу де іске асты. Қыстық киімнің жағасы, бас киім елтіріден тігілді. Сұр түсті, көк түсті елтіріден тігілген бас киімдер одақтың түкпір-түкпіріне тарап жатты. Сонау қиырдағы Қаратауда орын тепкен елеусіз комбинаттың аты осылай алысқа шықты. Іскерлігімен көзге түскен жас маманды 1984 жылы еліміздің Жеңіл өнеркәсіп министрлігі  Алматыға шақырады. Алматыда ол Қазақ өнеркәсіп комбинатының директоры болады. Осы саланың ірі ұйымдастырушысы, білгір басшы ретінде танылған ол сол қызметте жүргенде Д.А.Қонаевтың қабылдауында бірнеше рет болып, ол кісінің қолдауына ие болады. Бір өкініштісі, бұл КСРО-ның ең соңғы басшысы М.Горбачевтың қайта құру дейтінді желеу қылып, ел экономикасын астан-кестен етіп жатқан кезең болатын. Бұл қызметте 1985-1987 жылдары аралығында болған К.Ахаевқа бар мүмкіншілігін танытуға мұрша болмады. Күннен-күнге құлдырап бара жатқан экономикалық байланыстар бұл саланы да шарпыды. Қысқа қол құлаш сермеуге келмеді. О бастан шикізат көзі болып табылатын Қазақстан үшін ауыр экономикалық жағдайларды бастан кешуге тура келді.  Экономикасы тұралаған бұрынғы Одақ құрамындағы республикалар өз басымен қайғы болды.
К.Ахаев кейіннен Қазақ ССР Тұрмыстық қызмет көрсету министрлігін басқарады. Осы салада жинақтаған бай тәжірибесі ел кәдесіне жарады. Ел экономикасының артуына өзіндік үлес қосты. Оны осы сала мамандары жетік біледі.
Тәуелсіздігін алған Қазақстан жаңа қарқынмен даму жолына түсті.   Ел мен жердің көкейкесті мұратын іске асыру үшін Кеңесхан Ақаев та бар ынта-жігерін салып еңбек етуде. Осы саладағы іргелі кәсіпорынның бірі «Қордай былғары комбинатын» қолға алып, жұмысын жандандырды. Кезінде Қордай ауданы сынды ірі ауданның бюджетінің жартысын беріп келген бұл комбинат тоқырау жылдары жұмысын тоқтатқан болатын. Қаңырап ғимараты ғана қалған комбинатты қайта жүргізу оңайға соқпады. Бүгінгі таңда «Ырыс-Бақыт» болып қайта құрылған бұл кәсіпорынның  жұмысы аса ауқымды. Бүгінде мұнда 100-ден астам адам тері өңдеу, былғары киімдерін тігу, аяқ киім, ат әбзелдерін жасау, киіз басу өндірісімен айналысады. Өндіріс көлемі жылма-жыл арта түсуде. Бұл сөз жоқ, комбинаттың даму жолына түскендігінің белгісіндей.  Егер 2012 жылы 101 миллион теңгенің өнімі шығарылса, былтыр бұл көрсеткіш 435 миллион теңгеден асты. Кәсіпорын жылына 500 мың қой терісін, 300 мың ірі қара терісін өңдеуге қабілетті. Жұмысшылардың орташа жалақысы 50 мың теңгеден айналады.
– Қиындықтар әлі де бар. Шикізат сатып алуға қаржы жетіспеуінен өндіріс көлемін арттыра алмай отырмыз, – дейді серіктестік жетекшісі Кеңесхан Ахаев. – Өнімді өткеруге өз еліміздің Қазақстан темір жолы, Қорғаныс министрлігі тәрізді ведомстволардың тапсырысымен-ақ қыруар көлемде жұмыс істей алар едік. Өнімдеріміздің басым бөлігі Ресейге кетіп жатыр.
Кәсіпорын осыған қоса үлкен сұраныстағы киіз үй жасауға да қабілетті. Бір кездері киіз үй шығаратын Талдықорғандағы Үштөбе фабрикасының жұмысын тоқтатуы киіз үй керек емес дегенді білдірмейді. Кең-байтақ еліміздің тамаша табиғат мүйістерінен демалыс орындарының ашылуы, туризмді дамыту бағыты бойынша киіз үй үлкен сұранысқа ие болатын күндер алыс емес. Мәселен, мұнда құрулы тұрған он қанатты киіз үйдің бағасы – 15 мың доллар. Есесіне, сүйегі қатты ағаштан жасалып, киізі сапалы басылған ол ұзақ уақытқа шыдас береді. Жуырда мұнда Алматыдан «Қазақфильм» киностудиясының мамандары келіп, тері мен былғарыдан, сүйектен қиюластырып жасалған ер-тоқым, қамшы, қалқан мен шоқпар тәрізді ұлттық бұйымдарға қызығушылық білдірген.
Иә, халқымызда «Еңбек етсең – емерсің» деген сөз бар. Қажырлы еңбегінің арқасында қиындықты сабырмен жеңген Кеңесхан аға бұл күнде 300-ге жуық азаматқа жалақы төлеп, кәсіпкерлік саланы дамытып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің Астана қаласында өтетін дәстүрлі «Алтын сапа» байқауында Жамбыл облысының атын шығарып, әлденеше рет жүлдегер атанды. Облыста өтетін ірі жиындарда жастарға ағалық ақылын айтып, кәсіпкерлікті дамытудың  жолдарын көрсетуден танған емес.  Өзі туып-өскен Саду Шәкіров атындағы ауылдың төрінен айшықты мешіт тұрғызып, ағайынға имандылық жолына түсудің үлгісін көрсетті.  Енді қасиетті Тараз қаласының төрінен «Әулиеата-Түргеш» мешітін тұрғызуды да қолға алды.
Еңбегімен, кісілігімен ел құрметіне бөленген Кеңесхан Ахаев Маржан жеңгемізбен 4 қыз, 3 ұлды мәпелеп өсіріп, өмір көшіне қосты. Олардан немере-шөбере сүйіп, алып бәйтерекке айналып, бақытты ғұмыр кешіп отырған жайы бар. Қашан да ел тілеуін тілеп, жақсылықтың жаршысы болып жүретін ағаның алар асуы әлі алда деп білеміз.

Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support